Бисен ҚУАНОВ: «ЖАЙЫҚТЫ САҚТАП ҚАЛУ

Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің бірлескен шешімін қажет етеді»

Таяуда трансшекаралық су көздерінің толғақты мәселелерін талқыға салған Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының кезекті алқалы жиыны Атырау төрінде өткен болатын. Аталған топқа жататын Жайық, Қиғаш өзендерінің ахуалын саралаған көршілес Ресей мен Қазақстаннан келген сала мамандары екі күн бойы тұтастай ел көлеміндегі шекаралық су көздерінің де деңгейін көтеріп, экожүйесін жаңғырту жайын кең көлемде талқылады. Енді осы үлкен жиынның қандай ықпалы болды?
Осы ретте Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Бисен ҚУАНОВПЕН тілдескен болатынбыз.
- Бисен Отарұлы, таяуда өткен үкіметаралық комиссия жиынында су қорғау шараларын ұйымдастыру мен трансшекаралық өзендердің жағдайын жақсарту мәселелері кеңінен зерделенген болатын. Осы орайда айтылған ұсыныстар мен бекітілген нақты шешімдер жайлы тағы бір тоқталып өтсеңіз.

– Бұл – 1992 жылы құрылған біріккен комиссияның ХХІ кезекті отырысы. Ең алғаш рет Ресейдің Орынбор өлкесінде бас қосқан сала мамандары осы уақытқа дейін жылына бір рет ұдайы кездесіп келеді. Атырау жерінде жиын екінші рет өтіп отыр. Осыдан тура жиырма жыл бұрын комиссия отырысының Қазақстан тарапындағы алғашқы басқосуы біздің өлкемізде ұйымдастырылған болатын.
Жалпы, «бұл комиссия отырысы не берді, қандай мәмілеге келді?» деген сауалдардың туындауы орынды. Десек те, қордаланған проблемаларды бір-ақ отырыста талдап, шешімін шығару мүмкін емес. Осы жерде баса атап өтерлігі, негізгі жұмыс арнайы топтарға жүктелген. Мәселен, Ертіс, Есіл өзендері мен Тобыл-Торғай бассейні бойынша құрылған жұмыс топтары болса, үшінші жұмыс тобы Жайық-Каспий бассейні бойынша жұмыс жүргізеді.
Олар – Батыс Қазақстан өңіріндегі Қара, Сары өзендері, Қиғаш және Жайық өзендері бойынша құрылған жұмыс топтары. Биылғы өткен басқосуда комиссияның өткен жылғы бекітілген талабына сай, біздер, жұмыс тобының басшылары көктемгі өр суының келуі жайында мағлұматтар беріп, атқарылған жұмыстардың есебін жарияладық. Сонымен қатар, әртүрлі проблемаларды бірлесіп шешу жөнінде бірнеше ұсыныстар білдірдік. Баса айтылған мәселенің тағы бірі су сапасы жайында болды.
– Иә, бұл басқосуда сіз Жайық өзені бойынша өткен жылдың қорытындысын жарияладыңыз. Енді биылғы көрсеткіштер жайлы айтып өтсеңіз.
– Өкінішке орай, соңғы бес жылда өр суының мөлшері азайып кетті. Мұның басты себебі, өзен суы негізінен қар, жауын-шашын суынан толығады. Орал тауындағы қардың қалыңдығы, топырақтың ылғалдылығы, тоңның терең болуы өр суының мөлшеріне үлкен әсер етеді. Биылғы жылы Жайық өзеніне көктемгі өр суы кезінде 5,5 текше шақырым су келеді деп болжанған болатын. Алайда, нақты көрсеткіштер бойынша бұл меженің 70 пайызы толық орындалды. Сондай-ақ, биылғы өр суының келу мерзімі де жылдағыға қарағанда ұзағырақ болды, бұл да өз кезегінде су көзінің аз уақытта толығып, кейін ортайып қалмауына септігін тигізгені сөзсіз. Ал, оның астарында балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласына келетін пайда тұрғаны анық.
– Жайық өзеніндегі су ауыл шаруашылығына, коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік қажеттіліктерге жеткенімен, экономикалық қажеттіліктер мен балық шаруашылығы үшін аз екені айтылды. Бұл жерде Жайық өзенінің негізгі сағасы Ириклинск су қоймасынан жіберілетін су мөлшерінің де маңызы үлкен. Кешегі өткен жиында Қазақстанның оңтүстігіндегі аса қуатты «Достық» су торабының Қытай тарапымен тең дәрежеде басқарылып отырғандығы айтылды. Осы тәжірибені болашақта негізге алуға біздің мүмкіндігіміз жете ме?
– Жалпы, Жайық суының 80 пайызы Ресейден келеді. Әрі айтып өткенімдей, соңғы уақытта өзен суының азаюына қарапайым халық қана емес, депутаттар да алаңдаулы. Бұл мемлекеттік тұрғыда назарда тұрған өткір тақырыптың бірі болып отыр. Осы жерде нақты ақпараттың болмауы себепті, көпшілігі Ресей тарабы біздің суымызды шектеп, аз мөлшерде беріп отыр деген әңгіме айтатыны жасырын емес. Жайық өзенінің көп жылдық суының көлемі 9,46 текше шақырым болып есептеледі. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіштің 68-70 пайызға орындалып отырғанына куә болып отырмыз. Ал, сіз айтып отырған Ириклинск су қоймасы Жайық өзенінің жалпы су көлемінің 26 пайызын ғана реттей алуға қабілетті. Оның жобалық сиымдылығы – 3,2 текше шақырым. Бұл үлкен көрсеткіш болғанымен, қойма жиналған суын көктемгі өр суы кезінде бір мезетте жіберіп қойса, жаз мезгілінде біз сусыз қаламыз. Сол сияқты Башқұртстаннан бастау алатын Сакмара өзені Жайық суының 47 пайызын береді. Бірақ оның бойында үлкен су қоймасы жоқ.
Ал, су көзін тең дәрежеде басқару бойынша Қиғаш өзенінің жайын қарастырудамыз. Бұл тәсілді Жайыққа пайдалана алмаймыз. Себебі, ол үшін суды ашық теңізге жібермей, сақтап қалуымыз керек. Оған мүмкіндігіміз жоқ екені белгілі. Жалпысында, келіп тұрған жеті миллиард текше шақырым судың он пайызын ғана екі облысқа пайдаланып отырмыз. Қалған тоқсан пайызы толығымен Каспий теңізіне ағып жатыр.
– Ал, осы мәселені өз жерімізден арнайы қойма салу арқылы шешуге мүмкіндігіміз жоқ па?
– Қазақстан аумағында су қоймасын салу жөнінде әңгіме біраз уақыттан бері айтылып келгенімен, ондай мүмкіндік бізде жоқ. Яғни, жеріміз лайықты емес, көбіне жазық дала. Тек осыдан бірнеше жыл бұрын су шаруашылығы саласын зерттейтін арнайы институттың мамандары Жайықтың Қазақстандағы бөлігін зерттеген тұста, Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында лайықты орын бар екенін анықтаған. Ол жерде бір текше шақырым суды сақтауға қабілетті қойманы жасақтауға болады. Алайда, ол үшін көптеген елді мекендерді көшіріп, біраз жұмыстар атқаруға тура келеді. Сондықтан, Атырау аумағындағы шағын каналдар арқылы суды сақтау шараларын ұйымдастыру туралы ұсыныстар қаралуда. Қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктің бастамасымен Жайық өзенінің ескі арналарын тереңдетіп қазып, оларды су қоймасы ретінде пайдалану бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
– Жалпы су көздеріне қатысты айтылған мәселелердің қай-қайсысын да тиімді шешу үшін қазіргі таңда Қазақстан мен Ресей арасындағы Жайық трансшекаралық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша үкіметаралық келісім жасау ісі қолға алынып отырғаны белгілі.
– Жайық өзенінің мәселесі қазіргі таңда өткір тұрғандығын ескерген қазақстандық тарап өзенге қатысты сұрақтарды талдау-зерттеу жұмыстарын БҰҰ-ның мамандарымен бірлескен түрде жүргізсек деген ұсыныс білдірді. Алайда, Ресей бұған қарсы болды. «Бұл мәселеге орай екі ел Президентінің тапсырмасымен Жайық өзенінің экожүйесін сақтау туралы үкіметаралық келісім қабылданғалы жатыр. Осы төңіректе барлық мәселе толығымен қаралады» дейді олар. Қазіргі уақытта бұл маңызды құжат екі тараптан да қаралу үстінде, таяу уақытта қабылданады деп күтілуде.
– Бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын аймағының азайып бара жатқаны да аз айтылып жүрген жоқ. Бұл жерде су тасуының мөлшері ғана емес, ұзақтығы да үлкен маңызға ие. Осыны реттеу жолдары бар ма?
– Жалпы, біздің жұмысшы топ Ириклинск су қоймасының жұмысына өзгеріс енгізілсе деген ұсыныс білдірген болатынбыз. Яғни, көктемгі өр суын сақтап, оны көктемнің басында емес, шілде, тамыз, қыркүйек айларында бізге жіберсе дегенбіз. Алайда, балық шаруашылығы үшін бұл тиімсіз екенін білген соң, бұл ұсынысымыздан бас тартуға тура келді. Енді экологтар мен балық, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын қатыстырып, тағы да басқа шешімдерін қарау туралы тоқтамға келдік.
– Әлбетте, қай мәселені болмасын шешуде әңгіме қаражатқа келіп тірелетіні анық. Осы ретте биылғы жылы Қиғаш өзенін тереңдету жұмыстарына тиісті қаражат бөлініп отыр ма?
– Қиғаштан бастау алатын су көздеріндегі балық қорын молайту мақсатында су көздерінің түбін тереңдету, тазарту жұмыстарына қаражат бөлінген. Негізінен бұл жұмыстар кеңес заманында жыл сайын ұдайы жүргізіліп келген. Соңғы уақытта тоқтап қалған жұмыстар қайтадан қолға алынуда.
– Еділ өзенінің бір саласын Жайыққа қосу жоспары туралы не айтасыз? Елуінші жылдары Еділдің бір тармағын канал қазу арқылы Жайыққа қосу мәселесі қолға алынғанымен, кейін тоқтап қалды. Қазір бұл әңгіме керіден айтылып жүр.
– Бұл мәселе осы жолы комиссия отырысында қаралған жоқ. Соңғы уақытта жиі айтылып жүргенімен, әлі де қолдау таппай отыр. Оның бірнеше себебі бар. Ең бастысы, Еділдің суы өздігінен Жайыққа келіп қосылмайды, оны тек арнайы насос арқылы айдау керек. Дәл осы әдіспен Ресейдің Саратов облысы Еділдің суын Сары, Қара өзендері арқылы Батыс Қазақстанға беріп отыр.
Ал, Жайық суын Орал-Көшім каналы арқылы Батыс Қазақстан облысының 150 мың халық тұратын төрт-бес ауданына беріп отырмыз. Бұл каналға жоғарыда айтып өткен өзендердің аяғы келіп тіреледі. Енді осы каналды ары қарай тағы да ұзартып, Еділ суын Жайыққа қосу туралы әңгіме айтылуда. Алайда, Саратовтағы насос арқылы Батыс Қазақстанға су алғанымыз үшін біз жылына қыруар қаржы төлеп отырмыз. Егер насоспен алатын су мөлшерін көбейтіп, Жайыққа қосатын болсақ, тағы да үстеме қаржы төлеуіміз қажет. Бұл экономикалық зерттеуді қажет ететін үлкен мәселе.
Жалпы, су көздеріне қатысты қай мәселені болмасын оңтайлы шешу үшін халықтың да қоршаған ортаға, су көздерінің тазалағын сақтауға, үнемдеп пайдалануға деген көзқарастары дұрыс болғаны жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз