Жарнама
Экология

Жем бойы. Сабыр. «Қара алтын».

(тарихи байымдама)

Назарбек ҚОСШИЕВ, жазушы, деректанушы

Біздің елде мұнайдың арғы-бергі тарихы көп жазылады. Қазақшасы да, орысшасы да жеткілікті. Тіпті, Қазақстанды қойып, Ресейден де «мұнайтанушылар» көп келеді, келіп те жатыр. Соңғы ширек ғасырда бұл тақырыпқа жазбаған адам жоқ, білетіні бар, білмейтіні бар, жапатармағай жазып жүр. Қынжылтатыны, солардың жартысынан астамы бірін-бірі қайталайды. Егер соны бетіне басып айта қалсаңыз, тайдай тулап, айналасын азан-қазан қылатындар көп. Бір ғажабы, орысшадан қазақшаға аударып, тіпті қазақша жазылғандардан «жиендік» жасаушы сол «жазғыштардың» дені – мұнай туралы ұғымы төмендер. Олай дейтінім, олар қазақ жеріндегі «жермай» ұғымының қашан пайда болғанын емес, күні кешегі Қарашұңғылдан мұнай алынғаннан бергі кәсіпшіліктердің жағдайы, одан да гөрі аты танылып, даңқы асқан мұнайшылар әулеттерін айналсоқтап қана жүр. Бұл да бір күнелтістің көзі шығар!..

Д.Ергиннің 2013 жылы қазақ тілінде шыққан құнды еңбегі осы.

Мұнай туралы мәліметтер іздей жүріп, үйдегі кітапханамдағы бұрын оқыған «ҚАЗЫНА. Мұнай, ақша, билік үшін күрестің бүкіләлемдік тарихы» атты қалыңдығы бес елі кітапты қайтадан парақтай отырып, кейбір өзіндік пікірлерімді өзгертуге мәжбүр болдым. Америкалық зерттеуші ғалым, энергетика, халықаралық саясат және экономика саласындағы танымал қайраткер, жазушы, Пулитцер сыйлығының лауреаты Дэниел Ергиннің қазақ тілінде 2013 жылы жарық көрген бұл туындысында жер жүзіндегі мұнай тарихына қатысты неше түрлі шырғалаңдар айтылыпты. Ол өзінің туындысын былай деп аяқтаған:

«Ешбір дәлелдерге қарамастан таяу келешектегі бірнеше онжылдықта мұнай өз бағасына тәуелсіз түрде әлемдік саясат пен жаһандық экономиканың басты назарында болып, мемлекеттердің күш-қуатын, сондағы адамдардың тұрмысын айқындайды… «Қазына» – «Добыча» 150 жылдық кезеңге жасалған тарихи зерттеу ғана емес. Ол – энергетиканың ертеңгі әлемді қалай етіп өзгертетінін түсіндіретін бастапқы белес қана.»

Айтса айтқандай, әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған саясат серкелері мен мұрнынан құрты ыршыған бай-бағландардың ұтқан да, ұтылған да жері осы мұнайға қатысты екен. Мұны Д.Ергин де, аузымен құс тістеген саясаткерлер мен қаламгерлер де жазып қалдырыпты.

* * *

1. Жем бойы!..

Бұл өңірдің қазақтар «қара алтын» атап кеткен жермаймен байланысы қандай екенін өз бетімізше сарапқа салғанымызға көп болған еді. Түп-тұқиянын елеп-екшей келгенде, Жем бойынан жермай алынбас бұрын бұл сұйықтықтың аты сонау Нұх пайғамбар заманында-ақ естілген екен. Бірақ ол кезде «мұнай», «нефть», «қара алтын» деген ұғымдармен емес!..

Інжіл кітабында Нұхтың кемесіне су кірмес үшін асфальт жаққан деген сөз болған-мыс. Ал, асфальт – мұнайдан алынатын өнім.

Ежелгі аңыз бойынша Мұса пайғамбардың анасы мен баласын да өлімнен құтқару үшін шыбықтан тоқыған кәрзеңкенің сыртын асфальтпен майлап, оған баласын салып, Нілдің суына ағызып жіберген көрінеді.

Тағы бір көне жазбада парсы жеріне ауып келген жебірейлердің басшысы қою лай суды тасқа шашып, от жағып қараса, оның жанғанына көз жеткізгені жазылыпты. Бұған аузын ашып, көзін жұмып таңданған бас жебірей Иран патшасына мәлім қылады. Болған жайды тәптіштеп айтып болған соң Иран билеушісі оның не құдірет екенін сұрайды, сонда жебірей оны «НЕФТАР» деп атайтынын айтады.

Мұны егжей-тегжейлі жазған кеңес дәуіріндегі көрнекті қайраткер, жазушы Сабыр Шарипов екен. Оның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында (1982 жылы) жарық көрген екі томдық шығармалар жинағының ІІ томындағы бұл мәліметтерді С.Шарипов сонау 1924-1928 жылдардың аралығында «НЕПТІ» деген тақырыппен жазыпты. Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Есмағамбет Ысмайылов сынды халқымыздың қайталанбас ұлдарымен жақсы қарым-қатынаста болған Сабыр бұл еңбегін 1928 жылы жазып бітіргенмен, баспаға келесі жылы берген көрінеді. Неге екені беймәлім, кітап 1930 жылы ғана «Қазақстан» баспасынан екі тілде жарық көрген.

Бір ғажабы, мұнай-газ өнеркәсібінен еш хабары болмаса да, 1924 жылы Ақмоладағы губатком төрағалығынан ол бірден Орталық партия комитетінің Орал-Жем аймағындағы өкілі болып жіберілген. Татар жігітіне мұндай «жер аудару» оңайға түспесе де, Батыс Қазақстандағы кәсіпшіліктер жұмысын үйлестіріп, тұрақты мұнай өндірісін жолға қоюға жүрексіне тұрып, белсенділікпен білек сыбана кіріседі.

Жайық пен Жем өзендерінің аралығындағы алып аумақты ол өз еңбегінде (С.Шарипов. Екі томдық шығ. жинағы. Алматы, «Жазушы», 1982 ж., 485-б.) былай деп суреттейді:

«Орал-Жем аймағы деп, Жем өзені мен Жайық өзендерінің аралығындағы аудандықты айтады. Орал – Жайық өзені де, Жем өзені де Каспий теңізіне келіп құяды. Осы екі өзеннің құйылысының аралығы 100 шақырымнан артығырақ. Жайық өзенінің басы теңізден тура Темір қазыққа қарай кетеді де, Жем өзенінің басы күн шығыс пен Темір қазықтың орталығына қарай кетеді. Жоғарырақ барған соң бұл екі өзеннің арасы 300 шақырымнан асып кетеді. Осы жердің бәріне де, Ташкент пен Орынбор екі ортадағы от арба жолына дейін Орал-Жем аймағы дейді. Бұл аймаққа Гурьев (Үйшік) уезі түгелімен, Ойыл уезі түгелімен, Темір уезі түгелімен, Жымпиты уезінің дені және Адай елінің көп жері осыған қосылады. Қысқаша айтқанда бұрынғы Орал (Теке) губерниясының жарымынан артығы Орал-Жем аймағына кіреді…»

Мақат кәсіпшілігіндегі мұнай бұрғылау мұнарасы. 1917 ж.

Біз стилін сақтап, еш өзгеріссіз алып отырған «Непті» деген осы еңбегінде автор үлкендігі 100 мың шаршы шақырымдай болатын Орал-Жем аймағының қай жерінде де мұнайдың жер үстіне шығып тұрған белгісі барын атап көрсеткен.

«…Атағы шығып, жұртының аузына баяғыдан ілініп жүрген жерлер мыналар: Ақ өткел, Бекбеке, Бесбөлек, Білеулі-Ескіне, Ыстық жал, Қара түн, Қара шұңғыл, Қасқыр бұлақ, Көлжан, Матынғож, Мұнайлы, Нармұнданақ, Қамысқала, Сатыпалды, Сартөбе, Тамды көл, Тас құдық, Тентек сор, Төлеген, Қара су, Шеңгілді бұлары Доссор мен Мақатқа қарайды. Ауданның орталығындағы жерлері Ойылға таман: Ақ ши, Әлімбай, Жанғабақ, Жосалы сай, Иман қара, Қанжығалы, Қара Мұрат, Қара сай, Құйғара, Қопа күтір тас, Қызыл көл, Тас берді, Түгүскен, Орыс қазған, Шилі сай, Темір қазық пен күншығысқа қарай жатқан бөлектері: Ақ шоқы, Алаша қазған, Жаман ағаш, Жаман қабыланды, Жуса, Дөңгелек сор, Ене сай, Кейкі бас, Қияқты сай, Қопа қарағанды, Қос құл, Құр сай, Қызыл жар, Май құдық, Мартук, Мұнайлы сай, Мырза адыры, Сарылық, Сұр құдық, Тас кемер. Осылардың бәрінен де мұнайы үстіне шығып, білініп тұр. Кей жерлерінде құмдықта, балшықта саз болып жатады. Кей жерлерде құдықтардан шығады. Солардың үстіне шығып жайылады…»

Зер салып қарасаңыз, еш қоспасыз шындық. Зердесі терең Сабыр тек Жем бойы емес, Жемнен Жайыққа дейін, тіпті одан арғы Айдархан (Астрахан), Орал (Теке), Үйшік (Атырау) қалаларының аралығындағы 3-4 жүз шақырымдық кең өлкені аз уақытта тұтас зерттеп, санасына мықтап құйып алған. Онымен келіспеске амал жоқ, себебі осы айтылғандардың барлығынан дерлік «қара алтын» атқылап, одан түскен табыс елдің еңсесін тіктеуіне жұмсалғанын сарғайған қағаз-құжаттар айғақтайды.

Батыс өлкедегі мұнай қабаттарын зерттеп, оны өндіру ісіне тыңнан келіп қосылса да, 1924-1932 жылдардың аралығында Доссордан мұнайшылар кентінің типтік үлгісін жасақтап, мұнай өндірісі үшін маман дайындау мақсатында тау-кен өнеркәсібі училищесін ашуды қолға алды. Ағайынды Нобельдер мен Леманның ғасыр басында Еуропадан келіп жасақтаған Доссорын енді шын мәніндегі мұнайдың ордасына айналдыруға аяусыз тер төккен жан осы С.Шарипов еді. Ол тек мұнайлы Ембіні емес, қазақ даласының батыс өлкесіндегі қазіргі мұнай кеніштерінің барлығын зерттеп-зерттетіп, келешектің қамын бір ғасыр бұрын жасап кеткен стратег-басшы болған.

Әйтпесе, көмірсутегі қорының мол қысымының әсерінен кейбір аумақтарда кәдімгідей от болып жанып, жер астынан шығып тұратын газ факельдерін көрген оқу құтармаған ата-бабамыз «бұл жерді жын-пері иеленген», «Шайтантөбе», «Шайтанкөл» деп атап, надандықтың кесірінен сол аймақтан үдере көшіп, қоныс ауыстырып кеткенін әлі күнге дейін аңдамай келеміз. Ал, шынында жын-пері дегеніңіз тек иен даланы мекендемейді, халық көп шоғырланған қаладағы үй-жайларда да (бүгінгі ғаламат технология заманына қарамастан) бар құбылыс.

Демек Нұхтың кемесі мен Мұса пайғамбардың баласы салынған кәрзеңкені майлаған асфальт, қала берді тасқа шашса да от болып жанып, жебірейлерді таңғалдырған қою лай су қайдан шыққанына терең ой жіберіп көрдіңіз бе?!

Соның барлығы патшалық Ресей империясының билеушілерін де қатты ойландырса керек. Ақыры, Еділден Алтайға, Сібірден Тәңірі шыңына дейін керіліп жатқан ұланғайыр даланы зерттеуге бекінеді де, XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың бірінші жартысында Иван Лепёхин, Пётр Рычков, Пётр Симон Паллас, Григорий Гельмерсен және солармен теңдес мықты оқымыстыларының басшылығымен экспедиция құрып, сайын сахараға кезек-кезек аттандырып отырады. Экспедициялардың жинақтаған материалдары сол дәуірдегі аз таралымды ғылыми журналдар мен хабаршыларда жарияланғанымен, кейін терең «зындандарға» салынған. Бүгінде көрші елдің құпия мұрағаттарынан көрініп қалып жүрген гидрографиялық, топографиялық мәліметтері, тіпті пайдалы қазбалардың қысқаша геологиялық бағалау қорытындылары түптің түбінде сол жиһанкездердің маңдай тері.

Тағы қай жерде не жатқанын қайдам, біздің анықтағанымыз – Жем бойы мен Жайықтың аралығында жер бетіне шығып жатқан мұнай іркінділері туралы тұңғыш ресми жарияланымды Ресей империясының тау-кен ғылымы туралы 1825 жылдан бері шығатын көне басылымы – «Горный журналда» 1840 жылы геология инженері Евграф Ковалевский жазған. Арада 20 жыл өтіп, «жермайға» әлемнің көзқарасы арта бастаған шақта орыс патшалығының тағы бір саяхатшы ғалымы Николай Северцев қазақ даласына жасаған саяхатының есебінде Мұнайлы бұлақ туралы айтып, төбе басынан аққан мұнайдың сол маңдағы тұзды-сулы көлге құйылып жатқанын көрсеткен. Кейін ғалымдардың шұқшия зерттеуінің арқасында Северцев көрсеткен Мұнайлы бұлақтың қазіргі ДОССОР (Дос-Сор) екені айқындалды.

Осыдан бастап мұнайдың құдіреті де жер жүзінде арта бастады. Оған дейін тек қорғаныс өнеркәсібі мен металлургиядан басқаға ден қойып көрмеген патша ағзам мен оның төңірегіндегілер соғысу үшін де металдан басқа өнеркәсіпті өрістету қажеттігін, дүние жүзінің небір мықты ғалымдары ден қоятын мұнайдың тиімділігіне назар аударатын болды.

Әр жиһанкездің саяхатынан жиылған азды-көпті материалдарға сүйенген Ресей империясының Геологиялық комитеті қаржы бөліп, тау-кен инженері Д.Кирпичниковті 1874 жылы Қарашұңғыл, Иманқара мен Доссор жерлерін зерттеп келуге жұмсайды. Ол өзінің қорытынды есебінде Доссор туралы «бұл жерде мұнайдың мол қоры бары анық, бірақ бұл байлықты игеру өте қиын, себебі ол жерде тұщы су да, қатынас жол да жоқ» деп жазған.

Сөйтіп, Жем өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына таман жермайдың мол қоры барына әбден көзін жеткізіп алған патша өкіметінің мәліметтерін малданған Рязань-Урал теміржол қоғамы Геологиялық комитетпен тізе қоса отырып, болашақта салынуы тиіс күре жолға жақын маңнан бірнеше ұңғы қазуды қолға алады. Әуелі тайыз ұңғылар қазу үшін ол аумақта барлау жасау міндеті алдыңғы кезекке қойылған. Сондағы Геологиялық комитет мүшесі, атақты геолог Сергей Николаевич Никитиннің жетекшілігімен алғашқы геологиялық мұнай барлау және іздестіру жұмысы басталған жер Каспий теңізінің терістік шығыс іргесіндегі Ескене (С.Шарипов көрсеткендей ЕСКІНЕ емес!) болатын. Бұл 1892 жыл еді. Оның нәтижесі теріс болмаса керек, келесі жылы дәл осындай жұмыстар бірден бірнеше аумақта – Доссор мен Мақатта, Қаратүн мен Қарашұңғыл мекендерінде қолға алынды.

Қазақтың қымыз, шұбатының құдіреті мен табиғи бұлақ суы, лай балшығының қасиетін әбден ұғынып алған казак-орыс, Орынбор түбіндегі Тұзтөбеден келген адвокат Юрий Лебедев деген алыпсатар көпес 1895 жылы Сағыз өзенінің бір саласы – Терісаққанның бойындағы Дөңгелексор деген жерден мұнай барлай бастайды.

Егер халық әуендерінен хабары бар жан осы жерде «Жылой» әнінің сөзіне мән бергені жөн:

Орынбор, Тұзтөбенің тұзын көрсең,

Жылойдың таңғаларсың қызын көрсең.

Атыңнан түскен қайтып міне алмайсың,

Қалқаның судан қайтқан ізін көрсең.

Торы айғыр тоқпақ жалды тоғайда бар,

Қыпша бел, жазық маңдай ноғайда бар.

Көрінген қыздың бәрі сұлу емес,

Сұлу қыз көзі қара Жылойда бар!..

Байқадыңыз ба, Жылой мен Тұзтөбенің барыс-келісі, тіпті ноғайлармен қарым-қатынас та әуелден болған. Тұзтөбеден балшықпен емдеу орнын елден бұрын (1875 жылы) ашқан жергілікті казак-орыс сол жерде бие байлап, келгендердің мейірін қымызбен қандырып та отырыпты. Ал, Жылойдың қазақтары сол кезеңде төрт түліктің тісіне еріп, Тұзтөбеге дейін барғаны бесенеден белгілі.

Демек Жем бойымен ішкі қырындысына дейін араласып кеткен, табыстың көзін дөп баса білетін Лебедев Дөңгелексордан жермай алып сатса, ұтылмайтынын әбден есептеп қойса керек. Амал не, мұнай өндіруге салған ақшасы таусылып, ақыры сарыуайымнан қайтыс болғанда, Нева жағалауында Еуропа жұрты мен ағылшын алпауыттарымен тонның ішкі бауындай араласып жүрген отставкадағы гвардия штабс-капитаны Николай Леман мен саяхатшы Михаил Грум-Гржимайлоның 1889-1890 жылдардан бастап-ақ Жем бойына «ықыласы құлап» жүр еді. Сөйтіп, олар Леман әулетімен әуелден дос-жар жүретін генерал-майор Георгий Григорьевич Доппельмайер салған инвестицияға М.Грум-Гржимайлоның ықпалымен Ресей үкіметінен Гурьев және Ілбішін уездеріндегі мұнай кеніштерін барлауға шектеулі көлемде концессия сатып алады. Кейін анықтағанымыздай, бұл Былан, Қарабайлы, Жем, Жем-Атырау, Қарашағыр және Кермеқас болыстарына қарасты аумақ, қазіргі Жылыой, Мақат аудандарының территориясы мен Қызылқоға ауданының бір бөлігі ғана екен.

Сосын олар осы өлкені бұрыннан зерттеген тәжірибелі маман Сергей Никитинмен зерттеуді жалғастыруға уәде байласады. Олар түпкі ойын жүзеге асыру үшін 1893 жылы Баку көпесі К.Л.Кванстрем және ағылшын азаматы И.А.Кеммингпен бірге Бакудегі кірпіш зауытының ісін жүргізу мақсатында «Атлас» сауда үйін құрады. Бірақ ол аты ғана, сол жылдан бастап ол ағайынды Нобельдер, өзге де бірнеше мұнай серіктестігінің сеніміне кіру арқылы өкіметтік несиеге қол жеткізген. Түскен табысқа С.Никитин барлау жасап жатқан Доссор кен алаңына қолмен мұнай бұрғылайтын екі станок орната бастайды. Оған керекті жұмыс күшін жергілікті адамдардан алады. Осылайша, бес-алты жыл толассыз жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Жем өзеніне жақын Қарашұңғылда тұрған №7 ұңғыдан алғашқы мұнай бұрқағы атқылапты. 42 метр шамасындағы тереңдіктен «қара алтын» атқылаған күн тарихта мәңгіге жазылып қалды. Бұл 1899 жылдың 13 қарашасы болатын.

Қазақ даласынан өндірістік мақсатта алғаш мұнай алынған сол күннен бері сынаптай жылжып, арада 125 жыл уақыт өткен екен!..

* * *

Жем бойы!.. Ембі!..

Екеуі де жылнамаға жазылып қалған атаулар. Енді оны тарих тақтасынан сүртіп тастау мүмкін емес, ел-жұрттың жадына әбден жатталып, жазба деректерде мәңгіге қатталған. Бірақ бұл атаулардың арғы төркінін бүгінде терең түсіндіріп беретіндердің саны күн санап азайып бара жатыр. Оның себебі – жер-судың тарихын, өлкенің шежіресін білетіндер көсенің иегіндегі қылдай санаулы.

Сол үшін де үйдегі кітап қорына мұқият үңілдік. Кеңес өкіметі орнағаннан бері айтылып та, жазылып та жүргені – Ембі атауы. Жұрттың басын қатырып, ел алдында білгішсініп қайтеміз десек осымен жылы жауып қоя салуға да болады. Онда жоғарыда өзіміз келтірген Сабыр Шариповтың «Орал-Жем аймағы» деген сөзіне жауап таба алмай қаларымыз кәдік.

Мұнай кәсіпшіліктеріне қыр қазағы осылай көшіп келген. Доссор маңы.

Қысқасы – былай!..

Өзімізге жақсы таныс, Мұғалжар тауын қазіргідей тек Ақтөбе облысының аумағында деп танысақ, оңбай қателескеніміз. Бастысы, мұндай шолақ ойлау тарихқа шорқақтығымызды аңғартады. Шындығында ол Орал тауының сілемденген соңғы қырат-жотасы екеніне жағырапияны жақсы түсінетін пенде атаулының еш шүбәсі жоқ.

Сол Мұғалжардан әрі қарай ағып, Жайық деген жанды суға құятын Елек деген өзен бар да, Каспий көліне қарай үш өзеннің көлденеңдеп ағатынын ықылым заманнан атам қазақ жақсы білген. Арғы дәуірдегі мән-мағынасы қалай болғанын қайдам, біздің көзіміз қара танығалы сол үш өзеннің бірін Ойыл, екіншісін Сағыз, Үстіртті етектей ағып барып, кәрі теңізге қолдың саласындай тарамдала құйылатын үшіншісін Жем деп атап жүрміз. Қазіргі әкімшілік бағыныштылығына қарай Ақтөбе мен Атырау облыстарына ортақ болғандықтан да бұл үшеуін бірінен бірін айырмай, егіз қозыдай қосақтай айтады.

Ойыл қайда, Жем қайда, Сағыз қайда,

Өткір қылыш, жүйрік ат жанға пайда… – деп, жергілікті мақамға салып әуелете шырқайтын «Ақерке» әнін де ата-бабамыз бекер шығармаса керек. Дұрысында, ешкім дөп басып мәністей алмайтын осы атауларды ұғындырып берер сөз білетін пенде де қалмады-ау шіркін.

Қай-қайсысының да түбін қазса айтатын сыры көп-ау, дейтұрғанмен әсіресе Жем өзені – көненің күмбірін келешекке апара жатқан шежіре-сырға толы шерлі су. Ғалымдардың пайым-түсінігіне бақсақ, оның атының өзі біз естіп-білмеген бағзы замандағы түркі сөзінен пайда болған деседі. Тілдің майын ішкен оқымыстылар башқұрт пен ноғай халықтарында «Иемь» деген сөз «өзен» деген мағынаны білдіреді екен. Ендеше, Жем – көне түркіден бізге жеткен сөз.

Бүгінде Мұғалжардан бері құлаған Жемнің суы жылымшыланып Жылыой ауданының аумағындағы қалың сорға сіңіп жоғалғанмен, әнебір замандарда Жем жарықтық қайырламастан, буырқанып тасыған күйі кәрі Каспийге жыл сайын құйып отырған үлкен өзен болыпты. Әрі айтып, бері толғағанда мұның теңізді толтыратын негізгі артерия болғанына еш күмән жоқ.

Міне, осы өзенді жағалай қонған қалың ел мамыр туып, құралайдың салқыны өткен соң малдың тісіне еріп Сағыз бойы мен Тайсойған құмына қарай ірге көтере көшкенмен, төрт түлікке шүйгін шөп пен адамға жайлы жайлау іздеп одан әрі Тұзтөбе, Шыңғырлау асады екен. Сол шақтарда кей жылдары сіңір созып, Орынбор мен Ордан да әрі Қазан мен Өбені (Уфа) жайлаған татар-башқұрт, мына беті Самар бойын жайлаған ормандай ел мен Шабақсарыдағы (Чебоксары) шуаш (чуваш) жұртына да сіңісіп қалып жүрсе керек. Тізе түйістіре қатар отырып, сөз сауған адам «елің қайда?», «жұртың қай жер?» деп хал-қуат сұраспай ма жүдә. Сондағы Үстірттің аңыраған желінен бас сауғалап, Жылойдың қыстаққа жайлы жылы аңғарларынан ауып барып, жүзін күн қаққан бабамыз «Жем бойының қазағымыз» деп сақалын саумаламасын ба?!

Ол заманда отыра қалып, сипалап іздей кететін карта немесе түймесін терсе туғалы естіп-білмеген қайдағы мен жайдағыны тауып беретін ұялы телефон қайдан болсын. Жем өзенінің қай жақта екенін білмеген, оның үстіне патша ағзамның көзқарасына қарай тілін үйреніп, дәстүріне бейімделе бастаған бауырлас халық – тамыр болса да шұрайлы мекеннің қожайындары «о боже, Эмба деген біз естімеген елден келген екен ғой» деп ернін сылп еткізіп, тұрып жүре беретін көрінеді. Оған құлағы үйренген орыс патшасының үйретуімен қазақ даласына келген жиһанкездер де ұланғайыр қазақ даласын картаға түсіріп, қағазға қаттағанда жергілікті қарақалтай қазақтың «бұ қай жер?» – «ЖЕМ БОЙЫ» деген жауабын «Эмба» деп түсініп, Ресей патшалығының бүкіл есеп-қисап, жазба дерегіне солай еніп кетсе керек.

Сөз реті келгенде айта кеткен артық болмас, «Нефть с берегов Эмбы» атты мақаласында кеңес жазушысы Сергей Крушинскийдің көрсетуінше, мұнай өндірісі ашылып, қарқын алғанға дейін ерікті түрде көшіп келіп балықшылар қоныс еткен Жилокоса кентінде балық сататын 78 сауда лавкасы болған. Сол арқылы тез байып, дәулет құрауды ойлаған орыс, татар, грек, тіпті түріктің шонжарлары да жан-жақтан ағылып келіп жатады екен. Мешіттен бөлек екі шіркеу, екі мектеп, 1 дәрігер, 2 фельдшер мен акушерка қызмет ететін 10 төсектік ауруханасы, жалғыз ғана терегі бар кенттегі 300-дей үйде 1943 адам тұрыпты. Олардың 979-ы орыс, 540-ы татар, 419-ы қазақ және 5 армян. Ауыз су болмаған соң жергілікті халық қыста қардың суын ерітіп ішсе, күн жылына Жем мен Каспий теңізінен су тасып тұтынған.

1912 жылы Жем (мақалада «Жилинский» деп көрсетілген) болысы құрылғанда жергілікті 509 адам ғана ресми тіркеуге алыныпты. Ал одан терістікке қарай орналасқан Жилокоса тектес Үлкен Ракуша (Большая Ракуша) кентіндегі 43 үйді 191 адам қоныс еткен. Шіркеу, орыс-қазақ мектебі мен 3 сауда дүңгіршегі (лавка) болған бұл елді мекен 1913 жылы мұнай таситын айлақ пен мұнай айдайтын екі зауыт салынған соң тұрмысын тез түзеп, түстік-шығысындағы Алтыатан (Кіші (Малая) Ракуша) мен Каспий теңізінің түстігіндегі Прорва ауылдары үшін үлкен қала іспетті еді. Ол кезде Прорвадағы 41 үйде мекен еткен 140 адам Астрахан көпесі Сиротиннің балық батағасындағы ауыр жұмысқа жегіліп, ит көзі түтін танымас жағдайда нәпақасын айырған. Бір ғажабы, Прорваның халқы аққуды атып, мамығын сатқан, сосын көпестердің қатындарына қалпағын «эспри» жасап, басындағы бір шоқ қауырсынымен әшекейлеуге сату үшін сирағы сидиған құтанқұсқа жаудай тиетін көрінеді.

Осының бәрін С.Крушинский халық шаруашылығының жоғары жетістіктері жөніндегі көркем очерктерді басатын «Наши достижения» журналының 1931 жылғы №6 санына шыққан мақаласында тәптіштей жазған. Ол заманда бұл журналға мақала шығару аспандағы Айды алғанмен тең еді, өйткені жазушы Максим Горькийдің өзі ұйымдастырып редакторлық еткен басылым 1929-1937 жылдары ай сайын 30000-100000 дана аралығындағы таралыммен шығып тұратын.

Қалай десек те, біз білгенде әлі күнге дейін ізімізден еріп, қалмай келе жатқан «Ембі» ұғымының түп-төркіні соған саяды. Одан арғысын індетіп зерттеп, терең қазып жатқан санасына Күннің нұрлы сәулесі құйылған зерделі ұрпақ болса біз «жә!» демедік.

Алайда, ата-бабасының ақыл-парасаты қонып, тек атасының түп-тұқиян сөзіне ден қойған саналы жастың көңіл қоймасында қалуға тиістісі – Жем бойы. Оны ұмытып, «Ембі» деп ернін қозғауы бойында қазақтың қаны ағып жатқан ұл үшін тым ұят!..

Жалғасы бар…

*Пайдаланылған үзінділердің стильдік ерекшеліктері өзгеріссіз сақталды.

(Суреттер ашық дереккөздерден және www.fox-notes.ru сайтынан алынған)

Коллаж: «Егемен Қазақстан»

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button