Шегіртке тектес зиянкестермен зақымдануы салдарынан жыл сайын ауылшаруашылығы дақылдарының 30-35 пайызы зардап шегеді екен. Тікелей келген нұқсан өз алдына, зиянкес қоныстанған алқап өсімдіктерінің сапасы да кемиді. Ол жүріп өткен алқаптың шөптері де мал азығына пайдасыз болып қалады. Атырау өңірінде үйірлі шегірткелердің екі түрі – құмды, шағылды аймақтарда итальян прусы және Еділ, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізі жағалауларындағы қамысты алқаптарда азиат шегірткесі шоғырланған.
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Әбила Қазиеваның айтуынша, бұл зиянкестердің үйірлі түрлерімен күрес жүргізу жөніндегі іс-шаралар (инсектицидтерді сатып алу, оларды тасымалдау, сақтау және қолдану) республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.. Жыл сайын өткізіліп жатқан қорғану шараларының арқасында облыста бірқалыпты фитосанитариялық ахуал қалыптасқан.
– Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілгеніне қарамастан, зиянкес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін болмай тұр, тек олардың сан мөлшері азайтылып отырады. Соған қарамастан, кей кездері шегіткелердің шамадан тыс көбейіп, өршіп кететін сәттері де болады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша сондай жағдай биыл қайталанғалы тұр. Былтыр шегірткеге қарсы химиялық өңдеуге жатқызылған алқаптың аумағы 10300 гектарды құраса, биыл бұл көрсеткіш 3 есеге артып отыр. Ескерер жайт, шегіртке «көшпенді» зиянкес, ол шекара дегенді таңдамайды, сондықтан ол бір жерде ғана қоныстанбайды және жаппай миграция жасаған кезде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алатын қасиетке ие жәндік. Сондықтан оған қарсы күрес шараларын көршілес тұрған аудан, облыс, тіпті шекаралас ел болып бірлесе жүргізу қажет. Оның үстіне, дүние жүзінде қазіргі болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын кеңейте түсуде, — дейді маман.
Ғалымдар жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелері шегірткелердің әрбір 11-12 жыл сайын жаппай көбейіп барып басылатыны белгілі болып отыр. Мәселен, мұның алдында (2012-2014 жылдары) осындай үрдіс байқалып, облыстағы химиялық өңдеумен қамтылған жердің көлемі 133 мың гектарға жеткен. Қазіргі жасалған есеп бойынша биыл өңірде өсімдік зиянкестеріне қарсы өңдеу жүргізілетін аумақтың ауданы 32 мың гектарға (соның ішінде 28 100 гектары –азиаттық шегірткеге, 3 800 гектары – итальян прусына) жуықтайды.
Аумақтық инспекция өкілінің сөзінше, мұндай болжам шегірткенің қанаттанып, ұшу, жұмыртқа салу кезеңінде жасалып, координаталары аудан, округ әкімдерінің бекітуімен анықталған. Соған қарағанда, химиялық өңдеу шаралары бірінші кезекте осындай жағдайдың орын алуы ықтимал деп танылған Құрманғазы ауданының Асан, Мақаш, Еңбекші, Орлы, Нұржау, Теңіз, Жаңаталап, Исатай ауданының Зинеден және Атырау қаласына қарасты Кеңөзек ауылдық округтерінің аумағында жүргізіледі деп күтілуде. Өйткені, дәл осы жерлерде қыстап шыққан шегіртке жұмыртқаларының 85-90 пайызының тіршілігін жалғастыруға қабілетті екендігі анықталыпты.
Білгеніміздей, бүгіндері облыста және барлық аудандарда шегірткеге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабтары құрылып, жұмыс жоспарлары бекітіліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілген. Алайда, санаулы сала мамандарының өңірдің барлық аумақтарын аралап шығуға мүмкіндігі шектеулі екенін, қауқарының жетпейтіні де жасырын емес. Сол себепті, мамандардың жергілікті жердегі малшылар мен балықшылар, диқандар мен барлық жер учаскелері иелерінің көмегіне жүгінуіне тура келеді. Нақтылай кетсек, олар шегірткелердің жер бетіне көрінген кезінен бастап тиісті мекемелер мен лауазымды тұлғаларға хабарлап отыруға міндеттеледі.
–Жылдағыша, биыл да жасыл желек атаулының жауы саналатын қауіпті де қатерлі өсімдік зиянкестері – үйірлі шегірткелерге қарсы күрес шаралары республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Осылайша, қазірдің өзінде осы мақсатқа қолданылатын пестицидтерді (негізінен вантекс және локустин) сатып алуға сұраныс берілген. Оған қоса, аталған препараттарды бүрку жұмыстарын жүргізетін мердігер компаниялар да анықталыпты. Бұл шаруа дельталеттердің көмегімен атқарылады, — деді сөзінің соңында аумақтық инспекцияның өкілі.
Бұдан шығатын қорытынды, қолда барды ұтымды пайдаланып, күш-мүмкіндігімізді жұмылдырғанда ғана «қанатты жауды» жеңіп шығарымыз даусыз.
Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ