
Жасыл желек — жанға сая
Атырау қаласында «Таза Қазақстан» жобасы аясында қоршаған ортаны көгалдандыруға бағытталған «Бұл менің ағашым» акциясы өтті. Шараны Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Jana jastar» волонтерлік ұйымы ұйымдастырды.

-“Бұл менің ағашым” акциясының мақсаты — балалар үйінің ауласында жеміс ағаштарын егіп, жас буынға табиғатқа деген қамқорлықты, жауапкершілікті үйрету және ағаштарды күтіп-баптау арқылы еңбекке деген қызығушылықтарын ояту. Акция барысында жастар табиғатқа деген қамқорлық пен жауапкершілікті көрсетіп, қайырымдылық пен еңбекқорлыққа шақырды,-дейді Атырау қаласының Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Еркебұлан Мутигуллин.

Экологиялық бастамаға студенттер мен мектеп оқушылары белсене атсалысып, отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының ауласында 100 жеміс ағашын отырғызды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып, қаладағы жасыл желектің көбеюіне ықпал етпек.

Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ