Таза Қазақстан: оқушылар 1 миллионнан астам пластикалық қақпақ жинады
Алматыда пластикалық қақпақтарды жинау бойынша экологиялық акцияның алғашқы маусымы аяқталды.
Алматы қаласының әкімдігі мәлім еткендей, «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында қолға алынған науқанға 200-ден аса мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілері қатысты.
Нәтижесінде 1,2 млн. қақпақ жиналды. Қоғамдық мәселелерге назар аудару және өскелең ұрпақты экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама жастар мен олардың ата-аналарының тарапынан үлкен қолдау тапты.
— Біз достарымызбен бірнеше апта бойы қақпақ жинадық. Бұл экология үшін пайдалы ғана емес, өте қызықты іс болды. Енді жинаған қақпақтарымыз қаламызда әдемі шыршалардың жасалуына көмектесетінін білгенде, осы жобаның бір бөлігі болғаныма мақтанамын, — дейді №147 мектеп-гимназиясының оқушысы Томирис Намазбекова.
Бағдарламаның басты мақсаты – қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыру, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеу
Ұйымдастырушылар 2025 жылы пластикалық қақпақтарды жинау акциясы тұрақты науқанға айналатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы елді мекендердің аумағын көркейтуге және көгалдандыруға бағытталған.