
Үкімет апат қаупінен бейхабар ма?..
Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сергей Пономарев, Еділ Жаңбыршин және Дүйсенбай Тұрғанов 2 сәуір күнгі Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, оны біз сол күні «atr.kz» сайтында және газеттің 10 сәуірдегі №14 санында «Экологиялық дағдарыс және депутаттық талап» деген тақырыппен жариялаған едік. Сауалдың негізгі өзегі көп жылдан бері шешімін таппай, тығырыққа тірелген экология тақырыбына қатысты. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінен ірі мұнай кеніштерін игеру және көмірсутегі шикізатын өндіру белсенділігінің артуы салдарынан қазір теңіз бірнеше ондаған шақырымға тартылып кеткенін депутаттар ашына көтерген еді.
Осы аптада депутаттық сауалға Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен жауап келгенін редакцияға Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов хабарлады. Ресми тілде жазылған жауап хаттың жалпы мазмұнына қарағанда, Олжас Абайұлы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы экологиялық ахуалға қатысты депутаттар көтерген мәселеге байланысты түпкілікті шешім қабылдауды қош көрмеген сыңайлы.
Депутаттар өз сауалдарында төрт ұсыныс айтты. Алғашқы үш ұсыныс:
– қоршаған ортаны қорғаудың талаптарын қатаңдатуды қамтамасыз ету үшін мұнай компанияларымен жасалған келісім-шарттардың экологиялық шарттарын қайта қарау;
– экологиялық нормаларды жүйелі түрде бұзатын компаниялардың лицензияларын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастыру және қоршаған ортаға әсерді объективті бағалау;
– экологияға келтірілген залалды барынша азайту бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында Каспий теңізіндегі барлық мұнай жобаларына халықаралық экологиялық аудит жүргізу.
Орталық мемлекеттік атқарушы орган – Үкімет осы бағыттар бойынша экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, табиғатты қорғау заңнамасын жетілдіру бойынша ретімен және жүйелі түрде жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді.
«Экологиялық кодексте өндірісті жаңғырту және I санаттағы кәсіпорындар үшін мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін енгізу көзделген. Үздік қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, кешенді экологиялық рұқсаттар жүйесі енгізілді. Талаптар орындалмаған жағдайда эмиссиялар үшін төлем ставкалары 2, 4 және 8 есе өсіру қарастырылған, сондай-ақ шығарындылар нормативтерін шекті деңгейден асырғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.
Өнімді бөлу туралы келісімдерге қатысушыларды қоса алғанда, Каспий қайраңындағы жер қойнауын пайдаланушыларға кодекс талаптары бірдей. Осылайша, 1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспийдегі өнімді бөлу туралы және 1993 жылғы 2 сәуірдегі Теңіз жобасы туралы келісімдердің экология тұрғысынан еш артықшылықтары жоқ және мердігерлер мен операторлардан Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау бағытындағы заңнамасының талаптарын сақтауды, сондай-ақ өз қызметі барысында қоршаған ортаны қорғау жөнінде іс-шаралар қабылдауды талап етеді.
Бұл ретте «North Caspian Operating Company N.V.» және «Теңізшевройл» компанияларының қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметінің шарттары экологиялық рұқсаттарда белгіленген. Соның негізінде кәсіпорын қызметінің қоршаған ортаға теріс әсерін болдырмауға бағытталған табиғат қорғау іс-шараларының жоспарлары бекітілді.
Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi орган мемлекеттiк экологиялық бақылауды жүзеге асырады. Оған ұдайы тексерулер, өндiрiстiк процестердiң мониторингi және экологиялық таза технологияларды енгiзу жатады.
Мәселен, 2022-2024 жылдары Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық құқық бұзғаны үшін «Теңізшевройл» ЖШС-нен 2,8 миллиард теңгеден астам, ал «North Caspian Operating Company N.V.» компаниясынан 12,4 миллиард теңге шамасында әкімшілік айыппұл өндірді. Сондай-ақ былтыр экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін «Каспийнефть» АҚ (13,7 млрд. теңге) және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (32,2 млрд. теңге) жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін арттыру өндіріс қуатын қысқартуға дейін белгілі бір қаржылық ауыртпалыққа әкеліп соғуы мүмкін екенін атап өткен жөн.
Өндірістік процесті әлсін-әлсін тоқтатып, қайта іске қосу технологиялық процедураларға, атап айтқанда жабдықтар мен ұңғымаларды тоқтату, консервациялау және қайта іске қосуға кететін шығындарды да арттырады. Сайып келгенде, бұл жобалардың өзін өтеу мерзіміне кері әсерін тигізеді, сондай-ақ мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді азайтып, арбитраждық дауларды туындатуы мүмкін.
Осылайша, ел экономикасының дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, әлеуметтік тұрақтылық және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау қажеттілігін ескерсек, тұрақты даму мен экономикалық өсу арасындағы теңгерімді сақтау маңызды.
Бұл ретте қолданыстағы экологиялық заңнаманың сақталуы еш талас туғызбайды. Алайда жер қойнауын пайдаланушылардың заманға сай технологияларды енгізуі және экологиялық тәртібін арттыруына баса назар аударылады.
Ал, экологиялық аудит жүргізу туралы ұсыныс мемлекеттік экологиялық бақылаудың қолданыстағы тетігінің функциясын қайталайды», — делінген Үкімет басшысының жауабында.
Мәжіліс депутаттарының Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институтының құқықтық мәртебесін Коммерциялық емес Акционерлік Қоғамнан (КеАҚ) «Республикалық мемлекеттік кәсіпорын (РМК)» етіп өзгерту жөніндегі соңғы ұсынысын да Премьер-Министр құптамаған. Үкімет қаулысымен құрылған КеАҚ-ның негізгі мақсаты ауқымды. Атап айтқанда, гидрологиялық, метеорологиялық және экологиялық жағдайларды зерттеу және бағалау, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторы мен оның жағалауындағы биологиялық ресурстардың жай-күйін оның экологиялық жүйесі мен биологиялық әртүрлілігін сақтау және қалпына келтіру жөнінде ғылыми негізделген ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу үшін ғылыми зерттеулер жүргізу.
Одан әрі Олжас Бектенов өз жауабында былай деп атап көрсеткен:
«2024 жылғы 6 желтоқсанда Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты Су ресурстары және ирригация министрлігінің балансынан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балансына берілді. Бүгінгі таңда Каспий теңізі ҒЗИ Жарғысы бекітіліп, институтты мемлекеттік тіркеу жұмысы жүріп жатыр.
Айта кету керек, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының қызмет түрі «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына сәйкес РМК құру талаптарына сай келмейді. Осыған байланысты, Каспий теңізі ҒЗИ құқықтық мәртебесін КеАҚ-нан РМК-ға өзгерту дұрыс емес. Қазір Экология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий теңізі ҒЗИ-ына қаржы бөлу мәселесін пысықтап жатыр.
Жалпы, бұл бағыттардағы жұмыстар Үкіметтің ерекше бақылауында.»
Бұған қарағанда, депутаттардың «мұндай қарқынмен Солтүстік Каспийдің алдағы үш ширек мерзімде жойылып кетуі мүмкін» деген қаупі О.Бектеновті ойландыра қоймаған тәрізді. Тіпті, NASA Жер обсерваториясының жер зондтау мәліметтеріне де, теңізге мұнай төгілуінің кесірінен Каспий итбалықтарының саны 1 миллионнан 100 мың басқа дейін кемігеніне де, соңғы 40 жылда түрлі себептермен бекіре тұқымдас балықтың саны 90 пайызға азайғанына да ден қоймағандай.
Ал, көрнекті жазушы, публицист, драматург Рахымжан Отарбаев 1990 жылы жазған «Ертеңі жоқ бүгінге болған құмар» атты мақаласында былай депті:
«…Аралды кезінде Арал етіп тұрған Сырдария мен Әмудария болса, Каспийді қос қанаты – Еділ мен Жайық жебеді… Арты өрт, алды жар Махамбет ақын Жайықтан жасырынып ат жалдап өткенде: «Бар өнерін бармақтың басы, тілдің ұшына қондырған халқым-ай, ертеңгі күнің не болар екен?» — деп артына қарағыштай берген екен… Дуалы ауыздан шыққан: «Ертеңгі күнің не болар екен?» — деген уәж қазірде Еділ мен Жайыққа бағышталғандай…»
Бұған не дерсіз?..
Қуандық ШӘКІРОВ