Жастар тазалықты қолдайды
Атырау қаласының 382 жылдығына арналған шаралардың қатарында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы еріктілерінің ұйымдастыруымен «Таза қала- таза жағалау» акциясы өтті.
Халық арасында экологиялық таза аумақ саналатын Талқайраң ауылындағы Жайық өзенінің жағалауында өткен акцияға Атырау политехникалық колледжі, Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжі, «Болашақ» көпсалалы колледжі, Бизнес және құқық колледжінің студенттері және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары қатысты.
Акцияның мақсаты Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазартып, жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция ұйымдастырушыларының бірі Бекарыс Закарияның айтуынша, акция нәтижесінде 10 куб қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, бұған дейін бірнеше рет өткізілген «Таза қала – таза жағалау» акциясын алдағы уақытта да өткізу жоспарда екендігін айтады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ