Жарнама
Экология

ТЕҢІЗГЕ КЕЛЕР ҚАУІП ҚАЙДАН?

— Тілепқазы Жұмағазыұлы, Сіз біраз жылдан бері Каспий теңізінің экологиялық проблемасымен шұғылданып келесіз. Айдыннан мұнай мен газ өндіру оның қоршаған ортасының ахуалына қаншалықты әсер етеді?
— Бүгінде, мамандардың есептеуінше, Каспий теңізінің қазақстандық қайраңында 13 млрд. тонна мұнай мен 7,1 трлн. текше метр табиғи газ қоры шоғырланған. Бұл – сөз жоқ, үлкен байлық. Кез келген мемлекетті әлемде алдыңғы қатарға шығаратын қазына. Тек Теңіз кенішінде ғана 2,5-3 млрд. тонна шамасында мұнай мен 1,8 трлн. текше метр табиғи газ бар екен. Ал, ТШО компаниясы мұнда жиырма жылдан бері өнім өндіріп келеді. Теңіз кен орны ар жағында Каспий теңізімен шектес жатыр. Демек, оның қызметі де айдынға әсер етеді.
Алайда, осындағы көмірсутегі шикізатын өндіру жұмыстары көптеген тәуекелдермен байланысты. Алдымен, мұнайдың мол қоры жинақталған тұзасты құрылымдарының геологиялық тұрғыдан аса күрделі екендігін айтқан абзал. Ол кез келген уақытта тосын «сый» ұсынуы мүмкін. Одан әрі, мұндағы қабат қысымы 800-900 атмосфераға дейін жетеді. Ал, температура 120 градус ыстық болады. Ақырында, өнім құрамында 20 пайызға дейін күкіртті сутегі кездеседі. Міне, соның бәрі мұнайшылардан аса сақтықты, қоршаған ортаны қорғау шараларын жан-жақты ойластыруды талап етеді.
Сайып келгенде, Елбасы айтқанындай, мұнай-газ саласы ел экономикасының локомотиві саналады. Сол арқылы халықтың әлеуметтік ахуалы жақсарады. Әрі, егер Қазақстан Каспий теңізіне бұрғы салмаса, талай жылдан бері мұнай өндіріп жатқан жағалаудағы басқа мемлекеттер біздің үлесімізге ортақ болар еді.
Тек тілегіміз – барлық қауіпсіздік шараларының сақталуы. Мемлекет басшысы да осыны талап етіп отыр. Мол өнім жолында табиғи тепе-теңдігімізді жойып алмасақ болғаны.
Сонда Каспий теңізінен өнім өндіру оның қалыпты тірлігіне әсер етіп, тазалығына нұқсан келтіре ме?
— Мен бір тың деректі келтірейін. Бүгінде Солтүстік Каспий суы мен тұнбалары бұдан 30-35 жыл бұрынғы кезбен салыстырғанда таза. Таң қалып тұрсыз ба? Шындығында, солай. Әрине, сол кездегі мәліметтерде қазіргімен бағамдағанда жетілмеген химиялық сараптамалар қорытындысы басшылыққа алынды. Соның салдарынан кейбір ауытқулар орын алды.
Әйтсе де, Кеңес Одағы тарауына байланысты кезіндегі қуатты өндіріс ошақтарының тоқтауы нәтижесінде теңізге залалды қалдықтар аз тасталды. Міне, қандай заңдылық орын алып отыр? Экономика тоқыраса, қоршаған орта да таза болады екен. Экономикалық тоқырау салдары табиғаттың тазалығына жол ашты. Ал, енді айдын төсінде жұмыс қайтадан қызған кезде, өндірістің зияны да арта түседі. Демек, Солтүстік Каспий өнеркәсіптік қалдықтармен, мұнай өнімдерімен ластана береді.
— Тұтастай алғанда, Каспий теңізі туралы не айтуға болады?
— Жалпы, Каспий теңізі — әлемдік мұхитпен жалғасатын табиғи жолы жоқ дүние жүзіндегі ең ірі су көзі. Оның ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке 1100, ал шығыстан батысқа 435 шақырымды құрайды. Каспий Солтүстік Америкадағы Ұлы көлдер жиынтығынан да едәуір үлкен және су көзінен әлемдегі көлдер қорының 44 пайызын құрайды.
Енді оның қазақстандық саналатын солтүстік бөлігінің ерекшелігі қандай? Ол айдын алаңының 28 пайызына ие болғанымен, небәрі 0,96 пайыз су қорына ие. Демек, оңтүстік бөлігімен салыстырғанда тым тайыз. Мұнда жаз ыстық, ал қыс қатты салқын болады.
Сонау 1978-1995 жылдары су деңгейі тұрақты көтерілгенімен, соңғы уақытта үздіксіз түсіп келеді. Теңізге, негізінен, шағын өзендердің суы құйылады. Бұл ретте ірілері қатарында Еділ мен Жайықты ғана атауға болады. Бірақ, жаз күндерінің тым ыстықтығынан сол судың көп бөлігі булануға ұшырайды. Оның үстіне, өзге шағын өзендерді айтпағанда, Еділдің өзінің арнасы жыл санап тартылып келеді. Осы орайда, деңгейінің тайыздығына және суының аздығына байланысты теңіздің солтүстік бөлігінің ластануы айдынның өзге бөліктерімен салыстырғанда анағұрлым жоғары.
— Теңіздің қазіргі ахуалы қандай?
— Бұрынғы жылдары Каспий теңізінде әлемдік бекіре балықтарының 90 пайызы шоғырланған-ды. Бүгінде оның саны айтарлықтай кеміді. Соның салдарынан бекіре балықтарын аулауға уақытша тыйым да салынды. Оның шабақтарын қолдан өсіріп жатырмыз.
Қазір де теңізде жүзден аса балық түрі бар. Соның 33 түрі кәсіпшілік аулауға жатады. Ал, осылардың дені айдынның солтүстік бөлігінде өседі. Қоректік тамағын да осыдан табады. Каспий алысқа ұшатын құстардың демалуға аялдайтын орны болып та табылады.
Осы орайда, әсіресе, Каспий итбалығының алар орны ерекше. Сонау 1900 жылы олардың саны 1,5 млн. шамасында болыпты. Содан 1990 жылдың басында небәрі 450-500 мыңдайы ғана қалған. Оның бер жағында тағы да күрт кеміп, қазір шамамен 100-150 мың итбалық есепке алынып отыр.
Мамандардың пікірінше, итбалықтардың өліп, азаюы, негізінен, олар өмір сүретін ортаның ластануынан. Жылына 20 мың шамасында итбалық күшіктері туғанымен, солардың жартысы ұзақ өмір сүрмейді екен. Түрлі себептермен өлім құшады. Бұл да – терең зерттеп, нақты ғылыми тұжырым жасайтын мәселе.
Қазір теңіздегі балықтардың шамамен 20 түрі коммерциялық аулау нысаны болып отыр. Соның ішінде бекіре тұқымдас балықтар мен шабақтарға сұраныс жоғары. Қазір, жасыратыны жоқ, кәсіпшілік аулауға жататын балықтар саны күрт кеміді. Балықшылардың аулары судан бос шығып жатады. Неге? Оның басты себебі – кезінде соларды аулауға ешқандай шектеу қойылмауы. Неғұрлым көп ауласа, соғұрлым жоспар да жоғары орындалды. Ал, балық та таусылмайтын байлық еместігі, оны да қалпына келтіру қажеттігі ешкімді ойландырмады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары балықты қолдан өсіру деңгейі құлдырады. Қазір де қалпына келе қойған жоқ. Біз теңіз байлығын алуды ғана біліп, оған қайтарым қажеттігін ескермедік. Енді бағалы балықтардың мүлдем жоғалып кету қаупі алдында тұрмыз. Сондықтан оны аулауды күрт қысқарту немесе уақытша тыю керек.
— Жалпы, теңізге нақты қатер қандай? Енді сол қауіпті сәл де болса сейілтуге бағытталған нендей шараларды жүзеге асырған жөн?
— Жақында Каспий теңізінің экологиялық ахуалына арналған үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сонда ғалымдар мен мамандар өз ойларын ортаға салып, бұл бағыттағы нақты ұсыныстарымен бөлісті.
Әңгіменің шыны керек, біз алдын ала жұмыстанбасақ, үлкен экологиялық апатқа душар боламыз. Айдындағы экономикалық белсенділік бұрынғы жылдармен салыстырғанда бірнеше есе артқалы отыр. Оның үстіне, теңізге құятын Еділ мен Жайық секілді ірі су көздері жоғары жағында да ластануда. Ресей жерінде осы өзендер жағалауында өндіріс ошақтары мен су қоймалары тұрғызылуда. Соны да мемлекетаралық деңгейде шұғыл шешкен жөн.
Теңіз де — өзіндік тіршілік көзі. Оның да арнасынан асатын немесе кейін тартылатын кезі болады. Міне, осы тұрғыдан таразылағанда сонау жылдары айдын жағалауындағы құрғақ жерде қазылған жүздеген мұнай ұңғымалары бүгінде су түбінде қалды. Солардың бәрі қайта қалпына келтіруді, тексеруді қажет етеді. Олардың қазір қандай күйде екені де белгісіз. Әйтпесе, теңізге мұнай ағып кетуі ықтимал. Демек, бұл бағытта да молырақ қаржы бөлінгені абзал.
Қазір Каспий теңізінің проблемасы тек аймақтық емес, әлемдік деңгейге жетті. Онымен дүние жүзі ғалымдары шұғылдануда. Өйткені, осы ірі су көзінің мәселесі қиындап кетсе, одан әрі шешімі де күрделі болмақ. Сондықтан, Атырау қаласында Каспий теңізінің мониторингімен шұғылданатын халықаралық ғылыми-зерттеу орталығын құру керек-ақ.
Міне, қазір теңіз тазалығын сақтап, мұндағы тіршілік көзін қорғауға бағытталған осындай және өзге де ұсыныстардың аяқасты қалмауын қалаймыз. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың ұстанымы айқын. Ол Елбасының Каспий теңізінде бұрғылау және мұнай өндіру жұмыстарын барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізу керектігі жөніндегі нақты тапсырмасынан туындайды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button