Жарнама
Экология

Қазыналы Каспийге қауіп қайдан?..

Қазақстан – жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің түйінді элементі. Оған сөз жоқ. Себебі әлемдік деңгейдегі мұнай мен газдың ірі қоры жөнінде алғашқы ондыққа енетін Қазақстан Республикасы энергетика саласындағы өзінің сенімді стратегиялық серіктестік және өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кері шегінбек емес.

Каспий теңізі – әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасы. Көбінесе ірі көл ретінде қаралады. Бірақ бұл анық дәйек емес, себебі көлеміне, даму процестері мен тарихи сипаттамасына қарасақ, теңіз болып есептеледі. Бұған арнасының мұхит типіндегі қабат болып табылатыны айғақ. Гипотезаларға сүйенсек, Каспий теңізінің атауы оның оңтүстік-батыс жағалауында біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықта тіршілік еткен ат өсіретін көне тайпа – «каспи» тайпасының құрметіне берілген.

Үшінші мыңжылдықтың басында экологиялық қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие болды, оның шешілуі әлемдік қауымдастық пен адамзаттың әрі қарай тіршілік етуінің маңызды факторы ретінде мойындалды. Қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тепе-теңдіктің тұрақтылығы, айналаға шамадан тыс стихиялық (табиғи) және антропогендік әсер етуінен қоғамның қорғалуының деңгейімен анықталады.

Үш кеніштің үйлесімі

Кейінгі жылдарда Каспий қайраңына шамадан тыс тереңдікке бұрғы салып, көмірсутегі шикізатын өндіруге жаппай ден қою ортақ теңіздің экологиялық саулығын сақтау мәселесін көтеруге мәжбүрледі. Каспий теңізі – бірегей су айдыны, оның көмірсутекті ресурстары мен биологиялық байлықтарының дүние жүзінде баламасы жоқ. Каспий – әлемдегі ең көне мұнай өндіру бассейні. Мысалы, Әзірбайжанға қарасты Апшерон түбегінде мұнай өндірісі бұдан 150 жылдан астам уақыт бұрын басталды.

Мұнай-газ секторы еліміздің жалпыұлттық дамуында әрқашан маңызды роль атқарған. Бүгінде Қазақстан жылына 83 миллион тоннадан астам «қара алтын» өндірсе, оның 65 пайызы – батыстағы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кеніштеріне тиесілі. Мемлекет басшысы технологиялық өзгерістерге қарамастан, бұл сала ел экономикасының қозғаушы күші болып қала беретінін айтты. Осы орайда, 2021 жылдың тамызында Астана қаласында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің кезекті мәжілісінде Қазақстан мұнайға бай мемлекет ретінде бар әлеуетін мейілінше тиімді пайдалануға міндетті екенін атап көрсеткен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес пен Үкімет мүшелерінің алдына бірқатар міндеттер қойған болатын:

«…Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарын кеңейту бойынша жобаларды дер кезінде жүзеге асырудың маңызы үлкен. Ал, Теңіз кен орнын кеңейту жөніндегі жобаның құрылыс жұмыстары 20 пайызға кешігіп жатыр. Үкіметке жоба операторымен бірлесе отырып, жұмыстарды аяқтау мерзімін кешіктірмеуді тапсырамын…», — деген еді.

Сол Кеңесте Қашаған кенішін игерудің келешегі туралы да сөз болды. Президент сонда «мұнай өндіруді тәулігіне 1,1 миллион баррельге дейін ұлғайту бойынша жұмыстың үшінші кезеңін жүзеге асырудың нақты жоспарын жасау қажет» деп, нақты тапсырма берді. Мемлекет басшысы инвестиция салудың жаңа тетіктерін әзірлеуді, атап айтқанда, жетілдірілген модельдік келісім-шарт туралы айтты.

– Бұл құжат инвестициялық преференцияларға кепілдік бере отырып, олардың құқықтық жағынан қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Үкіметке фискалдық басымдықтар пакетін анықтауды жеделдетуді және жылдың соңына дейін заңнамалық нормалардың қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын. Инвесторларға жер қойнауын геологиялық зерттеуден барлау және өндіру жұмыстарына көшуге кепілдік беретін Келісім де әзірленіп жатыр, — деген болатын.

Әлбетте, одан бері де аттай екі жыл өткенін ескерген жөн!..

Халықаралық қоғамдастық талаптарына ден қойсақ, жаһандық инвестицияларға талас кезінде инвестициялық шешімдерді жедел қабылдаудың стратегиялық маңызы артады. Мұны жақсы түсінетін Қасым-Жомарт Кемелұлы осыған байланысты мемлекеттік органдарға инвесторлардың өтініштері мен сұрақтарына қолайлы әрі жедел жауап беру қажет екенін атап көрсетті. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін ведомствоаралық фронт-офис құру туралы келісім жасалғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы мұнай-газ кен орындарында газ өңдеу қуатын арттырудың маңызына тоқталып еді.

«Бұл тұрғыда Қашағандағы газ өңдеу зауыты құрылысының дер кезінде басталғаны маңызды оқиға болды. Үкімет «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп, жаңа газ өндіру жобалары үшін жер қойнауын пайдаланушылардан газ сатып алатын бағаның ынталандыру формуласын жасады. Сондықтан, сіздерді тауарлық газ өндірісін ұлғайту бойынша жобаларды іске асыруға атсалысуға шақырамын», — деп, өз ойын ортаға салды.

Президент Тоқаев мұнай-газ жобаларында қазақстандық үлеске басымдық беру қажет екеніне де назар аударды. Мемлекет басшысы даулы мәселелерді шешу үшін шетелдік платформалармен қатар, «Астана халықаралық қаржы орталығының» арбитражды сотын да пайдалануға болатынын айтты. Сондай-ақ бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыра беруге және еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүдделі екенін жеткізді.

Теңіздегі тіршілік өзгеріп барады

Каспий – жағасын бес мемлекет жайлап жатқан, тарихы талай елдердің ескілікті жазба мұрағаттарында қатталған тұйық теңіз. Бұл айдынның соңғы жылдары мұнай мен газды өндірудің маңызды экономикалық ауданына айналуы оның экологиялық апатты аймақ қатарына қосылуына әсерін тигізбей қоймады. Отандық Теңіз бен Қашағаннан бөлек, Әзірбайжанның Азери-Чираг-Гюнешли, Шах-Дениз және теңіздің терістігіндегі Ресейдің мұнай өндірістеріндегі судың ластануы оның флорасы мен фаунасына тигізетін зардабы айтпаса да түсінікті.

Осыдан келіп, «теңіздегі тіршілік дүниесінің өзгеруі, бекіре балықтарының жиі қырылуы, көксерке балықтарының кеміп кетуі, осы теңізде ғана тіршілік ететін итбалықтың мезгіл-мезгіл қырылуы, күні кешегі Жайық өзеніндегі балық шығыны – Каспий теңізі қайраңында кең көлемде басталған бұрғылау жұмыстарының теңізге қауіп төндіруінен болып отырған жайлар емес пе?» — деген заңды сұрақ туады.

Жасыратын не бар, теңіз айдынының ластануына әсер етуде оған келіп құятын өзендердің үлесі айтарлықтай зор. Тек Еділ мен Жайықтың бойынан теңізге құятын ластаушы заттектер құрамының өзі орасан зор зардабын тигізіп келеді. Бұл – өзендердің табиғи гидрологиялық режимінің және контрреттеуіштерді пайдаланудың бұзылуы жүздеген мың тонна кәсіпшілік балық түрлерінен айырылуға душар етіп отырған жайт. Сарапшылардың пікірі бойынша ластаушы заттектердің басым бөлігі Солтүстік Каспийге Еділ мен Жайық өзендерінен бөлек, жағалау маңындағы мұнай кеніштері мен консервацияланған ұңғымалардың «өлшеусіз үлесі» екені айтпаса да түсінікті.

2006-2016 жылдар аралығында Қашаған кен орны нысандарында жүргізілген зерттеулерге қарағанда, ауаның негізгі ластаушы көзі кеніштің А және D аралдарындағы барлау-бұрғылау, құрылыс-монтаж жұмыстары әсерінен болатыны анықталған еді. Біз жоғарыдағы пікірді негізсіз айтып отырған жоқпыз, былтыр Солтүстік Каспий жобасының 25 жылдығына орай Қазақстан қолданбалы экология агенттігінің ғылыми-техникалық кеңесінің бекітуімен Қашағанның негізгі операторы – NCOC N.V компаниясының «Мұнай кен орындарын игеру кезіндегі солтүстік-шығыс Каспийдің қоршаған ортасын 2006-2016 жылдар аралығында экологиялық мониторингтік зерттеу» монографиясы жарыққа шықты.

kaspij

Экология, қоршаған ортаны қорғау, география, гидрохимия, гидробиология, басқа да салалар мамандарына, мұнай-газ өнеркісібі қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған бұл еңбекте компанияның өндірістік қызметінің және экологиялық мониторинг зерттеулерінің даму тарихы солтүстік-шығыс Каспийдің табиғи жағдайы, атмосфералық ауа мен теңіз суының сапасы, түптік шөгінділер, фитопланктон, зоопланктон, макрозообентос, су өсімдіктері, ихтиофауна, Каспий итбалығы, орнитофауна мәселелері қамтылған. Аталмыш еңбектің 71-бетінде: «Ластаушы заттардың көздері – бұрғылау қондырғыларының жабдықтары мен қуаты 2000 килоВт-тан асатын электр генераторларының әсері болды. Одан басқа, жасанды аралдар мен жүзбелі тұрғын кешендер мөлшерден артық қолданылды. Олардың саны кейбір кезеңде 20-дан асты», — деп жазылған.

Каспий қайраңында 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жатқан компания туралы айта кетсек, NCOC N.V компаниясы 1997 жылдың 18 қарашасындағы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы келісім (ӨБК) және оған енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде консорциум құрамындағы жеті серіктес компания атынан 11 блокта көмірсутегі қорларын барлау және өндіру жұмыстарының операторы ретінде қызмет атқарады. Солтүстік Каспий бойынша ӨБК шеңберіндегі мердігерлік телімнің аумағы – 5600 шаршы шақырым, бұл Атырау қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қашаған мұнай кенішін қамтиды. Сонымен қатар учаскеде Қаламқас-теңіз, Оңтүстік-Батыс Қашаған, Ақтоты және Қайраң кен орындары бар. Адамзат қажеттілігі үшін жұмсалатын бір байлықты өндіру үшін екінші байлықты құрбан етуге бола ма?!

Су астындағы қазынаның қауіпсіздігі

Қазақтың атын әлем алпауыттарымен теңестіруге себеп болған табиғи шикізат – мұнай қорының басым бөлігі Каспий теңізінің табанында жатқаны белгілі болғанына 40 жылдан асты. Батыс Қашағанның мұнай қоры 7 миллиард тонна делінсе, Шығыс Қашағанды қазғанда оның мөлшері одан ондаған есе көп болатыны болжанып отыр. Оған қосымша тағы 6 алаңның зерттеліп жатқанын ескерсек, «Каспийдің түп-табанын мұнай теңізі алып жатыр» деуге толық негіз бар. Енді осынау мол қазынаны ел игілігіне жарату үшін өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай, барлау мен өндірудің жоғары қауіпсіздік талаптары жолдарын қарастыру қажеттілігі туындап тұр.

Міне, осы мәселеге Каспийдің статусын анықтау үшін жағалаудағы бес мемлекеттің басшылары бір үстелдің басына жиылған 2018 жылдың тамызындағы «Ақтау саммитінде» баса назар аударылып, бірқатар оң қадамға бастайтын келісім-шарттарға қол қойылды. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түрікменстанның президенттері қатысқан халықаралық Каспий маңы мемлекеттері басшыларының V саммитінде тараптар Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі, экономика, көлік-транзит, экология, техногендік қауіпсіздік, басқа да салалар бойынша ынтымақтастық орнату мәселелерін талқылаған еді. Оның ішінде теңіздің құқықтық мәртебесін анықтау, теңіз табанынан мұнай мен газ құбырын және инженерлік-коммуникациялық байланыс жүйелерін тарту мәселесі қаралып бекітілді.

Құжаттың ең маңызды бөлігі 14-бапта: «Тараптар Каспий теңізінің түбі арқылы су асты кабельдері мен құбыр төсей алады» деп атап көрсетілуіне байланысты жағалаудағы мемлекеттер Каспийдің түбінде мұнай құбырларын салу құқығын және «Каспий теңізі секторының теңіз түбі мен минералдық ресурстарды бөлудегі жалпыға танылған қағидаттары мен құқықтық нормаларға сәйкес жақын және қарама-қарсы елдің келісім-шарттары негізге алынады» делінген. Осы құжатқа сәйкес тараптар теңіз қайраңын тең дәрежеде пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Теңіз табанындағы шикізатты барлау, оны өндіру, платформа мен құбыр төсеу кезінде оған келген зиянның барлық жауапкершілігі әр елдің өзіне жүктеліп, көмірсутегін өндіру, оны экспорттауда төтенше жағдайлардың орын алу қаупі басымдығы ескеріліп, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды жобаларды іске асырушы тарап мойнына алатын болып келісілді.

Осы мәселелерді Қазақстан тарапы бұған дейін де бірнеше мәрте халықаралық деңгейде көтеріп, Каспий маңындағы барлық мемлекеттердің стратегиялық мүддесін, егер көмірсутегі қорының шексіз еместігін ескерсек, оларды игеруге кіріскенде барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып және Каспий теңізінің экожүйесі мен биожүйесін сақтау тұрғысынан әрекет ету, қоршаған ортаның қауіпсіздігін алға қою мәселесін тұрақты ұсынып келген болатын. Теңіздің құқықтық мәртебесінің халықаралық негізде нақтылануы Қазақстан экономикасының дамуына ғана емес, ортақ теңіздің экожүйесіне қамқорлық көзқарасты күшейте түсетіні анық. Енді теңіз айдынына Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран және Түрікменстан секілді бес елдің әскери күштері мен өндірістік жұмыстарды жүзеге асыратын теңізшілерінен басқа ешкім де ортақ қорғалатын аумаққа кіре алмайды. Осылайша, теңіз қауіпсіздігі мәселесі оң шешімін тапты деуге болады.

Елге тиер үлес

Бүгінде елімізде мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуі арқасында басқа салалар да дами бастады. Кезекті кеңес отырысында республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үшін маңызды салалардың қатарында өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және туризм жобалары секілді стратегиялық маңызға ие салаларды атап өткен еді. Президент отандық экономиканы өркендетуге елеулі үлес қосып отырған мұнай-газ өнеркәсібіне керекті машина жасау саласына да арнайы тоқталды:

«…Жыл сайын құны 17 миллиард АҚШ доллары болатын өнімді сырттан әкелеміз, ал отандық өндіріс 4,3 миллиард доллардың өнімін өндіреді. Қазақстан Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ мұнай-газ кеніштерін игеру үшін ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Chevron, Total, ExxonMobil сияқты компаниялардың қолдауымен бізде мұнай-газ машинасын жасау ісін дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Біз мұнай-газ операторларымен бірлесіп, 35 мыңнан аса тауар түріне сараптама жүргіздік», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркиядағы бизнес өкілдерінің басқосуында.

Осы басқосуда мемлекет басшысы елімізде шығаруға болатын тауарлар анықталғанын да жасырған жоқ. «…Қазақстан мұнай-газ саласы үшін құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер жасауға ниетті. Бізде бұған қолайлы жағдай жасалған. Мұнай-газ саласындағы инвесторлар тарапынан сұраныс бар, олар қажетті қаржыны да ұсынып отыр, ал Түркияда озық технология және тың тәжірибе бар», — деді Президент.

Шынында да, бұл «елде болса ерінге тиедінің» кебі. Кәсіби мәмілегер, тәжірибелі дипломат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының ел экономикасын ілгерілету мақсатындағы шебер саясаты, кәнігі іскерлігі екеніне сөз жоқ. Бірақ биік мінберлерден айтылған осындай әдемі сөздердің халықтың әдемі тұрмыс кешуіне қашан және қаншалықты септігі тиерін қалың бұқара әлі күтіп отыр. Өйткені халықаралық қоғамдастық деңгейінде Президент айтқан жаһандық һәм бітімгершілік бастамаларды іліп әкетіп, дереу іске асыруды ұйымдастыру Үкіметтің құзіретіне жататыны бесенеден белгілі. Әлбетте, мұндай күрделі жобалардың бір демде жүзеге аса қалмайтыны түсінікті. Дегенмен, осындай істердің ел игілігіне жұмыс істеуіне бәріміз мүдделіміз.

Сөз түйіні

2000 жылғы шілдеде Атырау қаласынан 70 шақырым оңтүстік-шығысқа қарай Каспий теңізінің таяз аймағында соңғы 40 жылда әлемдегі ең ірі Шығыс Қашаған мұнай және газ кен орны ашылды. Ал, 2001 жылы Батыс Қашаған кен орнынан көмірсутегі шикізатының мол қоры бар екені дәлелденген еді. «Солтүстік Каспий қайнары» деп аталатын қазақстандық аумақта әлі де дәлелденбеген қорлар бар.

Бүгінде Қашаған еліміздегі ең ірі мұнай мен газ кені шоғырланған кеніш. Болжам айтқан мамандардың сөзі «оның қойнауында 1 триллион текше метр  газ және 40 миллион тонна мұнай бар» дегенге саяды. Әлбетте, солай екені сөзсіз. Дегенмен, халықаралық келісім-шартты қатаң ұстанатын еліміз Каспий қайраңындағы барлау-бұрғылау жұмыстарын ортақ стандарттарға сүйене отырып, жариялы түрде жүзеге асыратынына сенім кәміл.

Арыстанбек КЕНЖЕ,

арнаулы тілші

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button