Өңірде эколог маман неге жоқ?
ОСЫДАН БІРАЗ БҰРЫН ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ БОЛЫП ТҰРҒАН СӘРСЕНБАЙ ЕҢСЕГЕНОВ ІССАПАРМЕН ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНА ЖИІ КЕЛЕТІН. СОНДАЙ СӘТТЕРДІҢ БІРІНДЕ СЕНАТОР ҚҰЛСАРЫ МҰНАЙ ҚҰБЫРЛАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МҰНАЙШЫЛАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ. КЕЗДЕСУ КЕЗІНДЕ БАСҚАРМАНЫҢ БҰРЫНҒЫ БАСШЫСЫ АСЫЛБЕК БЕШІМОВ АУДАНДА ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ БӨЛІМІНІҢ ЖОҚТЫҒЫН АЙТЫП, МӘСЕЛЕ КӨТЕРГЕН-ДІ. АЙМАҚТАҒЫ ЕҢ ІРІ МҰНАЙЛЫ ӨҢІРДІҢ ЭКОЛОГСЫЗ ҚАЛҒАНЫНА ҚАЙРАН ҚАЛҒАН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ МӘСЕЛЕНІ ТИІСТІ МИНИСТРЛІК АРҚЫЛЫ ШЕШУГЕ УАҒДА ЕТКЕН ЕДІ.
ТАБИҒАТТЫҢ ТАЗАЛЫҒЫ ТУРАЛЫ ЖАҚ АШПАЙДЫ
Сенатор сөзінде тұрды. Құлсары қаласынан арнайы орын беріліп, эколог бөлініп, сең қозғалғандай болып еді. Бірақ, неге екендігі белгісіз, тым жақсы қолға алынған бастаманың арты сиырқұйымшақтанып кетті. Содан кейін ауданға келген эколог маманын да, ашылған бөлімді де көре алмадық. Рас, кейін экология департаменті Жылыойға маманын белгіледі. Ол ауданға арнайы іссапармен келіп, өңірдің өзекті экологиялық мәселелеріне араласып тұрды. Ауданда өткен алқалы жиындарда төбе көрсетіп жүрді. Алайда, кейін ауданның бұл саласында кадр тұрақтамайды. Соған қарағанда, экономикалық дамуды бірінші кезекке қойған жерде экологқа жұмыс жасау қиынның қиыны-ау деген ойда қалдық. Шынымен қай-қай әкімнің әңгімесін тыңдамалық, өзінің халық алдында берген есебінде барлық саладағы экономикалық көрсеткіштерді сөз етеді де, өңірдің экологиялық ахуалы жайлы жақ ашпайды.
Бейне өңірлерде қоршаған ортаны қорғау мәселесі толықтай шешілген немесе мүлдем жоқ секілді көрінеді. Тым болмаса, заң шеңберінде қарастырылған (ПДК) қоршаған ортаның маңызды көрсеткіші – шекті рұқсат етілген концентрация мөлшері жайлы да ләмлим деп айтпайды. Неге? Бұл жерде жергілікті жердегі экология мәселесін аудан, ауыл әкімдерінен артық білетін басшы жоқ екені белгілі. Соған қарамастан, олардың бұл мәселеден аттап кетуі түсініксіз жағдай. Әлемді толғандырып отырған экологиялық проблемаларға мән бермейтініміз осыдан-ақ көрініп тұр емес пе?! ТШО — ның биылғы Құлсары қаласында өткізген қоғамдық тыңдауы барысында аудан тұрғындары компания мамандарының ұзын-шұбақ түсініксіз баяндамаларын оқытпады. Оның есесіне, өңірдің әлеуметтік-экологиялық мәселелерін өздері бастап батыл көтеруі осы проблемаларға жергілікті әкімдіктің жете мән бермеуінен емес пе деген ой келеді.
ЖЫЛЫОЙДЫҢ ӨЗ ЭКОЛОГЫ БАР
Аудандағы қоршаған ортаны қорғау бөлімін құру туралы мәселені біз Өңірлік коммуникациялау қызметіндегі брифинг барысында Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың алдына сауал ретінде қойған едік. Ол облыстық экология департаменті тарапынан ауданға бір маманның бөлінгенін, қазіргі таңда оған арнайы бөлме дайындалып жатқанын айтты. Жылыойдың өз инспекторы бар екенін біз тілдескен облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов те растады. Ол министрліктің экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының өткен жазда Жылыой тұрғындарымен кездесуінен кейін тағайындалғанын, эколог аудандық мәдениет үйінде өткен кездесуде қалың жұртшылыққа таныстырылғанын, сол жерде көпшіліктің көкейінде жүрген көп сауалдарына жауап бергенін мәлім етті. Бірақ, ауданға бөлінген эколог Жылыойға тек іссапармен ғана барып тұрады екен.
Департамент басшысынан аудандарда қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жабылып қалуы жоғарғы жақтан болған оңтайландырудың нәтижесі екенін білдік. Алдағы уақытта бөлімнің қайтып құрылуы немесе құрылмауы неғайбыл. Себебі: жылдар бойғы «оптимизацияның» кесірінен департаменттің өзінде барлығы 24 адам қалған. Департамент басшысы, бас мемлекеттік инспектор, бір бөлім басшысы, қалғаны инспекторлар. Ал, аймақта табиғат пайдаланушы ретінде жұмыс жасап жатқан қанша мұнай-газ компаниялары бар? Олардың барлығын бақылауда ұстап отыруға осы инспекторлардың күші жете ме? Рас , қазіргі ақпараттық технологияның жедел дамуы және жергілікті жердегі экологтар — да дербес зертхана мен тексеріс құралдарының жоқтығы да аудандардан бөлім ұстаудың тиімсіздігін көрсеткен. Департамент мамандары ауданда отырмай-ақ аймақтың табиғатына келтірілген зиянды әлеуметтік желі, бұқаралық ақпарат құралдары мен тұрғындардың арызшағымдары арқылы біліп, тексеріске шығып тұрады екен. Бұл орайда департаменттің әлеуметтік желіде өз парақшасы бар және оны үнемі бақылауда ұстап отыратынын айтты Әлібек Бекмұхамбетов.
Біз, әрине, Жылыойға «тағайындалған» экологпен де тілдестік. Жас маманмен департамент басшысының қызметтік бөлмесінде таныстық, аты-жөні – Рамазан Салық екен. Осы салада жұмыс жасай бастағанына екі жыл болыпты. Ол ауданға әрбір сейсенбі сайын қатынап, әкімдіктің жиналыстарына қатысатынын, күні бүгін Құлсары қалалық әкімдіктің ішінен бір бөлме бөлінгенін, алдағы уақытта баспана мәселесі шешіліп қалуы мүмкін екендігін айтты. Бұл жаңалыққа қуанып қалдық. Бірақ, мұнайлы аудандарда қоршаған ортаны қорғау бөлімінің енді қайтып ашылмайтыны көңілімізді су сепкендей басты. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, астында көлігі мен қолында тексеріс құралы жоқ жас эколог Жылыой ауданындағы мүйізі қарағайдай алпауыт компанияларға қарсы батыл әрекет жасай алар ма екен деген ой келді. Әрине, бұл жерде жас маманның кәсіби шеберлігіне күмән келтіріп отырғанымыз жоқ.
ОҢТАЙЛАНДЫРУ ОПЫҚ ЖЕГІЗБЕСІН
Жылыойлық экологтарға дербес зертхана алып бере алмай, көп жыл шапқылаған осы саланың ардагері, Жылыой аудандық қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бұрынғы басшысы Асылбек Шыңғысов есімізге түсті. Ол ТШО-ның қаржылық қолдауымен Жылыойда жылжымалы бір зертхана болуы үшін құзырлы мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырған-ды. Өкінішке қарай, одан ешқандай нәтиже шықпады. Жоғарғы басшылықтың неге қолдамағанын білмейміз, бірақ ТШО үшін ол тиімсіз екені бесенеден белгілі. Шынымен зертханасыз маманның қарусыз сарбазбен тең екенін ардагер азамат жақсы түсінді. Амал не, «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айырылыпты» дегендей, зертхана түгілі, бүгінде бөлімнің өзі көзден бал-бұл ұшты емес пе?!
Асекең құрметті демалысқа кеткеннен кейін бөлім көп ұзамай жабылып, оның қызметкерлері департаменттің аудандағы бас инспекторы, инспекторлары ретінде жұмыс жасады. Өңірлерде бұл саланың болашағы жоқ екендігін түсінген мамандары біртіндеп басқа салаға ауысып кетіп жатты. Олай дейтініміз, сол кездегі бөлімде басшыны қосқанда төртбес адам қызмет еткені есімізде. А.Шыңғысовтан басқасы кейін мұнайгаз компанияларына жұмысқа ауысты. Асылбек Шыңғысовтан кейін бөлімнің орнындағы қызметтік бөлмеде үш жыл қатарынан бас инспектор қызметін атқарған азаматтың бірі, бүгінде Жылыой аудандық мәслихаттың хатшысы Сайлаубай Таласов еді. Ол 2010-2013 жылдар аралығында жұмыс жасағанын, қарауында Асыл Мұхтарова есімді бір инспектор болғанын еске алады. Сол кездің өзінде жоғарғы жақтың тапсырмасына сәйкес аудан экологтары жылына 100 шақты мекемекәсіпорынды тексерістен өткізеді екен. Сайлаубай Қаржаубайұлы басқа қызметке ауысып кеткеннен кейін бұрынғы бөлімнің орнындағы инспектор Атырау қаласынан қатынап келіп, бір жылға тарта жұмыс жасаған да, ақыры оңтайландырудың құрығына іліккен. Міне, арада 8 жыл өтті, облыстың барлық ауданы, әсіресе экологиялық ахуалы нашар саналатын Жылыой өңірі қоршаған ортаны қорғау бөлімінсіз отыр. Бұл мәселені соңғы жылдары қоғам белсенділері мен тұрғындар батыл көтере бастағаннан кейін ғана экологияық бақылау комитеті бір маманын бөліп отырғанға ұқсайды. Ал, өзге аудандар, соның ішінде Исатай, Мақат секілді мұнайлы өңірлерде әлі күнге эколог жоқ.
Қарап отырсақ, аудандарда барлық мемлекеттік мекемелердің бір-бір бөлімдері жұмыс жасайды. Жалғыз ғана экология департаментінің өкілдігі жоқ. Сонда жоғарыдағы басшы айтқан оңтайландыру тек осы саланы ғана қамтып отыр ма? Солай болса, «Неге?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлде өңірде эколог мамандар жетіспей ме? Әлде бұл салаға жете көңіл бөлінбей жатыр ма? Елге дәрігер, мұғалім қалай қажет болса, эколог та солай керек емес пе?
Өйткені жұтқан ауамыздың, тұтқан тағамымыздың тазалығы – табиғаттың тазалығына байланысты. Ал, оны қорғайтын, әрине, мықты эколог маман. Ендеше, басты назарды осы салаға да жақсылап аударатын кез келген секілді. Әйтпесе, оңтайландырудың ақыры опық жегізері сөзсіз.
Ербол ҚОШАҚАНОВ