Жарнама
Экология

Шығарындыны азайтудың жолы қандай?

АТЫРАУ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНДА ЖҮРІП ЖАТҚАН ЖОСПАРЛЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ӘСЕРІ ҚОҒАМДЫҚ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ. КЕЗДЕСУДЕ МАМАНДАР «ТАЗАЛЫҚ» ЖОБАСЫНЫҢ БАРЫСЫ, СОНДАЙАҚ АУАҒА БӨЛІНЕТІН ЗИЯНДЫ ШЫҒАРЫНДЫЛАРДЫ АЗАЙТУ МАҚСАТЫНДА ҚОЛҒА АЛЫНҒАН ЗАУЫТТЫҢ «ЖОЛ КАРТАСЫН» ДА ТАНЫСТЫРДЫ.

Мұнайлы өлке тұрғындары өндіріс орнынан шығатын түтін, жағымсыз иіске байланысты жиі шағымданады. Алайда, кəсіпорын басшылығы оны көп жағдайда ескере бермейтіні байқалатын. Осы себепті өңірде қоғамдық экологиялық кеңес құрылған еді. Бұған дейінгі отырыста да бірнеше мəселе қаралып, қарармен шешім қабылданған болатын. Олардың барлығы дерлік тиісті органдарға жіберілген. Ал, бұл жолы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Кəсіпорынның бас технологы Наиль Хакимовтың айтуынша , жоспарлы жөндеудің бірінші кезеңінде технологиялық, электркүшті, компрессорлық жəне динамикалық қондырғыларды қауіпсіз əрі сенімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілген.

– Екінші кезеңде аппараттарды, технологиялық пештермен құбырларды тексеруден өткізу, насостықкомпрессорлық, энергетикалық, бақылау-өлшеу құрылғыларын жөндеу жəне ескіргендерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу барысында аппараттарды бумен тазалау операциялары жабық жүйеде өтетіндігін атап айтқан жөн. Егер бұрын көмірсутек пен будың қосындысы ауаға жіберіліп келсе, енді бұл жұмыстар қоршаған ортаға əсерсіз, конденсатты дренаждық жүйеге жіберу арқылы іске асырылады, — деді Наиль Хакимов.

screenshot 4 9

Ол сондай — ақ , зиянды шығарындылардың санын азайтуға бағытталған «Жол картасын» кеңес мүшелеріне таныстырды. Бағдарлама аясында ашық түсті мұнай өнімдерін герметикалық құю эстакадасына жіберу, баяу кокстеу қондырғысында буды қайтару блогын салу жəне резервуарлық парктерде понтондар орнату шаралары іске асырылмақ.

«Жол картасына» сəйкес, келесі жылы АМӨЗ бензин мен реактивті отынды құюға арналған жаңа насостық станция салуды жоспарлап отыр. Ол іске қосылғаннан кейін ашық түсті мұнай өнімдерін құю процесі зауыттың аумағынан тыс жерде, автоматтандырылған қондырғыда іске асатын болады. «Қаз Мұнай Газ» ҰҚ» АҚ ғылымдық-техникалық кеңесі зауыттың ұсынысына қолдау білдірген. Алдағы уақытта жобалау жұмыстары басталмақ. Жоба сəтті жүзеге асса, ашық түрдегі құю процесі кезіндегі көмірсутек шығарындыларының көлемі айтарлықтай азаяды.

Сондай-ақ, «Жол картасында» баяу кокстеу қондырғысында буды қайтару блогының құрылысы жоспарланған. Бұл блок кокстік камераларды қыздыру, салқындату жəне булау процестерінен кейін пайда болатын көмірсутек пен судың қалдықтарын жинап, бөлуге арналған. Энергия мен ресурстарды үнемдеп , зиянды шығарындылардың көлемін азайту мақсатында АМӨЗдегі резервуарлық парктерде понтондар орнату жұмыстары жүргізіліп жатқаны да белгілі болды. Ол сұйықтықтардың жануымен булануының алдын алады, дəлірек айтқанда қоршаған ортаға əсерін азайтады. Резервуарлық парктерде понтондар орнату көмірсутектің қалдықтарын 1,5 пайызға азайтады деп күтіліп отыр. Қоғамдық экологиялық кеңес отырысында зауытта жоспарлы жөндеу жұмыстарының кейінге шегерілуі салдарынан көптеген бөлшек пен желдету жүйесі, құбырлардың ескіргені атап айтылды. Бүгінде олардың барлығы қайта қалпына келтірілген. Басты ерекшелік, зауыт жөндеу жұмыстарын кідіріссіз, кезең-кезеңімен жүзеге асырған.

«Тазалық»: кезекте 3-ші және 4-ші сектор Қаланың ағын сулары мен өндіріс қалдықтары жиналатын «сасықсайды» табиғи қалпына келтіруді көздейтін «Тазалық» экологиялық жобасы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. АМӨЗ бұл жұмысты 860 гектар аймақта жүргізіп жатыр. 2019 жылы бастау алған бағдарлама аясында зауыт сарқынды суларды тазарту қондырғысын жаңғырту бойынша жобаны іске асырады. Ағынды суларды тазарту қондырғыларының құрылысы үшке бөлінген: жабық типті механикалық тазарту нысанын салу, биологиялық тазалау қондырғыларын жаңғырту, булану алаңдарында дренаждық жүйелерді салу жəне булану алаңдарын қалпына келтіру.

Осылайша, тазартылған сарқынды сулардың сапасы қалыпты көрсеткішке жетіп, қатты заттарды ағынды суларға жіберу тоқтатылады. Биыл булану алаңдарының 1 жəне 2 секторы қалпына келтірілді. Оның аумағы 465 гектарды құрайды.

АМӨЗ-дің булану алаңдары 1945 жылы зауыттың өзінен ағынды суларды қабылдау үшін салынған. Кейіннен облыс орталығының аумағы ұлғайған кезде барлық қалалық ағынды сулар мұнай өңдеу зауытының булану алаңдарына бағытталды. Бүгінде ол алқаптар құрғатылып, қамыстары шабылған. Биыл сондай-ақ нормативтітазартылған ағын су каналы жаңартылды. Тазартылған ағын арнасының ұзындығы – 3500 метр. Аталған жоба аясында ашық каналдың орнына жерасты құбырын салу жоспарланып отыр. Осы арқылы зауыттан тазартылған ағынды су қалалық кəріз-тазарту жүйесіне жіберілетін болады. Ал, келесі жылы булану алаңдарының 3 жəне 4 секторын қалпына келтіру жоспарланған. Механикалық тазарту құрылымдары жобасында да жұмыс жүріп жатыр.

 Келесі жылы мұнай бөлгіштерді, құмұстағышты, флотаторлардың түйінін жəне қосымша тұнба тоғандарын демонтаждау жұмыстарын бастау көзделіп отыр. Қазір мұнай қалдықтарын құрғату жəне алдын ала тазарту блоктарының құрылысы 98%- ға аяқталды. Механикалық тазарту қондырғылары қайта жаңғыртылған соң тазартылған судың бір бөлігі зауыттың қажеттіліктеріне пайдаланылмақ. Осылайша, өндірістік қажеттіліктер үшін Жайық өзенінің суын пайдалану көлемі 9%-ға азаяды деп жоспарланған.

Отырыс барысында қоғамдық экологиялық кеңес мүшелері АМӨЗ басшылығына Жайық өзенінің суын пайдалану көлемін азайтуға арналған жұмыстарды жалғастыру, қара түсті мұнай өнімдерін құюға арналған автоматты герметикалық қондырғы мен газтурбинді электростанцияның құрылысын, сондай — ақ өнеркəсіптің қоршаған ортаға кері əсерін азайту үшін өндіріске жаңа технологияларды енгізу процесін жалғастыру сынды бірқатар ұсыныстар берді. Сондай-ақ, зауытқа жөндеу жұмыстарынан кейін жоспарсыз шығарындыларды болдырмау туралы ұсыныс айтылды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button