Жарнама
Экология

Тазалыққа үндеген шеру

Жаңаталап ауылдық округінде «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Парктер шеруі – 2025» табиғат қорғау акциясының жабылу салтанаты өтті. Табиғат жанашырларын біріктірген бұл іс-шара қоршаған ортаны сақтауға арналған маңызды үндеуге айналды.

Табиғатты қорғау бағытындағы дәстүрлі акцияның мақсаты – еліміздің бірегей табиғи байлығын көздің қарашығындай сақтау, қоғамды экологиялық мәдениетке баулу және әрбір азаматтың туған өлкеге деген жанашырлық сезімін арттыру.

Іс-шара барысында сөз алған «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дәурен Есқабылов 2009 жылы құрылған резерваттың негізгі міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, резерваттың басты мақсаты – Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасының ерекше экожүйесін сақтау, биоалуантүрлілікті қорғау, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізумен қатар, экотуризмді дамыту.

– «Ақжайық» резерваты елімізде табиғатты қорғау саласында атқарылып жатқан ауқымды экологиялық бастамаларға белсенді түрде атсалысып келеді. Солардың қатарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясын және бүгінгі «Парктер шеруі» акциясын ерекше атап өтуге болады. Бүгінде Қазақстан аумағында экологиялық тепе-теңдікті сақтау, жасыл аймақтарды көбейту мен тұрмыстық қалдықтар мәселесі өзекті болып отыр. «Таза Қазақстан» жобасы осы түйткілдерге нақты шешім ұсынатын маңызды бастама, — деді Дәурен Қайыржанұлы.

Аталмыш акция аясында облыс көлемінде сенбіліктер, ағаш отырғызу, көшет егу және аумақты тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық бағыттағы дәрістер мен түрлі танымдық шаралар ұйымдастырылды.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мереке Шалқаров қоршаған ортаға қамқор болу – баршаның ортақ борышы екенін айтып, қатысушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Бұл күн – мерекелік күн ғана емес, табиғат алдындағы жауапкершілігімізді еске салатын маңызды кезең. Болашақ ұрпаққа таза табиғат пен көркем ортаны аманаттау – әр азаматтың парызы. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, экологиялық сауаттылықты отбасынан бастап қалыптастыруымыз қажет. Жасыл желекке, жан-жануарға деген қамқорлық – көкірегі ояу әрбір адамның азаматтық міндеті, — деді Мереке Қырықбайұлы.

Акция барысында көшеттер отырғызылып, таныстырылымдар мен дәрістер оқылды. Жергілікті мекемелер мен білім ошақтары бірлесе отырып түрлі байқаулар, сенбіліктер ұйымдастырып, экологиялық тәрбиені насихаттауға үлес қосты. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара барысында белсенділік танытқан ауыл тұрғындарына, мекеме өкілдері мен сала ардагерлеріне алғыс хаттар табысталды.

Мәдениет үйіндегі жабылу салтанаты жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Табиғатты қорғау жолындағы мұндай маңызды бастамалар елдің болашағы үшін жасалып жатқан игі қадам екені сөзсіз.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button