Қала сусыз қалуы мүмкін
ҚАЛА ХАЛҚЫН ҮЗДІКСІЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ, ЭКОЛОГИЯ, ӨНДІРІСТІК МАҚСАТТАҒЫ ЛАС СУЛАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕП ПАЙДАЛАНУ, ҚАЛАЛЫҚ МАРШРУТТАР ЖҰМЫСЫН ЖАНДАНДЫРУ – БҮГІНГІ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАРДЫҢ БІРІ. СОНДЫҚТАН ДА ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ КӨКЕЙІНДЕ ЖҮРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ БАТЫЛ КӨТЕРІП ЖҮР. ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ХХХ СЕССИЯСЫНА ҚАТЫСҚАН 20 ДЕПУТАТТЫҢ ҚОЗҒАҒАН ӘҢГІМЕСІНІҢ НЕГІЗГІ ТҮЙІНІ ОСЫ ТӨҢІРЕКТЕ ӨРБІДІ.
Соның бірі – «Атырау облысы су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кəсіпорнының 8 айда атқарған жұмыстары туралы болды. Осыған орай баяндама жасаған кəсіпорынның бас техникалық жетекшісі Михайл Сидоровты депутаттар сұрақтың астына алды. Əсіресе, халық қалаулыларын қаланы сумен жабдықтау нысандары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар алаңдатады екен.
Өйткені , бұл саладағы құрылғылардың көпшілігі ескі, тозығы жеткен, ал жаңғырту жұмыстары жанданбай жатыр. Мəселе алға қарай да сағыздай созыла берсе, қаланың кей бөліктері сусыз қалуы ғажап емес. Бұл орайда бас техникалық жетекші мен осы салаға қатысты құзырлы орган мамандарының берген жауаптарына мəслихат хатшысы Қаршыға Жауынбаев бастаған халық қалаулылары қанағаттанбайтынын ашық айтты.
Сондықтан, кəсіпорын басшысының экономикалық мəселелер жөніндегі орынбасары Шыңғыс Арыстановқа алдағы 2023 жылдың қаңтарында өтетін қалалық мəслихаттың сессиясында бұл мəселе қайта қаралатынын, онда кəсіпорын басшысының өзі келіп, 12 айдың қорытындысымен депутаттар алдында толық есеп беруін қатаң тапсырды. Ал, келесі мəселе бойынша мінбеге көтерілген «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің директоры Мұрат Досмұратовтың баяндамасын депутаттар тұрақты комиссияда тыңдаған соң, сессияда оқытып жатпай-ақ бірден сұрақ-жауапқа көшті. Зауыттың «Тазалық» жобасы жайлы əңгіме қозғалғанда мəселе жақында пайдалануға берілген қалалық кəріз су тазарту құрылғысына келіп тірелді.
АМӨЗ-дің 3, 4-секторындағы булану алаңдары лас суға толуына байланысты зауыт басшылығы жаңа КОС-қа иек артқан. Алайда, облыстық энергетика жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы оған рұқсат бермей отыр. Аталған мəселеге орай басқарма басшысының орынбасары Серікқали Канапин мен құрылғы құрылысын жүргізіп, бүгінде қызметін уақытша жүзеге асырып отырған «Павлодар өзен порты» АҚ Атырау филиалының директоры Мақсат Сəдуақасовтар жауап берді. Көтерілген мəселелер бойынша депутаттар С.Шораев, Ж.Əбілхарес, Г.Дүсіпова, Б.Шеркешбаева, Н.Құрман жəне басқалары өз ой-пікірлерін ортаға салды. Сессияда бұдан да басқа бірнеше мəселелер қаралып шешім алынды.
Ербол ҚОШАҚАНОВ