
Табиғат таза болсын десеңіз…
«Таза Қазақстан» акциясы экологиялық мәдениет пен табиғатқа деген қамқорлықты арттыру мақсатында өз нәтижелерін бере бастады. Бұл шаралар еліміздің табиғи байлықтарын сақтау, экологияны қорғау және «жасыл экономика» концепциясын дамыту жолында маңызды қадам болып табылады. Бүгін «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық аясында «Таза Қазақстан – жасыл өлке» көгалдандыру шарасы өтті.

Абай атындағы Атырау қаласының оқушылар орталығы директорының міндетін атқарушы Мақаш Ілиясовтың айтып өткеніндей, еліміздегі экологиялық бастамаларды қолдауға бағытталған шараның негізгі мақсаты – еліміздің экологиялық жағдайын жақсарту, табиғатты қорғау және жасыл желекті көбейту арқылы қоршаған ортаны таза ұстау.
-“Таза Қазақстан” республикалық акциясы өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен басталып, еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды.
Аталған акция екі мәселені көздеп отыр. Біріншіден, ел аумағын тазарту және абаттандыру. Екіншіден, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Бүгінде бұл шараға Абай орталығының №3 бірлестігінің оқушылары да өз үлестерін қосып келеді. Оқушылардың қатысуымен өткен оқу жылында “Таза жағалау” акция жүргізілді.
Бұл бастама қоғамның экологиялық сана-сезімін нығайтуға, сонымен қатар тұрғындардың табиғатқа деген құрметін арттыруға бағытталған», – деді ол.

Бүгінгі шара көгалдандыру жұмыстарына арналды. Алдымен, “Табиғат — балалар көзімен” оқушылардың жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге аталған оқушылар орталығының үйірме қатысушылары өздерінің табиғат туралы суреттері мен қолөнер туындыларын ұсынды. Ерекше ықыласпен жасалған жұмыстардан балалардың табиғатқа деген көзқарасын байқауға болады.
«Табиғат — балалар көзімен» көрмесі экологиялық мәдениетті дамыту мен балалардың табиғатқа деген қамқорлық сезімін оятуда үлкен рөл атқарып қана қоймай, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға да ықпал етті.
Әрі қарай “Жасыл аймақ” аталған бөлімде #3 бірлестік оқушылары біржылдық және көпжылдық сәндік аула гүлдерін, көкөніс дақылдарын және қылқанжапырақты ағаштардың тұқымдарын екті.
Аталған бірлестіктегі Көкөніс өсірушілер үйірмесінің жетекшісі Эльвира Қасанованың айтуынша, көктемде осы көгалдандыру жұмысы жалғасады екен.
-Яғни, тұқымнан өсіп шыққан көкөніс дақылдарының, гүлдердің көшеттері аулаға отырғызылады. Жалпы, жасыл желек өсіруге деген балалардың қызығушылықтары ерекше. Әсіресе, практикалық жұмысқа асқан ықыласпен қатысады. Үйірмеден үйренгендерін үйлерінде іске асырып, көкөніс, түрлі гүл өсіріп жүргендер көп,- дейді үйірме жетекшісі.
Ал, кішкентай Алихан Серіктің гүл өсіруді серік қылғанына көп бола қоймапты. Үйірмеде өтетін сабақтардан қалмауға тырысады екен.
«Таза Қазақстан – жасыл өлке» акциясы барлық аймақтарда бір уақытта өткізілді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ