Тазалықты өзіңнен баста!

8541968521 Экология

Өткен сенбіде Атырауда «World Сleanup Day 2020» дүниежүзілік экологиялық акциясы тті. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен республика бойынша бір уақытта қолға алынған акцияға атыраулықтар белсене қатысты. Мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдармен қатар, еріктілер де ерекше атсалысқан іс-шараға 3000-ға жуық адам жұмылды.

Тазалық жұмыстары барысында табиғат жанашырларының санитарлық эпидемиологиялық шараларды сақтауына да басымдық берілді.

– Қазір адамдардың тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мəдениетті қалыптастыру қажет. Акцияның көздеген негізгі мақсаты да осы. Өйткені, қоршаған ортаның ластану проблемасына бейжай қарауға болмайды. Бұл мəселеге жұртшылықтың назарын аудару аса қажет. Сондықтан, акция аясында жекелеген аумақтарды тазалап қана қоймай, тұрғындардың қоқысты бөлекбөлек жинауының маңыздылығына да басымдық берілді, – деді Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы. Сенбілік аясында облыстың ең көп ластанған учаскелері тазартылды. Атырау қаласында Жайық өзенінің жағалауларындағы қоқысты жинау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, автомобиль жолдары бойындағы қоқыстар жиналды. Күн райының қолайсыздығына қарамастан, атыраулықтар біраз қалдықтардың жойылуына ұйытқы болды. Қоқысты тазалау жұмыстарына облыс бойынша 26 «КамАЗ», 15 трактор жұмылдырылды. Нəтижесінде 425 тонна қалдық жиналып, шығарылды. Оның ішінде басым бөлігін, яғни 255 тоннаны шыны қалдықтары құрады. Пластикалық қалдықтар – 127, қағаз 36 тонна болса, басқа да тұрмыстық қалдықтар 7 тонна болды. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш тұрғындардың жағалауда немесе тоғай, саябақтардың ішінде ұйымдастырған демалыстарынан кейін, қоршаған ортаның тазалығына аса мəн бермей, салғырттық танытатындықтарын аңғартады. Осылайша, табиғат жанашырлары өзгенің шашқан күл-қоқысын жинап, əр адамға қоршаған ортаға ұқыпты əрі жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсетті. Аталған акцияға Исатай, Индер, Құрманғазы аудандары күн райының жаңбырлы болуына байланысты қатыса алмады.

Өз тілшіміз

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз