ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ЕҢ БАСТЫ ТАЛАП

IMG 7543 d island«Қашаған-2013» оқу-жаттығуларында осы жағы қатаң ескерілді

Газетімізде бұрын хабарланғанындай, биылғы маусым айының 6-7-і күндері Атырауда «Қашаған-2013» республикалық командалық штабтық оқу-жаттығулары өткізілді.
Оның қорытындысымен, осынау мемлекеттік маңызды іс-шараның ойдағыдай ұйымдастырылуына ұйытқы болып, атсалыс-қан басшы-қосшы азаматтардың бір тобы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің марапаттауларына ұсынылған-ды. Жақында сол марапаттар салтанатты жағдайда иелеріне табысталғандығын да жария қылғанбыз.

Мінсіз қызметіне лайық құрмет көрсетілгендердің қатарында салалық министрліктің «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталған облыс әкімінің орынбасары, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы Сәлімжан Жұмашұлы НАҚПАЕВ та бар еді. Соған орай онымен сұхбаттасып, аталған іс-шара төңірегінде әңгімелесудің сәті түсті.
– Сәлімжан Жұмашұлы, алып жатқан марапатыңыз құтты болсын! Алдымен облыстағы төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс қызметі мен құрылымдарының, өзіңіз басшылық жасайтын комиссияның жұмысына қысқаша тоқталсаңыз?
-Өздеріңізге мәлім, бізде жылына бір емес, бірнеше мәрте республикалық маңыздылықтағы осындай оқу-жаттығулары өткізіліп тұрады. Бұл ретте «Қыс-2013», «Көктем-2013», т.б. жыл мезгілдерінің алмасуымен және маусымдық жұмыстармен орайластырылатын шараларды көптеп келтіруге болар еді. Атауларына сай, бұларда сын кезең саналатын қыс айларындағы ауа райының күрт өзгерістері мен табиғаттың тосын құбылыстарынан, көктемгі өзен суларының тасуы мен өр суының жайылуынан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою, сонымен қатар елді мекендерге, өмірлік маңызды нысандарға төнетін апаттың бетін тойтаруға дайындығымыз тексеріліп, мүмкіндіктеріміз сарапқа салынады.
Мұндай сынақтардың қай-қайсысынан да атыраулықтар ойдағыдай өтіп келеді. Соған қарап, өңірдегі тиісті қызметтер мен құрылымдардың қандай да бір төтенше жағдайда әрекет етуге әзір екендігі аңғарылады. Бұған бірінші кезекте облыс әкімдігі жанындағы басқарма мен төтенше жағдайлар департаменті мұрындық болса, екіншіден, соларға қарасты мемлекеттік мекемелер мен жоспарлы түрдегі іс-шараларға қатыстырылатын салалық кәсіпорындардың және арнаулы мамандандырылған жасақтардың да заманауи техникалармен, құрал-жабдықтармен жарақтандырылуының септігін тигізіп отырғандығын айтуымыз керек.
Әрине, кейбір шешімін күткен проблемалар, жетілдіре түсетін тұстарымыз, жолға қоятын кемшіліктеріміз де жоқ емес. Жаттығуларға қатыстырылатын құрылымдардың бәрі бірдей керек-жарақтарымен талапқа сай, толықтай қамтамасыз етіліп отыр, дей алмаймыз. Іс-шара өткізілетін аймақтардағы елді мекендердің тұрғындарын, жергілікті халықты шартты түрдегі төтенше жағдайлардан хабардар етіп, уақытша қауіпсіз жерлерге көшіру мәселесінде біраз қиындық-кедергілер туындап жататындығы да шындық.
Тұтастай алғанда аталмыш салада қалыптасқан ахуалды оңынан бағалауға болады.
Сіз осы «Қашаған-2013» оқу-жаттығуына басшылық жасаған төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы ретінде өткізілген шараға қысқаша түсінік берсеңіз?
– Каспий теңізінің әлемге әйгілі, тамаша тепе-теңдігімен таңқалдыратын, сол себепті де айрықша назар мен бақылауды қажетсінетін табиғи ортасымен ерекшеленетіні мәлім.
Бүгінде осы теңіз астынан геологтар 38 млрд. баррель немесе 6 млрд. тонна мұнай қорын тауып отыр. Әрине, табиғаттың беріп отырған сыйы Қазақстан халқының игілігіне жаратылады. Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы – табиғатты ластамай, қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтай отырып, жер асты байлығын игеру.
Сол себепті әзірге кен алаңы жұмысын бастамай тұрғанда мердігер кәсіпорындардың, жалпы осы кенішке қатысты барлық органдардың жұмысын, оның ішінде төтенше жағдайларда қалай жұмыс жасайтындығын тексеру – бүгінгі басты міндеттеріміздің бірінен саналады.
Қашаған кен орнын игеру барысында қауіпсіздікті сақтау үшін немесе қамтамасыз ету мақсатында бірінші, екінші және үшінші деңгейдегі апат жағдайларын тексерістен өткізіп қарауды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен Атырау облысы әкімдігі бірлесе көтерген болатын.
Бұған дейін осындағы оператор компаниялар басшыларының, төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс қызметтерінің, күштік және ұлттық қауіпсіздік, кедендік бақылау құрылымдары өкілдерінің қатыстырылуымен облыс әкімі жанындағы комиссия бірнеше мәрте мәжіліс өткізіп, мәселенің мән-жайы мен маңыздылығы талқыланды.Оқу-жаттығуларының уақыты, атқарылатын іс-шаралардың жоспары нақтыланды. Бірлескен жұмыс жасалынды.
Міне, соның нәтижесінде мемлекеттік маңыздылығы бар іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге негіз қаланды. Теңіз бетінде мұнай төгіліп, жайылып кету ықтималдығы туындағанда, апаттың сипаты халықаралық өлшемдермен есептеліп, үш деңгейге бөлінеді. Мысалы, теңізге төгілген мұнай көлемі 10 тонна мөлшерінде болса, ол бірінші деңгейлі, ал, енді төгілген мұнайдың көлемі 10 тоннадан 250 тоннаға дейінгі аралықты қамтыса екінші деңгейлі апат болып белгіленеді. Бұл екі деңгейді де біз облыс және мердігер мекемелердің күшімен тоқтатуымыз керек. Егер теңіз бетіне төгілген мұнай көлемі 250 тоннадан жоғары болғанда, ол үшінші деңгейлі апатқа есептеліп, мұндай жағдайда халықаралық күштердің көмегі қажетсінеді. Қашаған кен алаңы бойынша дәл осындай ахуал орын ала қалған жағдайда «Аджип ҚКО»-мен келісім-шарт бойынша «Ойл Спилл Респонс Лимитед» компаниясы (орналасқан жері Англияның Саутгемптон қаласы) келу керек. Ағылшындық компания апат болғаннан кейін 24 сағат немесе бір тәуліктің ішінде құрал-жабдықтарды жеткізуі тиіс. Оқу-жаттығудағы ең маңызды бөлімнің бірі – осы компанияның құрал-жабдықтарын алып келуге кететін уақыты, ең бастысы кедендік рәсімдеуді тездету еді. Осы мәселелер оқу-жаттығу барысында өз деңгейінде орындалды.
Айдындағы шартты апатты жағдайды ауыздықтауға оператор-компанияның, арнаулы қызметтер мен құрылымдардың, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерінің жасақтары, сонымен бірге көршілес Маңғыстау облысындағы (Баутинодағы су кемелері мен түрлі техникалар да осы күндері дайындық сапына қойылған-ды) әріптестер де тартылды. Бір ерекшелігі, екі күндік іс-шара өткізілген мезгілде, кеніштегі өндірістік процестерге ешқандай кедергі келтірілмеді, жұмыс бір сәтке де тоқтамады, ойластырған «операциямыз» да ойдағыдай аяқталды. Осы орайда ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрдің орынбасары Жанболат Смайловтың арнайы келіп, оқу-жаттығуға бірлесе басшылық жасағанын атап өту керек.
– Сәлімжан Жұмашұлы, өзіңіз де айтып отырсыз, «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, мұның бәрі де алдын ала ақылдасып, бірлесіп атқарылған жұмыстың жемісі, деп білеміз. «Қашаған-2013»-тің барысында оған қатысушы жекелеген азаматтардың ерлікке пара-пар әрекетке барғаны, қиындықтарды бағындырғаны, басшылықтың да байыптылық танытқаны анық. Айрықша марапатқа лайықтылардың қатарынан көрінуіңіз де соның айқын айғағы екені даусыз. Сұхбатымыздың соңында әріптестеріңізге, жалпы атыраулықтарға қандай тілек айтар едіңіз?
– Шараның күткендегідей нәтижесін беріп, дұрыс бағалануына үлестерін қосқан барша әріптестеріме аймақ басшылығының атынан да, өз тарапымнан да алғысымды арнаймын. Менімен бірге министрліктің, облыс әкімінің, қала берді департамент басшылығының марапаттарын алған азаматтарды құттықтаймын. Алдағы уақытта да қызметтерінде толайым табыстар мен сәттіліктер, отбасы амандығы мен бақытын тілеймін!
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз