Жарнама
Экология

Теңіз түбін тереңдету оның экологияға әсері қандай?

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің түбін тереңдету, каналдар қазу, «Тухлая балка», «Квадрат»  булану алаңдарын қайта қалпына келтіру және Доссор поселкесінің экологиялық мәселелері. Қоршаған орта тақырыбына қатысты осынау өзекті мәселелер «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы алаңында ашық талқыға түсті. Партия жанынан арнайы құрылған «Экология» қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Арман Азаматов және тақырыпқа қатысты салалық құрылым басшылары мен азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен өтті.

nur otan

Таяу бесжылдыққа жоспарланған «Жол картасында» көзделген экологиялық, қоршаған ортаны жақсарту бағытында нақты атқарылатын іс-шараларды бақылау, назарда ұстау мақсатында құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиев күн тәртібіндегі қаралатын мәселелердің өңір үшін өте өзекті екенін атап өтті.

Әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, қоғамдық резонанс туғызып отырған мәселенің бірі – Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің түбін тереңдету, канал қазу жұмыстары.      

Тақырыпқа қатысты жалпы мәлімет ұсынған облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов өткен жылдың 21 қыркүйегінде облыстық әкімдіктің ұйымдастыруымен экологиялық заңнама талаптарына сәйкес «NCOC NV» филиалының «Қашаған кен орнын жайластыру. Теңіз кеме қатынасы каналдары» жобасының «Қоршаған ортаға әсерді бағалау» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізілгенін айтты.

– Кейін 21 желтоқсанда департамент аталған жоба бойынша Сараптамалық кеңес отырысын өткізіп, Экологиялық кодекске сәйкес дәлелді ескертулер жіберді. 2021 жылдың ақпанында ескертулердің толық түзетілмегеніне байланысты департамент мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысын берді. Департаментке аталған жоба қайта түсіп, 25 наурызда мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы берілді, — деді департамент басшысы.

Жоба бойынша Қашаған кен орнында теңіз объектілеріне кеме қатынасы арналарының құрылысы жоспарланған. Аталған кен орны Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік-шығыс бөлігінде, Атырау қаласынан оңтүстікке қарай 75 км жерде орналасқан.

Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі судың орташа жылдық деңгейінің төмендеуіне байланысты «NCOC NV» компаниясына D, A, EPC3, EPC2, EPC4, жасанды аралдарына кіреберіс каналдарын салу қажеттілігі туындап отыр. Жобаға сәйкес жасанды аралдарға қажетті материалдарды жеткізу кемелер арқылы жүзеге асырылмақ. Жалпы ұзындығы 56,05 км болатын бірнеше кеме қатынасы каналын қазу жоспарланған, олардың ені 80-ден 115 метрге дейін болады. Сондай-ақ теңіз кемелерінің 10 бұрылу бассейні жасалады. Олардың диаметрі 325-тен 380 метрге дейін. Теңіз түбінен барлығы 18,5 млн. текше метрден астам топырақ алынатын болады.

Биыл басталатын тереңдету жұмыстарын 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жобаға сәйкес теңіз түбіне ең аз әсер ететін, сондай-ақ үйінділердің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкіндігі бар ең заманауи жабдықтар пайдаланылатын болады. Канал салу процесінің балық ресурстарына әсеріне қатысты білгеніміздей, жоспарланған жұмыстарды жүргізу кезінде жобада теңіз экожүйесін сақтау және қоршаған ортаға әсерін азайту үшін көптеген экологиялық шаралар қарастырылған. Яғни, жан-жақты қорытындыға сай, теңіз каналдарын салу жобасы  басқа ұсыныстардың ішіндегі ең қауіпсіз және экологиялық таза нұсқа болып табылады.

Айта кетейік, алқалы жиынға жауапты компания өкілдері қатысқан жоқ. Жобаға қатысты мәселеге орай пікір білдірген бір топ азаматтық сала өкілдері арнайы петиция дайындалғанын айтты. Экологиялық ҮЕҰ өкілдері, азаматтық белсенділер, журналистер, блогерлер «NCOC» компаниясының Солтүстік-Шығыс Каспий акваториясынан теңіз кемелері жүретін арналарды жүргізу жобасымен келіспейтіндерін білдіріп, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне жолдамақ. Жобаға қарсы болу себептерін ашық көрсеткен белсенділер дайындаған хаттың қорытынды уәжі – «NCOC»  компаниясының теңізден кеме жүретін арналарды қазу жөніндегі жобасын аймақтың қоршаған ортасын сақтау мен қорғау тұрғысынан зиянды және қауіпті деп тану, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аталған жоба бойынша қоршаған орта әсерін бағалау (ОВОС) жүргізуге берген келісімін қайтарып алу және Қашаған жобасы логистикасын қамтамасыз етуді және коммуникацияны дамытудың балама ұсыныстарын жасауды талап ету».

Келесі кезекте атыраулықтарды күлімсі иістен құтқаратын сарқынды суларды буландыру алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарының жоспарға сай жүргізілуі қаралды. 

Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Атырау облысы бойынша экология департаменті облыс әкімдігімен бірлесіп, облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі Жол картасын бекіткені белгілі. Оның аясында «Тухлая балка» және «Квадрат» булану алаңдарын қалпына келтіру жобасы қарастырылған.

«Тухлая балка» буландыру алаңының ауданы 1336,2 га құрайды, оның ішінде булану алаңының 860 га – «АМӨЗ» ЖШС-нің, қалған 476 га – Атырау қалалық әкімдігінің иелігінде.

Атырау мұнай өңдеу зауыты «TAZALYQ» жобасы аясында механикалық және биологиялық тазарту құрылыстарын қайта жаңарту, сондай-ақ нормативтік тазартылған ағын су каналын қайта жаңарту және «Тухлая балка» булану алаңының 860 гектарын қалпына келтіру бағытындағы жоспарлы жұмыстарға кірісуде.

Аталған алаңның Атырау қаласына тиесілі бөлігіне қатысты жиын қатысушылары жолдаған сауалға орай, облыстық табиғи ресурстарды басқару және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадіржан Арыстан облыс орталығының сол жақ бөлігіндегі «Тухлая балка» (476 га) булану алаңының бөлігін қалпына келтіру бойынша жобалық-сметалық құжат бойынша 2019 жылдың желтоқсанында сараптамалық қорытынды алынғанын айтты. Қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың тамыз айында бастау жоспарланған. Қазір қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Бұдан соң мұнай тарихында өзіндік ізі бар Доссор поселкесіндегі ашық сорлар тақырыбы көтерілді. Мақат аудандық мәслихатының депутаты Әділбек Идиятов көтерген мәселені оң шешу бағытында жұмыстану қажеттігі айтылып, назарда ұсталатындығы қаперге берілді.

Гүлжан ӘМІРОВА

Суретті түсірген: Әнуар Әбілғазиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button