Жарнама
Экология

ЖАҺАНДЫҚ ЖЫЛЫНУ

 

Әлем сарапшыларының айтуынша, 2000-2010 жылдары ауаға тасталған улы газдың көлемі күрт өсіпті. Оның бер жағында, яғни, 2014 жылы оның атмосфераға жинақталуы рекордтық деңгейге жеткен. Демек, алдыңғы жылы ғана емес пе? Әйтсе де, соны байқадық па? Әрине, жоқ. Не жұтып жатқанымызды өзіміз де білмей, күнделікті күйбеңмен жүре бердік.

Қазір әр күні дерлік жұмыр жердің бетінде тосын оқиға орын алады. Мәселен, Ұлыбританияның солтүстік-батысында болған су тасқыны екі мыңнан аса үйдің тас-талқанын шығарды. Одан Шотландияның оңтүстігі де зардап шекті. Келесі кезек кімдікі? Жалпы, мұндай құбылыстың себебі не?

Экологтар мұны мұздақтардың еруімен және Әлемдік мұхит деңгейінің көтерілуімен түсіндіреді. Ал, бұл неліктен орын алуда? Гренландия мен Антарктиданың мұз қалқандарының көбесі неге сөгілуде? Мұның бір ғана жауабы бар, ол – жаһандық жылыну. Біріккен Ұлттар Ұйымының үкіметаралық сарапшылар тобы 2100 жылға дейінгі жер бетіндегі температураның өзгеруіне болжам жасап көрген. Бұл ретте халықаралық қоғамдастықтың ауаға көмірсутегін шығаруды азайту жөніндегі уағдаластығы есепке алынды. Мүмкін, адамдар өзі отырған бұтақты кесіп жатқандығын аңғарып, одан арғы әрекетіне тоқтам салар.

Әйтсе де, нәтиже көңілдегідей емес. Адамзат өркениеттің қазіргі жеткен жетістігінен бас тартуға асықпайды. Тіпті, мүлдем қол үзбеуі ықтимал. Бұрынғыдай май шамды тұтынбайды, тоқал пешпен жылынбайды. Бәріне электр мен жылу энергиясы қажет. Сұраныс жыл санап артуда. Демек, энергетикалық қуаттарды еселеп арттыруға тура келеді. Соның салдарынан олардан ауаға тарайтын улы газ да көбеймек. Міне, сөйтіп, атмосфера еркінен тыс шапшаң жылынуда. Рас, ғалымдар жаһандық жылыну араға жүздеген жылдар салып оралатын қалыпты табиғи құбылыс екендігін де айтады. Әйтсе де, соның өзінде табиғатқа кісі қолымен жасалып жатқан қиянат қомақты. Тіпті, қайта айналып соғады дегеннің өзінде де адам араласқан шығар-ау.

Жаһандық жылынуға байланысты дүние жүзі ғалымдары денені түршіктіретін болжамдар айтады. Мәселен, ғасыр соңында Әлемдік мұхит деңгейі бір метрге көтерілуі ықтимал. Бұл, әрине, орасан зор тасқынға соқтырады. Соның салдарынан Амстердам мен Шанхайдың, тіпті Лондонның көшелерін су басады. Басқа қалалардың да аман қалуына ешкім кепілдік бермейді. Өйткені, шағын аралдарда орналасқан шаһарлардың мүлдем жойылуы мүмкін. Әйтпесе, олардың тұрғындарына қорғаныш қабырғаларын тұрғызуға немесе үдере көшіп кетуге тура келеді.

Жаһандық жылыну су тасқынын ғана емес, құрғақшылықты да туғызады. Қалайша? Аса жоғары ыстық айналаны әбден құрғатып тастамай ма? Төңірек түгел өртеніп, өсімдіктер отқа оранады. Шабындық пен жайылымдық жерлер құртылады. Төрт түлікке азық таптырмайды. Ауыз су тапшылығы өткір сезіледі. Ашаршылыққа ұшыраған елдердің миллиондаған тұрғыны туған жерін тастап, өзге мекенге қоныс аударады. Соның салдарынан адамдардың тығыздығы пайда болады, сөйтіп саяси ахуал асқынады. Ақырында, қантөгіс соғыс қанат жаяды. Міне, адамзат ақылға келмесе, дүниені осындай дүрбелең жайлайды. Жалпы, жер бетіндегі температураның төрт градусқа ғана көтерілуі орасан зор экологиялық апатқа соқтырады. Әрбір төртінші тірлік иесі опат болады.

Ал, барлық мемлекет басшылары табалдырықта тұрған қатерді сергек сезіне білсе ше? Сөйтіп, күш біріктіріп, қауіптің бетін қайтарса қайтеді? Соның нәтижесінде жер бетіндегі орташа температураның көтерілуін екі градустан асырмаса ше? Әлем мамандары сонда ғана тіршілік тінін сақтап қалуға болатындығын айтады. Міне, адамзат ақылы дегенде осы ойға оралады.

Келер жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі баршаны табиғатқа аса салмақ салмайтын энергетикалық қуаттарды тұтынуға шақырады. Кім келіспейді? Әрине, бәрі құптайды. Оның үстіне, күн батареясы мен жел генераторы тәрізді баламалы энергетикалық қуаттар кеңінен қолданыла бастады. Бұлардың тиімділігі де дәлелденген. Көп шығын жұмсамай-ақ қажетті энергияны алуға болады. Табиғаттың өзі ұсынып отырған осындай сыйды Атырауда да пайдалануға мүмкіндік мол. Жергілікті атқарушы билік бұл бағытта бірқатар шараларды жүзеге асырып та үлгерді. Аймақ басшылары шетелдік инвесторларды да осы бағытта бірлесіп жұмыс жасауға шақыруда.

Жаһандық жылыну қаупін сейілту үшін әлем ғалымдары 2100 жылға дейін көмірқышқыл газын ауаға шығаруды әр жылы кем дегенде 6,3 пайызға кемітуді ұсынады. Соның нәтижесінде жер бетінде қалыпты тіршілікті сақтап қалуға жайлы жағдай тумақ. Тек соған өндірістік көрсеткіштерін жыл санап өсіріп отырған кәсіпорын басшылары көнер ме екен? Тезірек табыс табуға ұмтылған жандардың аптығын қалай басуға болады? Жалпы, ол мүмкін бе? Осындай сансыз сауалдың жауабы әлі табылған жоқ.

…Осы материал жазылып жатқанда «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауаға шикі газды шамадан тыс көп жаққаны үшін 125 млн. теңге шамасында айыппұл төлегені туралы хабар түсті.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button