Жарнама
Экология

Жайықтың жанайқайы: Депутат мәселе көтерді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов депутаттық сауал жолдады. Онда еліміздің батыс аймағына қатысты екі өткір мәселе қозғалған. Бірі – су тапшылығы, келесісі – табиғи ресурстардың сарқылуы.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткен XXI ғасырдың жаһандық 10 сын-қатері адамзаттың толғақты проблемасына айналып отыр. Статистикалық мәліметтер соңғы 60 жылда жер бетінде ауыз суды тұтыну 8 есе өскенін айғақтайды.  Демек «тіршілік көзі» азаюының ұзаққа созылуы – елді ауыз сумен жабдықтауда және Қазақстанның батыс облыстарының экономикасында күрделі жағдайдың орын алуына себеп. Айқын мысал – Жайық өзенінің асқан жылдамдықпен суалуы. Өзен тек тайызданып бара жатқан жоқ, кеуіп жатыр. Ақиқаты – сол. Сонда апат дегеніміз – осы. О Осыған байланысты Дүйсенбай Нұрбайұлы өз сауалында интернет-басылымда жазылған сөзді мысалға келтіріпті. Онда: «Биік мінбелерден апатты жағдай туралы мың мəрте айтуға болады, үкіметаралық комиссиялар мен жұмыс топтарын құрып, жылдар бойы отырыстарын өткізуге болады, бірақ мұның бəрі өзенді құтқара алмайды. Ол ақырын жойылуда» – делінген. 

  • Расында, батыс өлкесіндегі Жайықтың да, басқа шағын өзендердің де нақты ахуалы осындай. Атырау облысындағы шағын өзендер тобына кіретін Ойыл, Жем жəне Сағыз өзендерінің төменгі сағасы мүлде құрғап кетті. Ал, Ойыл өзені арнасының құрғауына байланысты тұщы судың жерасты көздері бітеліп, жарамсыз күйге түсті. Флора мен фауна да тозып, жайылымдық алқаптардың жойылып кету қаупі туындап отыр. Соның кесірінен Атырау облысындағы бірқатар аудандарда қиын жағдай орын алды. Мысалы, Қызылқоға ауданының 8 ауылдық округі су тапшылығына душар болды. Ауданды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған Тайсойған құм массивіндегі тұщы су көзі де таусылып бара жатыр. Егер дереу тиісті шаралар алынбаса, ауданның 18 мыңнан астам тұрғынын көшіру мəжбүрлігі туындауы ықтимал. Сондай-ақ, бұған дейін Жайық өзені «ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілерінің» санатына қосылмаған. Мұндай ұсынысқа құзырлы мемлекеттік органдар келісім беріп отыр жəне оған ешқандай қаржы жұмсаудың да қажеті жоқ. 

2 0 2 1 — 2 0 2 4 жылдарға арналған трансшекаралық Жайық өзенінің экожүйесін сақтау жəне қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы зерттеулер жүргізуді көздейді. Бір ғажабы, зерттеу жұмысы 2024 жылдың соңында аяқталады екен. Демек бұл құжаттың орындалу мерзімін де шапшаңдатқан жөн. Депутат вице-премьерден осыны сұрап, бағдарламада көрсетілген іс-шараларды жеткілікті əрі шұғыл қаржыландырып, жүзеге асырмайынша, Жайықты қалпына келтіру мүмкін еместігін атап көрсеткен. Егер депутаттың осы талабы орындалмаса, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасындағы іс-шаралар орындалмай қалуы əбден мүмкін. Депутат сауалында айтылған тағы бір проблема – Жем, Ойыл жəне Сағыз өзендеріндегі судың азаюына негізгі себептердің бірі жүйесіз жəне заңсыз салынған қорғау бөгеттері. Олардың көпшілігі су шаруашылығы нысаны ретінде ресми тіркелмеген. Бас прокуратураның нұсқамасы бойынша республика Экология министрлігі Ақтөбе облысындағы гидротехникалық нысандардың жағдайын тексерді. Сонда анықталған 57 түрлі нысанның 36-сы – иесіз жəне қорғау бөгеттері мен су қоймалары, сондай-ақ қараусыз қалған бұлақтар. Ал, жергілікті атқарушы органдар əлі күнге дейін осы проблемаларды шешу жөнінде жеткілікті шаралар қолданбаған.

Депутат Тұрғанов келтірген Министрліктің су ресурстары комитетінің деректеріне сəйкес, елдегі 6960 гидротехникалық құрылыстың республикалық меншікке тиесілісі – 5751, коммуналдық меншікте – 980, жекеменшікте – 229 болса, 10 нысан мүлдем иесіз. Республика бойынша 9 су қоймасы, 1 тоған, 11 бөгет, 10 су торабы жəне 2156 канал мүлде қанағаттанғысыз жағдайда немесе жөндеуді талап етеді. Бір аңғарғанымыз, бұлар жөнінде мемлекеттік органдарда істің нақты мəнжайы туралы ақпарат жоқ. Гидротехникалық құрылыс жайлардың іс жүзіндегі есебін ешкім жүргізбейді жəне мұны ретке келтіру үшін ешқандай шара қабылдамайды. Осылайша ушыққан мəселе халықтың наразылығын туғызып отыр. Жерасты суының артық қорын пайдалану, анықтау жəне растау, өздігінен ағатын ұңғымаларды жоюға келгенде де осындай проблема қалыптасқан. Қазір қазақ даласында 4286 су көзінің орнындағы 2 мыңнан астам апатты ұңғымадан су бақылаусыз далаға кетіп жатыр. Мысал келтірейік. 2022-2024 жылдарға арналған бюджет жобасын бағалау жөніндегі Есеп комитетінің қорытындысына сəйкес 2015 жылдан бастап, іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу функциясы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне берілген. Былтырға дейінгі іс-шараларды іске асыру мониторингін Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асырды. Енді содан бері іздестіру-барлауға қатысты ісшараларды жаңадан жасақталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына енгізбегендіктен, мемлекеттік органдар тарапынан бақылау мен үйлестіру жүзеге асырылмапты. Ақыры, сумен жабдықтау саласында мемлекеттік реттеу келісілген жоқ. Енді бұл мақсатқа қол жеткізуге қатысатын барлық мемлекеттік органдар (ЭГТРМ, ИИДМ, ҰЭМ, Еңбекмин жəне жергілікті атқарушы органдар) арасында орталықтандырылған үйлестіру, мониторинг, бақылау, ведомствоаралық өзара іс-қимыл жəне өкілеттіктерді бөлу болмауы əбден мүмкін. 

Сөйтіп, 7 жыл ішінде (2012- 2019жж.) іздестіру-барлау жұмыстары жəне жете барлау бойынша жоспар тиісінше 86% жəне 91%-ға ғана орындалды. Осының барлығын өз сауалында майын тамызып дəлелдеген Дүйсенбай Нұрбайұлы мемлекеттік органдар іс-əрекеттерінің мұндай сəйкессіздігі мен тиімсіздігі халық үшін де, жалпы ел экономикасы үшін де жойқын салдарларға алып келуі мүмкін екенін атап көрсетті. Сондықтан, іздестіру-барлау жұмыстары мəселелеріндегі іс-қимылдарды бақылау жəне үйлестіру жөніндегі мемлекеттік органды айқындау қажет. Мәжіліс депутаты жоғарыда айтылғандардың негізінде вице-премьер Роман Васильевич Склярға мынадай ұсыныстарын баса көрсетті: Жайық өзенін үкіметтің қаулысымен айқындалған ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының тізбесіне енгізу; Ж айық өзені бассейінің экожүйесін сақтау жəне қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығы бағдарламасын түзету жəне іске асыру процесін жеделдету; Сағыз, Ойыл жəне Жем шағын өзендерін сақтау жөніндегі іс-шаралар жоспарын əзірлеу; жергілікті органдарға Бас прокуратураның заңсыз салынған бөгеттерді жою жөніндегі нұсқамасын орындауды жəне бөгеттер мен су қоймаларын есепке алу мен салуды одан əрі ретке келтіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсыру; ірі жерасты су көздері бар Атырау облысындағы «Тайсойған» полигоны жерінің бір бөлігін мемлекет иелігінен алу жөнінде шаралар қабылдау; мемлекеттік органдар тарапынан іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу мəселелері бойынша тиісті үйлестіруді қамтамасыз ету жəне жұмыс істеп тұрған ұңғымаларды жөндеу жəне өздігінен ағатын ұңғымаларды жою бойынша шаралар қабылдау. 

Шынында, еліміздің батыс өңіріндегі су тапшылығы бір кезде көтерілген Арал теңізінің проблемасынан бір де кем емес. Халық пен депутаттың жанайқайы құзырлы құрылымдардың құлағына жете ме, жоқ па, жеткен күнде шешіле ме, жоқ па, ол жағы беймағлұм. Əйтсе де, анық жайт – судың да сұрауы болатыны!.. Біз осыған дейінгі ысыраптың зардабын енді тартып жатырмыз. 

Қуат Қосымбаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button