Жаңа қондырғының жаңалығы
Облыс орталығының оң жағалауындағы кәріз-тазарту қондырғыларында биологиялық тазарту жүйесі жоқ. Механикалық тазарту жайы да көңіл көншітпейді. Қолданыстағы санитарлық-тазалық аумағында тұрғын үй құрылыс нысандары орналасқан. Осыған байланысты аумақты шұғыл ауыстыру жөнінде шешім қабылданған. Дәлірек айтқанда, аталған алаң «Квадрат» буландырғыш тоғандар аумағына көшіріледі. Бұл мәселеге орай, былтыр сол кездегі қала әкімінің басшылығымен кеңес отырысы өткен болатын. Онда арнайы хаттама толтырылған еді. Қазіргі жобалау жұмыстары барысында сол құжат негізге алынып отыр.
Ал, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Шәкір Кейкиннің айтуынша, қазір жаңа кәріз-тазарту қондырғысының құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Жалпы, жобалау жұмысы келесі жылға дейінгі мерзімді қамтитыны жоспарланған.
– Жаңа қондырғының қуаты тәулігіне 60 мың текше метрге дейін жетеді, — дейді ол. – Тазарту технологиясы классикалық сызбаға сәйкес келеді. Яғни, өндірушілер мен жеткізушілерге ешқандай тәуелді болмайтындай етіп жасалған. Жаңа жобаға сай, шаруашылық-тұрмыстық суағарлар механикалық тазарту үрдісінен өтетін болады. Кейін биологиялық тұрғыдан толық тазартылады. Содан соң гиплохлоридпен залалсыздандырылады. Сөйтіп, пайдаланылған сулар екінші категорияға дейін тазарады. Одан кейін «Квадрат» су жинақтаушы тоғанына жіберіледі. Сонымен бірге, аталған жобада көліктерді сумен толтыру және басқа да қаланың ішкі техникалық қажеттіліктерін өтеу мәселесі қарастырылған.
Тағы бір атап өтер жайт, қолданыстағы кәріз-тазалау қондырғысының алаңынан бас кәріз стансасы салынады деген жоспар бар. Бұл өз кезегінде барлық тазартылған су ағыстарын біріктіріп, жаңа қондырғыға құятын болады. Сондай-ақ, аталған алаңда қондырылатын екі құйма стансасы Атырау қаласынан шығатын суды қабылдап, тазарту үрдісін бақылап отыруға мүмкіндік бермек.
Сіз не дейсіз?
Мейрамгүл МАЕВА, эколог:
– Атырау қаласының орталық аумағы бұрынғы кезде су жиналған ойпаттың орны еді. Сондықтан, кәріз-тазалау қондырғысы тұрғын мекен-жайлар мен әлеуметтік нысандардан аулақ орналасқаны жөн. Жалпы, облыс орталығының экологиялық ахуалы мәз емес екені баршаға аян. Жақында мұны өңір басшысы да қатаң ескертіп, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берді. Енді бұл проблеманың шешілетін күні де алыс емес. Бастысы, келесі жылдан қалмайтыны белгілі болып отыр.
Тыныштық Мәтешқызы: Атырау қаласының тұрғыны:
– «Мұнайлы астанаға» шетелдік меймандар мен инвесторлар көп келеді. Бұдан бөлек, белгілі тұлғалар мен өнерпаздар тағы бар. Жергілікті климаттық жағдай мен айналаның жай-күйі олардың Атырау өңірі туралы пікірін қалыптастырады. Сондықтан, қаланың кіреберіс қақпасы орналасқан аумақ пен орталық көшелердің тазалығы басты назарда болуы тиіс. Қалай болғанда да, қаламыздан жағымсыз иістің шықпағаны жақсы ғой. Жаңа кәріз-тазалау қондырғысымен тазалық мәселесі толық шешіледі деп үміттенеміз.
Амандық Сағынтайұлы