Теңіз тайыз. Ауа лас… Атыраудың проблемалары «Үкімет сағатында» көтерілді
Дүйсенбі күнгі республика Парламенті Мәжілісінде өткен «Үкімет сағаты» еліміздің мұнай-газ секторындағы қазіргі ахуал жан-жақты талқыланып, оны шешу жолдары мен даму перспективалары талқыланды. Тек осындай кешенді тәсіл ғана сала дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, тиімді ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мұнай-газ секторы – ел экономикасының тұрақты дамуы драйверлерінің бірі болғандықтан, бұл салада 1300-ден астам компания қызмет етеді. Оларда жұмыс істейтін адам саны – 220 мың адам. Жалпы ішкі өнімнің құрылымы 16% шамасында, яғни ел бюджетіне түсетін түсімнің 28%-дан астамын құрайды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметіне сәйкес, 10 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі – 73,5 миллион тонна.
«Үкімет сағатында» мұнай өндіру, тасымалдау, жер қойнауын пайдалану, басқа да түйткілді мәселелер туралы әңгіме қозғалды. Соған байланысты Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов мұнай-газ кешені кәсіпорындарының басым бөлігі орналасқан Атырау облысындағы бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Каспий теңізінің жағдайын Үкімет мүшесі, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің назарына ұсынды. Өйткені, теңіз деңгейінің төмендеуі мәселесін шешу үшін 2022 жылы NCOC компаниясы ауқымды тереңдету жұмыстарын жүргізген еді. Бірақ, депутат Д.Тұрғанов «бұл Каспийдің экожүйесіне жалпы зиянын тигізді және «NCOC»-тың ұзақ мерзімді мақсаттарын шешкен жоқ» деген пікірде.
– Осы қысқа уақытта Каспийде бірнеше ауыр экологиялық проблемалар пайда болды, бірнеше рет жануарлар қырылып, мұнай төгілу оқиғалары тіркелді. Осылайша теңіздің экологиялық жағдайы баяу түрде апатты жағдайға жақындап келеді. Бұл мәселелерді шешу үшін ең алдымен Каспий теңізіне толық зерттеулер жүргізілуі керек. Яғни, оның түбінен бастап жағалаулық аймақтарына дейін. Сондай-ақ, Каспиймен байланыста болатын барлық ластану көздерінің инвентаризациясы жүргізіліп, теңізді құтқару және оның экологиялық жағдайын жақсарту үшін конвенция әзірленуі тиіс, — деді депутат «Үкімет сағатында».
Оның пікірінше, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі су беті ауданының қысқаруына, жағалау аймақтарының таяздануына, экожүйелердің деградациясына және кеме қатынасы мен балық аулау жағдайларының нашарлауына душар етіп, аймақ экономикасына теріс әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Каспий теңізінің деңгейін мониторингтеудің автоматтандырылған жүйесін Қазақстан аумағында жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Депутат Д.Тұрғановтың айтуынша, аталмыш жүйе теңіз деңгейінің өзгерістерін жоғары дәлдікпен үздіксіз жинап, ақпаратты талдау және шешім қабылдау үшін жедел жеткізуі тиіс. Бұл, сонымен қатар, су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттырып, климаттық жағдайлардың өзгерістеріне бейімделуге көмектеседі, соның ішінде мұнай өндіруші компаниялары да бар.
– Бұл мәселені шешу үшін ең алдымен NCOC компаниясы мен «ҚазМұнайГаз» бірлесе жұмыс жасауы керек, өйткені Қашағаннан басқа, онда Қаламқас-Мұнай және Хазар сияқты басқа да перспективалы кен орындары бар. Мәселені қазірден бастап зерттеуді бастау керек, оған осы саладағы мемлекеттік органдар, халықаралық сарапшылар мен ғалымдарды тарту қажет. Қажет болған жағдайда Каспий мәселелерін зерттеу үшін қаржы бөлінуі тиіс, — деді Дүйсенбай Нұрбайұлы.
Комитет мүшесі сонымен қатар, мұнай-газ секторын қарастыра отырып, Атырау облысындағы экологиялық жағдайды да назардан тыс қалдыруға болмайтынын, өйткені мұнда негізінен мұнай өндіруші кәсіпорындар орналасқанын атап көрсетті. Бүгінде өңірдегі экологиялық жағдай өте алаңдатарлық халде. Мұнай-газ саласының, оның ішінде NCOC, Атырау мұнай өңдеу зауыты сияқты ірі кәсіпорындардың қызметі қоршаған орта мен халықтың саулығына орасан зор зиян келтіріп отыр. Мысалы, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, 2022 жылы NCOC компаниясының жерүсті кешенінде кесек күкіртті ашық түрде сақтауы тиісті нормадан асып кеткен. Қазір бұл мәселе сотта қаралып жатыр. Ал, қоғамда бұл жағдайдың 5 миллиард доллар көлеміндегі айыппұлдың азайтылуына қатысты қызу талқылау жүруде. Мұның бәрі экологиялық белсенділер мен өңір тұрғындарының әділетті наразылығын туғызып отыр. Депутат айыппұл мөлшерін азайту туралы шешімді негізсіз деп санағандықтан, компанияның заң бойынша толық жауапкершілікті көтеруін қалайды.
Атырау облысының тұрғындары «Атырау мұнай өңдеу зауытының» ауаға зиянды заттарды шығаруы туралы да үнемі шағымданып келеді. Бұл мәселе бірнеше жыл бойы талқыланғанымен, зауыттың айналасындағы жағдай жақсарған жоқ.
Экологиялық ластанудың салдары айқын көрінуде. Мысалы, 2022 жылы облыста тыныс алу органдары аурулары 15%-ға, жүрек-қан тамырлары аурулары 10%-ға артқан. АМӨЗ маңында қатерлі ісік ауруларының деңгейі басқа аймақтарға қарағанда 20%-ға жоғары. Одан бері де көрсеткіштер өзгеруі әбден мүмкін. Атап өтер жайт, қазір зауыттың санитарлық-қорғаныс аймағының нақты шекарасы да анықталмаған. Атырау облысында балалар арасындағы аурушаңдықтың деңгейі орташа республикалық деңгейден 25%-ға жоғары болуы – тікелей экологиялық жағдаймен байланысты.
Осыған байланысты депутат Д.Тұрғанов «Үкімет сағатында» мынадай тұжырымын айтты:
«Менің ойымша, Үкімет Атырау облысы тұрғындарының денсаулығын қорғау және экологиясын сақтау үшін шешуші шаралар қабылдауы керек. Мұнай-газ секторын дамытуға байланысты тағы бір мәселе – мұнайдың сарқылған кен орындарына қатысты, онда шамамен 40 мың адам еңбек етеді. Өткен жылы «Тау-кен және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс қабылданғанда біз мұндай кен орындарын қолдауға арналған заңдық нормаларды енгіздік, оларды өндіру деңгейін ұзартуды көздейді. Мәжіліс қабылдаған өзгерістерде сарқылған кен орындарына қойылатын критерийлер анықталған. Олар мұнайдың жоғары тұтқырлығымен және су араласуымен сипатталады, ал қорлардың игерілуі 70%-дан жоғары болуы керек».
Жасыратыны жоқ, бүгінде Мәжіліс депутаттары Салық кодексіне өзгерістер енгізуді ұсынып отыр. Бұл сарқылған кен орындарын «баламалы салық» режиміне көшіруге мүмкіндік береді және 4 салық түрін (НДПИ, ренталық, артық пайда салығы, тарихи шығындар) алмастырады. Бұдан үнемделген қаражатты кен орындарын зерттеуге немесе ауылдар мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымын қолдауға және дамытуға бағыттауға болады екен.
Депутаттың айтуынша, бұл шаралар кеніштердің өмірін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартып, соның арқасында мамандардың болжауына сәйкес 2045 жылға қарай қосымша 60 миллион тонна мұнай өндіруге және жұмыс орындары мен мұнайшылар кенттерін сақтауға мүмкіндік береді.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Мәжіліс депутаты, комитет мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов «Үкімет сағатына» бірнеше тармақты енгізуді ұсынды. Атап айтқанда:
1. Мұнай-газ компанияларының басшыларын Атырау облысындағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты жұмыс және жоспарлар туралы есеп дайындауға міндеттеу;
2. Каспий теңізінің деңгейін автоматты түрде мониторингтеуді енгізу;
3. Сарқылған кен орындарын дамытуға арналған арнайы бағдарлама әзірлеу.
Шынында, Атырау облысындағы экологиялық проблемалар тек бір өңірге тән емес. Бұл мәселелер жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етуі әбден мүмкін, сондықтан оларды мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Депутаттың сөзі де соны айқын аңғартып тұр.
Қ.ШӘКІРОВ
Коллажды жасаған Д.ҚУАНЫШ