Құрманғазыда шегірткелер шабуылдап тұр

754598827426721 Экология

            Мәлім болғанындай, таяу күндері Ресей Федерациясының Астрахан облысымен шектес, Қиғаш бойындағы Құрманғазы ауданының аумағында қауіпті өсімдік зиянкесі болып есептелетін азиаттық шегірткенің дернәсілдері (личинка) табылған.

            Мамандардың түсіндіруінше, олардың негізінен үйірлі шегірткелердің өткен жылы жұмыртқалаған жерлерінен шығып жатқаны анықталыпты, Одан бөлек, күбіршік болып топыраққа көміліп, ашық қалып шашылып жатқандары бар көрінеді. Сөйтіп, азиаттық шегірткенің жарыққа шығуы, яғни оянуы тіркелген.

«Мұның өзі зиянкестердің ошағын іздестіру шараларының нәтижесінде анықталып отырған жағдай. Алдын ала межеленгеніндей, енді осы аумақтарға шұғыл түрде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бұған қолдау көрсетіп, қолайлы жағдай туғызу жөнінде ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық құрылымдарының басшыларына нақты тапсырма да берілді» дейді аумақтық инспекцияның өкілі Әбила Қазиева.

            Тұтастай алғанда, аудан бойынша 3 000 гектар жер итальян прусына, ал 25 500 гектар алқап азиаттық шегірткеге қарсы химиялық өңдеуден өтеді. Ол Мақаш, Еңбекші, Орлы, Нұржау,Теңіз, Дыңғызыл ауылдық округтерінің аумағын қамтиды. Одан бөлек, өңірдегі төрт ауылдан барлығы 150 гектар жерді карантиндік арамшөптерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарланған.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз