
Жайық тағдыры – маңызды мәселе
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Премьер-Министр Олжас Бектеновке Жайық өзеніне ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысаны мәртебесін беру жөніндегі төртінші мәрте депутаттық сауалын жолдады.
Бұл – бірнеше жыл бойы көтеріліп келе жатқан, стратегиялық және экологиялық тұрғыдан аса өзекті мәселе. Өзеннің қазіргі жағдайы күрделі: ол экологиялық тұрақтылығын жоғалтып барады. Бұған дейінгі депутаттық сауалдарға нақты шаралар қабылданбаған. Жайықтың бұл тізімге енгізілмеуі қоғам мен мамандар арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы мен сайлауалды бағдарламаларға қарамастан, мәселе шешімін таппай келеді.
Депутаттың осы бағыттағы сауалын оқырман назарына қаз-қалпында жеткізуді жөн көрдік.
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі О.Бектеновке
Бұл – менің бір мәселе бойынша осымен үшінші Премьер-Министрдің атына жолданып отырған төртінші депутаттық сауалым. Яғни бірнеше жыл бойы шешілмей келе жатқан мәселе – стратегиялық және экологиялық маңызы зор Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу жөнінде тағы да сауал жолдауға мәжбүр болып отырмын.
Жайық өзені – Еуропадағы ұзындығы бойынша үшінші орын алатын, Батыс Қазақстанның маңызды су артериясы екені мәлім. Өкінішке қарай, ол соңғы жылдары өзінің экологиялық тұрақтылығын күн санап жоғалтып келеді. Мәжіліс депутаттарының, соның ішінде менің алдыңғы сауалдарыма қарамастан, бүгінгі күнге дейін аталған өзенге ерекше мәртебе беру бойынша нақты қадамдар жасалған жоқ.
Мәселен, Қазақстан Республикасының Су кодексінің 20-бабына және Үкіметтің 2004 жылғы 21 қаңтардағы № 59 қаулысына сәйкес, ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізіміне Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан, Алакөл көлдері мен Ертіс өзені енгізілген. Алайда, Жайық өзені өзінің аса зор маңыздылығына қарамастан, бұл тізімге әлі күнге дейін енгізілмеген. Бұл мамандар мен өңір халқы тарапынан үлкен алаңдаушылық пен түсінбеушілік туғызып отыр.
Мемлекет басшысы 2022 жылдың өзінде Жайықтың экологиялық жағдайының нашарлауына ерекше назар аударып, оны сақтау және су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
Аталған мәселе Қазақстан-Ресей Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау жөніндегі Төртінші комиссия отырысында да көтерілген. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының 180-тармағында да белгіленген. Дегенмен, нақты іс-шаралар қабылданбады.
2023 жылғы мамыр айында жолдаған депутаттық сауалыма жауап ретінде Премьер-Министр гидрогеологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша бұл мәселе қайта қаралатынын мәлімдеген болатын. Қазір зерттеулер аяқталды, 51 миллион теңгеден астам мемлекеттік қаражат жұмсалды. Алайда мәселе әлі де шешімін тапқан жоқ.
Сонымен қатар, 2021-2024 жылдарға арналған Қазақстан-Ресей Жайық экожүйесін қалпына келтіру бағдарламасының мерзімі аяқталғанымен, жаңа бағдарлама әлі бекітілмеді. Бұл жағдай өңірдегі су қауіпсіздігі дағдарысының ушығуымен қатар келіп отыр.
Қазіргі таңда өзен суын бақылаусыз алу, өнеркәсіпте суды қайталама айналымға енгізу жүйесінің болмауы, су қоймаларының келісілмей салынуы, ластану деңгейінің артуы және экожүйенің бұзылуы секілді проблемалар етек алып, жұртшылықты алаңдатып отыр.
Бұл жағдай мемлекеттік деңгейде шұғыл әрі батыл әрекеттерді талап етеді. Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу – жай ғана формалды дүние емес.
Ол өзен алқабында шаруашылық қызметтің ерекше режимін енгізуге, ластанудан қорғау және бүлінген аумақтарды қалпына келтіруге, экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасында тұрақты тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік берер еді.
Осыған байланысты келесі шараларды қамтамасыз етуді ұсынамын:
1. Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізу туралы мәселені шұғыл түрде қайта қарап, тиісті шешім қабылдау. Бұл еліміздің батыс өңірінің экологиясы мен экономикасы үшін өте маңызды.
2. Жайық экожүйесін қалпына келтіру жөніндегі жаңа кешенді Қазақстан-Ресей бағдарламасын әзірлеп, бекіту. Онда нақты шаралар, іске асыру мерзімі мен қаржыландыру көздері қамтылуы тиіс.
3. Жайық өзені бойындағы ірі өнеркәсіктік кәсіпорындардың су пайдалануына мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Оларға суды қайталама пайдалану технологиясын ендіруді міндеттеген жөн.
4. Жайық өзені алабында келісілмеген жасанды су қоймасын салуға қатаң тыйым салу керек. Сонымен бірге өзендегі қазіргі қолданыстағы объектілерге тексеру жүргізу қажет.
Д.ТҰРҒАНОВ,
«АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі, депутат
Сурет: atr.kz