Жарнама
Экология

Тартылған теңіз, тарылған тыныс – өңірдегі ахуалға айғақ

Атырау – тұмса табиғат пен ауыр өндірістің тоғысқан тұсы. Мұнайлы өлке ел экономикасының локомотиві саналғанымен, табиғаты мен экологиялық ахуалы күн өткен сайын күрделі мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізі суының тартылуы, ауа мен су ресурстарының ластануы, бұрынғы әскери полигондардың салдары – мұның бәрі тұрғындардың саулығына, тіршілік сапасына тікелей әсер етіп келеді. Қоршаған орта мен адам өмірі арасындағы нәзік тепе-теңдік сын сағатында тұрғандай.

918d15c8 841b 42fe 9c81 41e946716ce6

Бүгінде Атырау экологиясы – аймақтық мәселе емес, ұлттық деңгейдегі өзекті тақырыпқа айналды. Енді маңызды проблемаға әлемдік деңгейде назар аударыла бастады. Жақында өңірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық аймақтың кеңсесінің делегациясы арнайы келді. 

Талап – ғылыми тың тәсілдер

Делегация құрамында ДДСҰ Еуропалық аймақтық бюросының директоры Робб Батлер, ДДСҰ Қазақстандағы елдік кеңсесінің жетекшісі доктор Сыла Скэндер, қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова, ДДСҰ Еуропалық орталығының қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы өкілдері Нетаньяху Синая, Ирина Застенская және Пьерпаоло Муду бар. Ұйым өкілдері сапарының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны зерделеп, экологияның жергілікті халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына тигізетін әсерін анықтау.

Облыс әкімі Серік Шәпкенов мәртебелі меймандармен кездесуде әріптестерін, мамандар мен қоғам өкілдерін барынша объективті болып, облыстың экологиялық ахуалына жан-жақты баға беруге шақырды.

– Баршаға мәлім, Атырау облысы – Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің орталығы, ел экономикасының дамуына үлес қосып отырған аймақ. Өңірдің экологиялық жағдайы, тұрғындардың денсаулығы – біз үшін ең басты мәселе. 2023 жылы әкімдік Қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия құрып, кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдады. Құрамына өңірдің белді экологтары, сарапшы мамандар енгізілді. Осы комиссияның ұсыныстары негізінде жоспарлар пысықталды. Соның ішінде, өңірдің экологиялық жағдайын зерделеп, келтіріліп отырған залалдарды өтеу мәселесі де талқыға салынды. Осы мәселелерді әкімдік жүйелі шешу бағытында ұйымдастыруда. Комиссияда облысты «төтенше экологиялық жағдай аймағы» деп тану, тұрғындарға экологиялық коэффициент төлеу мәселесі де көтерілді. Бұл мәселе осы жиынның негізгі себептерінің бірі болып табылады, — деп атап көрсетті Серік Жамбылұлы.

Бүгінде экологиялық ахуалды реттеу мақсатында өңірде әлеуметтік нысандар құрылысы, коммуналдық нысандарды жаңғырту, өнеркәсіптік шығарындыларды бақылау бағытында ауқымды жобалар жүзеге асып жатыр. Соңғы жылдары облыс әкімдігі өңір жұртшылығымен бірге экологиялық ахуалды жақсартуда айтарлықтай қадамдар жасады. Ірі ресурсты жобалардан бөлек, болашақ қазіргі толқыннан ғылыми тың тәсілдерді талап етіп отыр.

– Ендеше негізделген сараптамаларға қол жеткізу – өңірдің экологиялық ахуалын сауықтырудың негізгі жолы деп түсінемін. Сіздермен бірлескен жұмыста өнеркәсіптік аймақтың биоалуандығына әсерін зерттеу, дерттің алдын алу мен емдеудің тиімді бағдарламаларын әзірлейтін нақты шараларды көргіміз келеді. Экологиялық тәуекелдерді азайту жолында барлық қажетті ресурстар мен деректерді ұсынуға біз дайынбыз, — деді облыс әкімі.

Ал Робб Батлер мен Сыла Скэндер ДДСҰ-ның қызметі мен мақсаты туралы кеңірек мағлұмат берді.

Полигонның зардабы әлі де бар

Жасыратыны жоқ, өңірде атмосфералық ауаның ластануының негізгі көздері – мұнай-газ өнеркәсібі мен көлік құралдары. «Қара алтынды» өндіру және өңдеумен айналысатын ірі кәсіпорындар, әсіресе ілеспе газды жағу процесі қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіріп отыр. Кездесу барысында белгілі болғандай, облыста экологиялық қаупі жоғары I санаттағы 83 кәсіпорын жұмыс істейді. Ол туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев баяндады.

– Атмосфераның ластануына, негізінен, ілеспе мұнай газын жағу себеп. Мәселен, 2023 жылы мұнай-газ секторындағы 12 кәсіпорын 9,2 миллиард текше метр ілеспе газ өндірсе, оның 9 миллиард текше метрі ғана қайта өңделіп, қалғаны алау арқылы өртелген. Атырау облысында топырақ ауыр металдармен қатты ластанған, әсіресе Теңіз бен Прорва кеніштері маңында қорғасын мөлшері қалыпты деңгейден 2-12 есе артық, мырыш – 18-29 есе, күшәла (мышьяк) – 15-30 есе артық. Бұл көрсеткіштер мұнай кәсіпорындарының атмосфералық шығарындыларымен тікелей байланысты, — деп нақтылады облыс әкімінің орынбасары.

Марат Бисенғалиұлының айтуынша, облыстың негізгі су артериясы – Жайық өзені. Алайда соңғы жылдары су тапшылығы байқалып отыр. Жыл сайынғы судың келуі – 9,5 миллиард текше метрдің орнына тек 5,9 миллиард текше метр ғана. 2018 жылы Жайық өзенінде 120 тоннадан астам балық қырылды. Бұған себеп – өзен суының өндірістік нысандардан тараған хлорлы заттармен ластануы.

– Жерасты суы да ауыр зардаптарға ұшырауда. Мұнай өнімдерінің төгілуі, бұрғылау қалдықтарының көмілулері мен герметикалық емес ұңғымалар салдарынан судағы ауыр металдар, мұнай өнімдері, хлорлы органикалық қосылыстар мен фенолдардың мөлшері 2-8 есе артық көрсеткіштерге жеткен. Құрманғазы ауданындағы «Азғыр» полигонында 1966-1979 жылдар аралығында 17 жерасты ядролық сынағы жасалған. Радиоактивті заттар суға өтіп, топырақта цезий-137 және басқа да радионуклидтер шекті мөлшерден ондаған есе жоғары деңгейде анықталған, — деп ол нақты мысалдар келтірді.

Қызылқоға ауданындағы «Тайсойған» әскери полигонында 1950-1970 жылдар аралығында 24 рет ядролық сынақ жүргізілген. Одан бөлек бұл аумаққа 300-ден астам зымыран бөлшектері құлаған. Олардың құрамында уландырғыш гептил отыны бар екен. Соның кесірінен топырақ пен су ластанып, жануарлар, тіпті тұрғындар арасында да туа біткен патологиялар таралғаны рас.

– 1980 жылдан бері аймақта орташа температура +4°C-қа артқан, бұл жер деградациясын үдетіп отыр. Қызылқоға ауданында құрғақ климат, өсімдіктің әлсіз қабаты, жел эрозиясы, Жылыой ауданында техногендік жүктеме, топырақтың бұзылуы, Мақат пен Махамбет аудандарында мұнай өндірудің салдары, жайылымдардың тұздануы мен тозуы, Каспий маңы ойпатында құмды топырақ, жиі болатын құрғақшылық пен тұздану байқалады. Мәселені шешу үшін тұрақты жер пайдалану әдістерін енгізу, жайылымдарды қалпына келтіру, фитомелиорация мен бұзылған жерлерді рекультивациялау қажет, — деп нақтылады М.Мурзиев.

Облыстағы экологиялық жағдай әлі де күрделі күйде. Атмосферадағы күкіртті сутегінің жоғары концентрациясы, мұнай өндіру аудандарындағы топырақтың ауыр металдармен ластануы, беттік және жерасты суларының тапшылығы мен ластануы, «Азғыр» және «Тайсойған» полигондары маңындағы радиациялық ластану ошақтарының зардабы халыққа тиіп отыр.

Сол себепті, жағдайды жақсарту үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс қажет. Яғни, мониторинг жүргізіп, ластануды азайту керек. Қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды күшейту қажет. Өңір басшысының орынбасары осы мәселелерге айрықша назар аударуды қаперге берді.

Аурушаңдық неге көп?

Қазақстанда ауаны ластаушы зиянды шығарындылардың көлемі бойынша Атырау өңірі Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе мен Ақмоладан кейін бесінші орында екен. Облыстық экология департаментінің мәліметінше, ауа бассейні ластануының 85 пайыздан астамы өңірдегі мұнай-газ өндіру және оны өңдеу саласындағы кәсіпорындарға тиесілі.

Экологиялық жағдайға ең үлкен әсерін тигізетін фактор – өңірде жетекші орын алатын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардан шығатын зиянды заттардың атмосфераға таралуы. Олардың қатарында «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC компаниясы, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС және «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ бар.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиевтың айтуынша, облыс халқы арасында аурушаңдықтың көбеюіне тұрғындар санының көбеюі де әсер етіп отыр. Соңғы он жылдан астам уақытта атыраулықтардың саны 26 пайызға көбейген. Аурушаңдық 19,4 пайызға артқан. Тұрғындар арасында ең көп таралғаны – тыныс алу жолдарының ауруы. Сондай-ақ, қалқанша безі мен онкологиялық аурулар да көп.

Биомониторингтің тиімділігі неде?

Қайткенде де, зауыттар мен ірі кәсіпорындар жергілікті тұрғындардың саулығына кері әсерін тигізуде. Алайда оны нақты деректермен дәлелдеп, тиісті органдарға жеткізу үшін жалаң сөз жеткіліксіз. Атыраулықтардың тынысының тарылып, зиянды шығарындылардан тұншыға бастағанын нақтылайтын арнайы зерттеулер керек.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық орталығының қоршаған орта және денсаулық сақтау саласы бойынша сарапшысы Ирина Застенскаяның айтуынша, ең алдымен, адам ағзасына зиянды факторлардың әсер ету ұзақтығын бағалау қажет.

– Бұл жай ғана скрининг емес, әлдеқайда терең зерттеу. Сондықтан оған тек дәрігерлер емес, міндетті түрде тәуелсіз тараптар да қатысуы тиіс. Тіпті бір емес, үш тараптың қатысқаны жөн: дәрігерлер, экологтар және қоғам өкілдері, — деді ол.

Айтпақшы, мұндай ұсынысты облыс әкімі де жасаған еді. Осындай көп векторлы мониторинг нәтижелері ағзадағы зиянды заттардың жалпы деңгейін және олардың ағзаға түрлі жолдармен түскен кездегі биологиялық әсерін, мысалы, зат алмасу жылдамдығы, басқа да үдерістер арқылы анықтап береді.

Биомониторинг нәтижелері қоршаған ортаның улы заттармен ластануын азайтуға бағытталған қосымша шаралардың қажеттілігін айқындауға көмектеседі. Ал адам биомониторингі арқылы қандай маңызды сұрақтарға жауап алуға болады?

И.Застенская атап өткендей, мұндай зерттеу халық саулығына зиянды заттардың әсер ету деңгейінің қауіпті, әлде қауіпсіздігін көрсетеді. Сондай-ақ оның ықпалын, қай жас топтарының ең көп зардап шегетінін, қандай химиялық заттардың денсаулыққа төндіретін нақты қауіп екенін анықтауға мүмкіндік береді.

– Бұл жерде де көптеген критерий бар, себебі денсаулық тек аурудың немесе дене кемістігінің жоқтығымен өлшенбейді, ол – адамның толық физикалық, рухани және әлеуметтік әл-ауқатының жай-күйі. Ал ол өзара байланысты: әлеуметтік, экономикалық және саяси факторлар, соның ішінде әскери қақтығыстар, әлеуметтік тұрақсыздық. Сонымен қатар, жаһандық экожүйеге әсер ететін климаттың өзгеруі, табиғи апаттар – су тасқыны, құрғақшылық, дауылдар жатады. Сондай-ақ табиғи экологиялық факторлар – ауа мен судың ластануы, шудың әсері, топырақтың сапасы және тағы басқа көптеген жайттарды да ескерген жөн, — деді ДДСҰ сарапшысы.

Р.S.

Ұйымның Еуропалық орталығының қоршаған ортаны қорғау және денсаулық сақтау саласындағы өкілі Синаян Нетаньяхудың айтуынша, өзекті әрі күрделі мәселелерді шешу үшін зерттеу жұмыстарына ғана жүгіну аздық етеді. Әрекетті қазірден бастау керек.

– Экологиялық кодекске сай нормалардың сақталуын талап ету керек. Сондай-ақ азаматтардың денсаулығын қорғауға қайшы келетін немесе жағдайды ушықтыратын кез келген заңнамалық баптарды қайта қараған жөн. Егер азаматтардың қолайлы қоршаған ортаға құқығы бұзылса, бұл – Конституцияға қайшы әрекет. Мұндай жағдайда өңірге өтемақы қарастырылуы да әбден мүмкін. Ол қосымша жеңілдіктер, қайырымдылық қорларына немесе әлеуметтік бағдарламаларға қаржының артуы, тіпті облыстың әр тұрғынына бағытталған тікелей көмек түрінде болуы ықтимал, — деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button