Жарнама
Экология

Тынысты тарылтқан иіс: кім кінәлі?

Екі күннің бірінде Атыраудың аспанын тынысты тарылтатын қою түтін торлайды. Әрине, ел экономикасының «доноры» саналатын өңірде өндірістің өркендегені жақсы. Бірақ, осы жердің суын ішіп, ауасымен демалып отырған жергілікті халықтың денсаулығын кім ойлайды? Көл-көсір пайдаға кенелеміз деп жүргенде ең басты құндылық – адами капиталды кейінгі орынға ысырып қойған жоқпыз ба? Тұтас қаланы тұншықтырған жағымсыз иіске Атырау мұнай өңдеу зауыты кінәлі ме? Осы аптаның басында байырғы кәсіпорын басшылығы брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына жауап берген болатын.

БЕЙБІТ МИТИНГ – ТАЗА ҚАЛА ҮШІН

Иә, қазір облыс орталығында экологиялық жағдай ушығып тұр. Наурыз айының соңында пайда болған сасық иіс пен көк түтін қала тұрғындарының денсаулығына әсерін тигізбей қоймады. Осы мәселеге орай жұртшылықтың жанайқайын жоғары билікке жеткізу мақсатында шаһарда тұңғыш рет бейбіт түрде митинг өткен болатын.

– Жалпы, петицияда, митингте қоғам белсенділері тарапынан ұсынылып отырған талапарызда айтылған шаралар Атырау мұнай өңдеу зауытында қолданысқа енгізілген. Экоомбудсмен ретінде зауыттың басшылығы Атырау қаласы тұрғындары алдындағы экологиялық жауапкершілігін түсініп, ашықтықты толық қамтамасыз етіп отыр деп айта аламын. Еліміздің басқа бірде-бір мұнай өңдеу кәсіпорындарында, мұнай-газ химиясы кешендерінде құрылмаған экологиялық қоғамдық кеңес жұмыс жасайды. Қоғам белсенділерімен де тығыз байланыстамыз, — деді зауыттың экологиялық омбудсмені Салтанат Рахимова. 7 сәуір күні табиғат жанашырлары зауытқа келіп, басшылықтың рұқсатымен ауа атмосферасының сынамасын алған. Атырау мұнай өңдеу зауытының директоры Мұрат Досмұратовтың айтуынша, өндіріс орнындағы зиянды шығарындылардың басым бөлігі – түтіндік газдар. Технологиялық процесс жоғары температураларда жасалатындықтан, пештерде майдың жануы қалыпты жағдай.

АУАҒА – 10 МЫҢ ТОННА ШЫҒАРЫНДЫ

– Біз мазут және басқада қалдықтарды қолданбаймыз, газды ғана пайдаланамыз. Жыл сайын экологиялық жүктемені азайтып келеміз. Былтыр ауаға 10 мың 412 тонна зиянды қалдықтарды шығардық. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылы облысқа 570 мың тонна бензин, дизель отыны, сұйытылған газ жібердік, — деген зауыт директоры жыл соңына дейін шығарындыларды автоматты бақылау жүйесі енгізілетінін баяндады.

Атап айтқанда, төрт технологиялық қондырғысына автоматты бақылау жүйесі қолданысқа енеді. Ал, 2028 жылдың соңына дейін кәсіпорын Атырау облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кемінде бес жобаны жүзеге асырмақшы. Жоспарланған экологиялық жобаларды іске асырудың нәтижесінде Атырау мұнай өңдеу зауыты 2028 жылға қарай аталған нысандардан ауаға жіберілетін шығарындыларды шамамен 82 пайызға, яғни 1242 тоннадан 223 тоннаға дейін төмендетуді, сондай-ақ, табиғи су ресурстарын пайдалануды және өндірістік қызмет нәтижесінде бөлінетін жағымсыз иісті азайтуды жоспарлап отыр екен.

– Бұл қондырғылар зауыттағы ластаушы шығарындылардың негізгі көзі болып табылады. Автоматты бақылау жүйесі пештер мен қазандықтардан шығатын түтін газдарындағы күкірт диоксиді, күйе, метан, азот оксидтері, көміртегі тотығының құрамы бойынша талдау нәтижелерін автоматты түрде реттеуші органдарға жібереді, — деді Мұрат Досмұратов.

Зауыт басшысы жыл соңына дейін «Tazalyq» жобасы аясындағы ағынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын жаңғырту жұмыстары толықтай аяқталатынын атап айтты. Себебі, сасық иістің бір «себепкері» – 1960 жылдан бері жұмыс істеп тұрған механикалық тазарту қондырғысы болатын. Аталған жоба аясында ескі қондырғы қайта жаңғыртылған еді.

Өткен наурыз айының жаңғырту жұмыстарының I кезеңі аясында 3 ашық ағынды су бассейні жойылған. Екінші кезең барысында тағы 2 бассейнді демонтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Авариялық қамба шатырмен жабылып, ондағы мұнайлы қалдықтар қайта өңделетін көрінеді. Қорытындысында, АМӨЗ ағынды суларды сапалы тазартуды қамтамасыз етіп, олардан атмосфераға зиянды заттардың бөлінуін толығымен жояды.

РЕЗЕРВУАРЛАРҒА – ПОНТОНДАР

Брифинг барысында белгілі болғандай, 2025 жылдың соңына дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты жаңа сорғы стансасын салмақшы. Бұл бензин құю кезінде көмірсутектердің булануын азайтады. Ал, құю процесі зауыт аумағынан тыс жерде, ашық түсті мұнай өнімдерін тактілеп құюға арналған автоматтандырылған қондырғыда жүргізіледі. Ол зауыт аумағының газдалу қаупін жояды және көмірсутектердің булануынан бөлінетін шығарындыларды жылына 50 тоннаға дейін ұстауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңына дейін зауыттағы 22 мұнай және бензин резервуарына понтондар орнатылады. Мұның артықшылығы – әр резервуардан ауаға жіберілетін көмірсутегі шығарындыларын 80 пайызға дейін азайтып, мұнай өнімдерінің жануына жол бермейді.

– Өткен жылы 3 резервуарға понтондар орнатылса, биыл тағы 7 резервуарды жабуды жоспарлап отырмыз. 2027 жылдың соңына дейін зауыт ауаға жіберілетін зиянды заттардың көлемін азайту мақсатында баяу кокстеу қондырғысында буды қайтару блогын салады. 2028 жылдың аяғына дейін Атырау мұнай өңдеу зауыты «Сарқынды суларды тазарту қондырғысының құрылысы» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жоба Жайық өзенінің суын пайдалану көлемін жылына 5 млн. текше метрге дейін қысқартуға және ағынды суларды шығаруды азайтуға мүмкіндік береді, — деп толықтырды зауыт басшысы М.Досмұратов.

Облыс орталығындағы зауыт көгалдандыру мәселесіне бейжай қарамауы тиіс. Бүгінде АМӨЗ-дің ұйытқы болуымен 126 мың тал егілген. Жыл сайын бұл жұмыстар жалғасын таба бермек. Алдағы уақытта тағы 32 гектар аумаққа ағаш отырғызу жобасы жасақталып жатқан көрінеді. Десек те, жері сортаң, табиғаты қатал Атырау аймағында «жасыл желектің» жайқалып өсіп кетуі екіталай.

– Әрине, біз орталықта орналасқандықтан әрбір іс-қимылымыз жұртшылықтың бақылауында. Абаттандыру жұмыстарын алдыңғы кезекке қоямыз. Алайда, кейбір ағаштар өспей қалады. Мүмкіндігімізге қарай егілген талдарды суарып отырамыз, — деп сендірді М.Досмұратов.

КӘСІБИ МАМАН – ҚАУІПСІЗ ӨНДІРІС КЕПІЛІ

Рас, кәсіпорындағы әрбір апатты жағдайдың салдары қала тұрғындарына айтарлықтай әсер етіп отыр. Мамандар өндірісте апаттың жиі орын алуының себеп-салдарын адами фактормен байланыстырады. Яғни, өңірде мұнайгаз химиясы қанатын кеңге жайып, жаңадан зауыттардың ашылуына байланысты АМӨЗ-де кәсіби біліктілігі жоғары кадрларға тапшылық туындаған.

– Әрине, кім-кім де өмір сүру сапасын жақсарту үшін жоғары жалақылы жұмысты қалайды. Біздің ол компаниялардағыдай көп айлық төлейтін мүмкіндігіміз жоқ. Алдағы уақытта Атырауда үш алып жоба жүзеге асатын болғандықтан, біздің мамандардың қатары азаятынын білеміз. Сондықтан, «100 жас маман» жобасын іске асыру жоспарымызда бар. Шыны керек, қазір өндірістік тәжірибесі мол кәсіби маман табу оңай деу қиын. Бірдіекілі болмаса, жоғары оқу орындарынан шыққан жас мамандардың барлығы бірдей емес. Кейбірі қарапайым қондырғыларды білмей жатады. Оның үстіне, сәт сайын өзгеріп жатқан технологияларды қосыңыз. Сол себепті, біз 100 жас маманды өзімізде оқытпақ ниеттеміз, — деді Мұрат Досмұратов.

Р.S: Әрине, зауыт басшылығы ауаны бүлдірген сасық иіске кінәлі бір ғана АМӨЗ емес екендігін айтып отыр. Алайда, тұрбалардан будақтай шыққан түтіннің денсаулыққа әсер етпейтіндігіне ешкім сенбейді. Қалай болған күнде де, күн тәртібіндегі күрделі мәселенің нүктесі қойылып, шешімі табылуы тиіс. Әйтпесе, академик Муфтах Диаров айтып кеткендей, атыраулықтардың ұйқыдан оянбай қалатын күні де алыс емес сияқты. Құдай оның бетін әрмен қылсын!

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button