Атырауда Жайық және Қиғаш өзенінің арнасы тереңдетіліп жатыр

20190411134249 Жаңалықтар

Atr.kz/ 11 сәуір, 2019 жыл. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Жайық-Каспий бассейнінде балық қорларын заңсыз аулауға қарсы күрес бойынша өңірдегі қабылданған шаралар туралы ақпаратты тыңдады.

Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аймақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймағамбетов 1 сәуірден бастап облыста бекіре балығы мен басқа балық түрлерін сақтауды күшейтуге бағытталған кезекті ірі көлемдегі «Бекіре-2019» балық қорғау науқанының басталғанын мәлімдеді.

«Акция барысында браконьерлікке жол бермеу үшін инспекция 16 күзет бекетін, оның ішінде 10 мобильді және 6 стационарлық, Жайық өзені бойында 9, Құрманғазы ауданында 5, Каспий теңізінің жағалауында 2 бекет қызметін ұйымдастырды.Сонымен қатар, теңіз бөлігінде екі мобильдік топ құрылды.

Сондай-ақ, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығының аумағында бірлескен бекеттер бар, бұл – Приморский, балық аулау және Зарыослый арналары», – дейді Данияр Баймағамбетов.

Ішкі істер органдарынан үлкен күш жұмылдырылды. 287 полиция және 36 Ұлттық гвардия қызметкері жағалаудағы патрульдік және стационарлық бекеттерге шыққан. Таяуда №2016 әскери бекетінің шекара қызметі Исатай ауданында қамыс арасынан «Ямаха-200» моторлы нөмірі жоқ екі «байда» қайығын тауып, теңіз инспекциясы бөліміне жеткізді. 8 сәуірінде Исатай ауданы Манаш теңіз учаскесінде шекара қызметі «Ямаха-200» моторлы нөмірсіз үшінші «байданы» анықтады.

20190411134322

Үйлестіру штабы аталған бағыттағы шараны жалғастырады және ол прокуратура органдары мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы бақылауында болады. «Бұл шаралар балықтардың, әсіресе бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын жерлерге өтуін және олардың көбеюін қамтамасыз етеді деп есептеймін», – деп атап өтті Д.Баймағамбетов. Облыс әкімі өткен жылдың соңындағы балықтың қырылуына қатысты мәселеге тоқталды.

«Бастысы – ешкім зардап шеккен жоқ, судан немесе балықтан улану жағдайы тіркелмеді. Қоғамдық ұйымдар, еріктілер, облыс тұрғындары мен мемлекеттік органдардың біріккен белсенді жұмыс нәтижесінде өлген балықтарды жинау үшін ірі көлемдегі жұмыс жүргізілді. Қоғам белсенділеріне, ҮЕҰ басшыларына көмек және кеңес беру жұмыстары үшін, белсенділік үшін алғыс айтамын. Қазір нәтижесі бойынша барлық сауалға жауап алатын екі қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді аяқтау үшін уақыт керек, құқық қорғау органдарының жауабын күтеміз», – деді Нұрлан Ноғаев.

Жайық-Каспий бассейніндегі балық аулау арналарының түбін тереңдету жағдайға оң әсерін тигізеді. Бүгінгі күні Атырау облысында Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Негізгі міндет – Каспий теңізінен өзендердің жоғарғы жағына дейін балық популяциясының өтуіне жағдай жасау.

«Бұл жұмыстар жалғасады. Арнайы қаражат бөлеміз. Келісім бар, үкімет қолдады, өзен арнасын тереңдету жұмыстары келесі жылдары да жүйелі түрде жүргізіледі», – деп қорытындылады Нұрлан Ноғаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз