ӨСІМДІК – ӨМІР ТІРЕГІ

оны өсіру мен қорғаудың өзекті мәселелері бар

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Абат ЖАНҒАЛИЕВ тұрғындармен онлайн режимінде конференция өткізді. Мекеме басшысы өсімдіктерді қорғау саласы бойынша көптің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап берген еді.

 

Сұрақ:

– Жаз мезгілінде Атырау қаласында, әсіресе, Көкарна, Дамбы, Еркінқала елді мекендерінде маса, шіркей көптеп кездеседі. Оларды улау жұмыстары қаншалықты жүзеге асуда?

Гүлім МЫРЗАТАЕВА,

Атырау қаласы.

 

Жауап:

– Біздің инспекция маса, шіркейлерге қарсы қызмет атқармайды, олармен күресетін арнайы мекемелер бар. Өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің аса қауіпті және зиянды организмдеріне қарсы жүргізіліп жатқан шаралардың белгіленген заң аясында іске асырылуын қадағалайды.

 

Сұрақ:

– Бүгінде шегірткелер шабуылы туралы аз айтылмайды. Оларға қарсы күрес жұмыстары қалай жүргізілуде?

Алтынай,

Миялы селосы.

 

Жауап:

– Айта кету керек,біздің мекеме шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын атқармайды. Біз оны жүргізетін мекемелердің қызметтерін бақылап, олардың жұмысқа пайдаланылып жатқан пестицидтерінің шығымдылық нормасын, қоршаған ортаға зияны тимеуін қадағалаймыз.

 

Сұрақ:

– Ерте пісетін қарбыз-қауындарды сатып аларда олардың құрамындағы нитраттарды қалай тексеруге болады?

 Хамит БАЛТАБАЕВ,

Құлсары қаласы.

 

Жауап:

– Аумақтық инспекция құзырына нитраттар мен нитриттерді тексеру жұмыстары енгізілмеген. Қазір қала базарларында «Токсикология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зертханалары жұмыс істейді және онда нитрат, нитриттерді жылдам анықтап беру үшін тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары да жұмыс жасайды. Сондықтан, ішек таяқшаларын жұқтырып алмас үшін кез-келген жерден, жол бойынан қарбыз, қауындарды сатып алмауды ескертеміз.

Сұрақ:

– Мал жейтін шөптерді химиялық қоспалармен улап жатқанда қоршаған

ортаға зиян келмей ме? Ол туралы не айтар едіңіз?

Азамат CЕРІКБАЙҰЛЫ,

Құрманғазы ауданы.

 

Жауап:

– Зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу алдында барлық аудан, село әкімдіктеріне әрбір пестицидтің қасиеттеріне байланысты 20-30 күн ішінде мал жаюға, шөп шабуға рұқсат етілмейтіні және уақытша басқа жерге малды аудару жөнінде ескертпелер беріледі.

Ал, өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлар пестицидтердің қоршаған ортаға кері әсерінің болдырмауын, яғни пестицидтердің ережеге сай тасымалдануы мен қолданылуын, шығымдылық нормаларының сақталуын, желдің жылдамдығы секундына үш метрден аспауын, өңдеуші мекеме мамандарының арнайы киімдермен қамтамасыз етілуіне бақылау жүргізеді.

 

Сұрақ:

– Аулада өсіп жатқан жеміс ағаштарының жапырақтарының бүрісіп ауыруына не себеп?

 Наурызбек ӘНУАР,

Исатай ауданы.

 

Жауап:

–         Бүріскен жапырақтардың астын қарасаңыз, жай көзбен де көруге болатын «өсімдік биті» (тля) деп аталатын зиянкесті аңғаруға болады. Олар тәтті шырын бөліп, өсімдік жапырағының сөлімен қоректенеді.

Ал, олардан бөлінген тәтті шырынға құмырсқалар жиналады. Бұл зиянкестерге қарсы Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтердің бірімен немесе сабынды ерітіндімен бүрку арқылы күресуге болады.

 

Сұрақ:

– Шегірткемен күрес жүргізуде Ресей Федерациясының Астрахан облысындағы жағдай туралы толық айтып берсеңіз. Бізде оның алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?

Серікбай,

Индербор ауданы.

Жауап:

– Биыл Астрахан облысының үш ауданында (Лиманский, Камызякский, Икрянинский) үйірлі шегірткелер шабуылына байланысты төтенше жағдайға ескерту берілді. Тіпті, Астрахан қаласының аумағына да зиянкес үйірінің ұшып кіргені тіркелді. Бұған жедел шара қолға алынды. Бұл уақытта біз өз аймағымызда шегірткеге қарсы шараларды аяқтап, қызмет көрсетуші мекемелерді қайтарып жіберген едік.

Алайда, жағдайды өз көзімізбен көру мақсатында Астрахан облысына барып, жедел шаралар жасалып жатқанына куә болып қайттық. Қазір зиянкестің ұшу, жұмыртқа салу кезеңінде төтенше жағдай департаментінің, ауыл шаруашылығы басқармасының, мемлекеттік инспекторлар мен «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мемлекеттік мекемесі филиалдарының мамандары енгізілген облыстық штаб құрылып, жүргізілетін зерттеу жұмыстарын қатаң бақылауда ұстап отыр.

 

Сұрақ:

– Өсімдіктердің ауруына немесе зиянкестермен зақымдалмауына алдын-ала профилактикалық шаралар жасауға бола ма?

Мұхтар ТАНА,

Махамбет ауданы.

 

Жауап:

– Әрине, болады. Өсірілетін тұқымды алдын ала ауруларға қарсы және төзімді болуы үшін арнайы ерітінділерде өңдеп, шығымдылығын зертханалық жағдайда тексеруден өткізеді. Сонымен қатар, арам шөптер, шөптесін өсімдіктердің қалдықтары және ағаш тектес өсімдіктердің қабықтары зиянды организмдердің өсіп, әрі қарай дамуын жалғастыруына бірден-бір себепкер болып табылады. Сондықтан, уақытында арам шөптерді жұлып, ағаш діңгегін әктеу, түскен жапырақтардан арылту, тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отыру қажет. Жалпы, өсімдікті өсірудің де өз тәртібі барын ұмытпаған жөн.

 

Сұрақ:

– Өсімдік өнім-дерін тамаққа пайдаланып жатамыз. Ал, оларға тыңайтқыштар мен улы химикаттар шашылған болса, ағзаға зияндылығы қаншалықты?

 Нұрлыбек БОЗИЕВ,

Исатай ауданы.

 

Жауап:

– Егер өз аулаңызда өсірілген өнім болса, сіз ол өнімнің пестицидтерден таза екендігіне сенімдісіз. Ал, егер сырттан келген өнімді ағынды сумен ұзақ жуып пайдаланар болсаңыз, уланып қалу тәуекелдігін азайтасыз. Осыны ұмытпаған жөн.

 

Сұрақ:

– Алма ағаштарын қояндар мен тышқандардың кеміруінен сақтауда не істеуге болады? Және саябақта егілген өсімдіктердің ауру немесе сау екенін қалай анықтаймыз?

Ұлжан ЫҚСАН,

Махамбет селосы.

 

Жауап:

– Бұл ретте «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» мекемесінің облыстық және барлық аудандар бойынша филиалдарының мамандарын шақыртып, олардың ұсынысы бойынша әрекет еткен жөн. Себебі, филиал энтомолог, фитопатолог, герболог және өсімдіктер карантині жөніндегі мамандармен қамтылған. Өсімдіктердің ауру немесе сау екенін де арнайы белгіленген мамандар анықтайды. Мамандардың кеңесі бойынша әрекет еткен жөн.

 

Сұрақ:

– Миялы селосының маңайында күні бойы шағын моторлы ұшақ ұшып жүрді. Бұл туралы қандай ақпарат бар?

Жанна БЕКҚОЖИНА,

Қызылқоға ауданы.

 

Жауап:

– Қызылқоға ауданында биыл «итальяндық прус» деп аталатын шегіртке түріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары әуе тәсілімен жүргізілді. Бұл жұмысты атқарушы мекеме «АгроСЛА» ЖШС аса жеңіл авиация-дельталеттер арқылы жүзеге асырды.

 

Сұрақ:

– Ауладағы жеміс ағаштары мен көк-өністерге залал келтіретін жәндіктерді улағанда балаларға, үй жануарларына, адамдарға зияны тимей ме? Арам шөптерді шығармайтын препараттар бола ма, оларды қайдан алуға болады?

Самал ЕСТЕМІРОВА.

 

Жауап:

– Пестицид дегеніміз – улы химикат. Сондықтан, олармен жұмыс жасағанда тиісті қауіпсіздік ережелері мен жеке гигиена талаптарын міндетті түрде сақтау қажет.Ал, Атырау қаласы бойынша пестицидтерді тасымалдауға, пайдалануға, сақтауға және өткізуге рұқсат берілген – еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген пестицидтерді (улы химикаттарды) сатуға лицензиясы бар «Увалиева» және «Панова» жеке кәсіпкерліктері бар. Сондай-ақ, оларды Атырау қаласындағы «Маргарита» дүкенінен сатып алуға болады.

Дайындаған Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз