
Мақатта экологиялық жарыс басталды
Мақат ауданында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық жарыс басталды. Бұл игі бастама – аудан тұрғындарын қалдықтарды сұрыптап жинауға, сол арқылы таза әрі экосаналы орта қалыптастыруға шақыруды мақсат етеді.
Экологиялық жобаны аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ұйымдастырып отыр. Бөлімнің бас маманы Руслан Әліпқалиевтің айтуынша, жоба арқылы тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қауіпсіз әрі таза ортаны бірлесе құруға жол ашылады.
Жарыс ережесіне сәйкес қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, әр аптаның бейсенбі күні арнайы белгіленген қабылдау пункттеріне тапсыруы қажет.
-Жинақталған қалдықтардың салмағы мен саны есептеледі. Бір адам 10 дана пластикалық бөтелке мен 3 келі қағаз қалдықтарын тапсыра алады. Әр ай сайын үздіктер анықталып, “Экобатыр” аталымы бойынша марапатталады. Жыл соңында ең көп макулатура жинаған қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталады. Қабылданатын материалдарға газет-журналдар, кеңсе қағаздары, картон, қағаз қораптар, пластик бөтелкелер жатады Айта кету керек, шыны бөтелкелер қабылданбайды, — дейді Р.Әліпқалиев.
Қалдықтарды қабылдау пункттері Мақат кенті әкімі аппаратының ғимараты, Жастар ресурстық орталығы, Доссор кенті, Бәйгетөбе ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында орналасқан.
Жоба барысында жинақталған материалдар қайта өңдеуге жіберіліп, табиғатқа келер зиянның азаюына үлес қосады. Ұйымдастырушылар барлық тұрғынды белсенділік танытып, экологиялық жауапкершілікті бірге көтеруге шақырады.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ