«Саяси күштердің бірігуі – үлкен күш»

img 20220425 wa0064 2 Саясат

Партияның кезектен тыс ХХІІІ съезіне облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі ретінде делегат болып қатыстым. Күн тәртібінде саяси партиялардың бірігуі, саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Съезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы міндетінен босап, ұйым қатарынан шығатынын мәлімдеді. Осы шешімге сай, жаңа төраға сайланды. Президент бұл лауазымға Ерлан Қошановты ұсынды. Ал, партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов съезд делегаттарына дауыс беруді ұсынып, қатысушылар Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановты «AMANAT»  партиясының төрағасы етіп сайлау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Ал, екінші қаралған мәселе «AMANAT»  және «ADAL» партияларының бірігуі. Саяси күштердің ортақ мақсатқа жұмылып, бірігуі – бұрын да саяси өмірде болып келе жатқан құбылыс.

«AMANAT»  елдегі жетекші партиялардың бірі ретінде «ADAL» партиясының бағдарламаларымен толықтырылып, тың идеялар біріктірілетіні – жаңа Қазақстанды құру қадамдарының бірі. Ары қарай жұмыстар жалғаса бермек.

«AMANAT»  – нақты істер партиясы. Осы жолда Президент тапсырмасы бойынша биыл алғаш рет сайлауалды бағдарламаның орындалысына қатысты қалалық, аудандық фракциялардың арнайы есептері тыңдалды. Бұл сайлаушыларға берген уәденің орындалуы партия үшін аса маңызды екенін айғақтайды. 2021 жылғы бағдарламаның орындалу деңгейі қандай, кемшін тұстар бар ма, қандай бағыт, мәселеге мән берген жөн? Аталған жиындар осы сауалдарға нақты жауап алуға мүмкіндік берді. Бұған қоса, нақты орындалысын өзіміз көріп, нысандарды араладық. Сол кезде белгілі болғанындай, межелі шаралардың 97 пайызы орындалды. Орындалмаған іс-шараларға жауапты партияластардың жауапкершілігіне қатысты мәселе де қаралмақ.

«AMANAT»  партиясының басты тұғырнамасы – сайлауалды бағдарламаны толық орындау, сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс деңгейін жақсарту. Бүгінгі съезд шешіміне сай біріктірілген саяси құрылымдардың күші осы мақсат төңірегінде топтасып, жоспарлы жұмыстар жалғаса бермек.

Амангелді Абдолов,

облыстық мәслихат депутаты, облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз