«Кәрі Каспий, кәрі айдын,  Көкжиекке көзімді алмай қараймын…»

73 Экология

Жақында Әзербайжан елінің басшысы Ильхам Әлиевпен кездесуінде  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда Каспий теңізінің маңызы қаншалықты зор, орны мен рөлі жоғары екенін  айрықша  атап өтті. Осы орайда, мемлекеттер басшылары Каспий теңізінің табанымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту, Әзербайжан аумағы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін ұлғайту, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту, сондай-ақ энергетика және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы перспективті жобаларды жүзеге асыру сияқты маңызды бағыттарда бірлескен жұмыстарды жандандыру мүмкіндіктерін талқылады. 

Осының өзінен-ақ, бірнеше елді байланыстырып тұрған Каспий теңізінің Қазақстан үшін де қаншалықты маңызды екенін түсіну қиын емес. Өкінішке қарай, теңіздің тартылуымен байланысты туындаған қиындықтар мен шұғыл шешімін күткен проблемалар да жеткілікті. Жоғарыда аталып кеткендей, жаһандық жобаларды жүзеге асыруға қолайлы орта мен оң ахуалды  қалыптастыруға қажеттілігі зор болғандықтан бұл мәселе де ел басшылығының назарынан түсіп көрген емес.

Сөзіміздің дәлеліндей, былтырғы қараша айында Маңғыстау облысының жұртшылығымен жүздесуінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің өткір тұрған экологиялық проблемаларына баса көңіл бөлген болатын. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Каспий теңізінде экологиялық тепе-теңдік пен биологиялық әртүрлілікті сақтау ерекше міндет саналатынын, сондықтан да оған айрықша мән беру керектігін айтты.  Мұндағы итбалықтар мен бағалы балықтардың жаппай қырылуына қатты алаңдайтынын жасырмады. Заңсыз балық аулаудың жолын кесу, сондай-ақ, теңіздің таяздануы мен тартылуының себептерін анықтау қажеттігі туралы проблемаларды қозғады. Осыларды алға тарта отырып, ол салалық министрлік пен жауапты ведомоствоға Каспий теңізін  зерттеу бойынша ғылыми-зерттеу институтын құруды тапсырды. Ал, биылғы сәуір айында Астана қаласында өткен ғылым мен технология жөніндегі Ұлттық кеңестің мәжілісінде Президент: «Қазіргі таңда түбегейлі шешуді талап етіп отырған маңызды міндеттің бірі де бірегейі – Каспий теңізінің жай-күйін кешенді игеру және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп  мәлімдеді.

72

Достық теңізі тартылып барады…

Шынымен жыл санап Каспий теңізі тартылып барады. Оның табанында қалған батпақ мен шаң-тозаңнан табиғатқа төнер залал мен адам денсаулығына келер қауіп те аз емес. Оған қоса, теңізде өсетін өсімдіктер мен тіршілік ететін жануарлар әлемі, ғылым тілінде айтқанда, ихтиофлора мен фаунаға тигізер теріс әсері мен тажалы аз емес. Ақиқатына келсек, бес мемлекеттің ортақ игілігіндегі Каспий теңізі экологиялық апат алдында тұр. Бұл жайт бүкіл қоғамды, барша адамзатты алаңдатып отырғаны кәміл.

Жақында Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық  филиалы ұйымдастырған «Дөңгелек үстел» басындағы дидарласу да осы тақырыпқа арналды. Ол «Каспийдің тартылуы және оны шешу жолдары» деп аталды. Шараға Экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті, Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары, Адам құқықтары жөніндегі уәкілеттіктің Атырау облысындағы өкілі, жергілікті мәслихат депутаттары, экологиялық қауымдастық өкілдері және қоғам белсенділері, табиғат жанашырлары офлайн-онлайн режимде қатысты. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан республикалық партияның облыстық  филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова талқыланғалы отырған тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды.

Экологиялық ұйымдардың болжамынша, теңіз деңгейі ХХІ ғасырдың соңына таман 9-18 метрге дейін түсіп кетуі ықтимал. Соның салдарынан теңіздегі су солтүстік Каспий шельфінен (Қазақстан жағы), оңтүстік-шығыс жақтағы түркімен шельфінен және оңтүстік пен орталық Каспийдің теңіз жағалауынан алыстап кетіп қалуы мүмкін. Бұдан басқа, теңіздің шығыс бөлігіндегі Қара-Боғаз-Ғол шығанағы кеуіп кетуі ғажап емес. Теңіз деңгейі 9 м-ге төмендесе, онда Каспий теңізінің ауданы 23%-ға, ал 18 метрге түссе 34%-ға кішірейеді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанға тиесілі теңіз бөлігі толықтай шөлді аймаққа айналады деген сөз.

Каспийдегі су деңгейі соңғы жүз жылда екі метрге төмендеген. Ал, 2005 жылдан бері 10 сантиметрге түскен. Ғалымдардың пайымдауынша, осылай жалғаса берсе, енді бір 20-25 жылда су бассейнінің солтүстік-шығыс бөлігі Аралдың тағдырын қайталауы әбден ықтимал.

Расында Каспий теңізі – бірегей су қоймасы. Мұндағы көмірсутекті ресурстар мен табиғи байлықтардың әлемде ешқандай баламасы жоқ. Оның ауданы 392 600 шаршы метрді, суының көлемі 78 648 текше шақырымды, орташа тереңдігі 208 метрді, жағалау бөлігінің ұзындығы 2 320 шақырымды құрайды. Дегенмен, жағасында орналасқан бес мемлекетке ортақ. «Достық теңізі» деп дәріптелген Каспийдің көз алдымызда тартылып бара жатқаны кімді де бейжай қалдырмасы кәміл.

Президент тапсырмасы орындалуы тиіс

Бүгінгі таңда ғалымдар мен экологтардың алдында тұрған маңызды міндеттерді атасақ, олар: біріншіден, Каспийдің таяздануының себептерін меңгеру; екіншіден, итбалықтар мен бағалы балықтардың қырылу себептерін зерделеу; үшіншіден, теңіздегі заңсыз кәсіпшіліктің жолына тосқауыл қою; төртіншіден, теңіз акваториясы  мен жағалауын тұрақты зерттеу; бесіншіден, басқа Каспий маңы мемлекеттеріндегі әріптестерімен өзара іс-қимыл орнату.

Күн тәртібіндегі мәселеге орайғы баяндамасын осыдан бастаған ғалым, эконометрика профессоры, сарапшы Нұрлан Мыңбаев одан әрі Жайық-Каспий бассейнінің өзекті мәселелері мен теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты шешімдер жайында әңгіме өрбітті. Ол алдымен бұл бағытта жасалған халықаралық мәмілелердің тарихына, осы тұрғыдағы Каспий маңы мемлекеттерінің тәжірибесіне қысқаша шолу жасады.

– Мәселен, Ресейде «Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Каспий теңізі ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Алғашқысы – балық шаруашылығы саласында ғылыми іздестіру, су биоресурстарын сақтау және аквамәдениетті дамыту бағытында жұмыс жүргізеді. Соңғысы – Каспий теңізінде қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ететін бағдарламаны дайындап, жүзеге асырады. Әзербайжан Республикасындағы Каспий теңіз шаруашылығы «Еуропа–Кавказ–Азия» көлік дәлізіндегі байланыстырушы буын болып табылады. Сонымен бір мезгілде Транскаспий бағытындағы жүк және жолаушы тасымалымен және теңіздегі мұнай-газ өндірісімен айналысады.

Осындағы балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қоршаған ортаның кешенді экологиялық мониторингін, экожүйенің талдамасын, бекіре тұқымдас балық түрлерінің табиғи уылдырық шашу тиімділігін, т.б. параметрлерін жан-жақты зерттейді. Одан бөлек, кешенді экологиялық мониторинг басқармасы бірыңғай экологиялық критерийлерді айқындап, қоршаған ортаға антропогенді әсер етуінің сандық және сапалық деңгейінің көтерілуін қамтамасыз етеді. Ирандағы халықаралық Каспий зерттеу және Түркіменстандағы Каспий теңізі институттары да осы мазмұндас жұмыстармен шұғылданады. Соның ішінде ирандық ғалымдар Каспий бассейніне қатысты саяси, құқықтық және энергетикалық мәселелерді шешумен шұғылданса, олардың түркіменстандық әріптестері Каспий теңізі аймағында ынтымақтастықты дамыту, ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық-құқықтық және ұлттық сипаттағы құжаттарды дайындау сияқты іс-шаралармен айналысады. Бізге жүктеліп отырған міндет – осы Каспий маңы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйеніп, өзімізде де сондай институт құру, – деді Нұрлан Сәрсенбайұлы.

Оның түсіндіруінше, қазіргі уақытта «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің солтүстік және орталық бөлігінде судың сапасын, түзілімдердің қорын, теңіздегі тербелістер мен деңгейін анықтау бағытында мониторинг жасауға кіріскен. Бұған қоса, Балық шаруашылығы комитетінің тапсырысымен жеке компания теңіздің түрлік құрамына, жалпы биологиялық массасына, тұтастай алғанда ихтиофаунасына мониторинг жүргізуді қолға алған. Сондай-ақ, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырысы бойынша теңіз түбіндегі өсімдіктер әлеміне, гидрологиялық режиміне, ихтио және орнито фауналарына зерттеу жұмыстары жүргізілген. Бірнеше ғылыми мекеме теңіз итбалықтарының тіршілігіне қатысты түрлі зерттеу жұмыстарымен шұғылдануда.

Алайда, мұның бәрі де Каспий теңізінің қазақстандық секторында қалыптасқан күрделі ахуалды сауықтырып, қалыпты жағдайға келтіруге, яғни мәселенің шешіміне кешенді түрде келуге жеткіліксіз болып тұр. Мемлекет басшысының өзі меңзеп отырған институтты құрудағы басты мақсат – осы олқылықтардың орнын толтыру. Сөйтіп, бүгінде баршамызды қатты алаңдатып отырған теңіздегі су балансы мен биологиялық әртүрлілікті сақтау, жер қойнауын пайдаланудың оның экологиялық жүйесіне тигізетін әсерін мейлінше азайту, қабылданған халықаралық міндеттемелердің мүлтіксіз орындалуы мен Каспий маңы мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын қамтамасыз ету. Болашақта құрылатын институттың даму кезеңдерін айқындап, қаржыландыру көздерін іздестіру. Тек сонда ғана алға қойылған мақсатқа жетеріміз кәміл. Сарапшының сөзінің түйіні осыған тірелді.

Апаттың алдын алу мүмкін бе?

«ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осин «Каспий теңізінің өзгеруі және әлеуметтік-экономикалық тәуекелдер» тақырыбын тарқатты. Ол алдымен теңіздің тартылу себептерін, соған тікелей әсер етуші факторларға тоқталды.

71

–  Бұлардың қатарында төмендегідей төрт факторды атар едім. Біріншісі – табиғаттық. Бұл – орталық және оңтүстік Каспийдегі геодинамикалық тұрақсыздық. Ашығын айту керек, соның салдарынан осы аймақтың сейсмикалық деңгейінің көтерілуімен байланысты тағы бір үлкен проблеманың туындауы ықтимал. Екіншісі – техногендік. Мұнда өзендердің бойымен ағып келетін өнеркәсіптік төгінділер соңында теңізге құйылады. Сондай-ақ, суға батқан ұңғымалар мен теңіздегі мұнай кеніштерін игеру кезіндегі техногендік әсерлер де оның ластануына себепші факторлардың санатына жатады. Үшіншісі – биологиялық.

Мұның мәнісі – өзге теңіздер арқылы Каспийге өтетін бөгде, яғни сырттан келетін түрлі тіршілік иелері. Олар теңіздегі биологиялық режимнің бұзылуына әкеледі. Төртіншісі – браконьерлік. «Су маржандарын» заңсыз аулаудың салдарынан теңіздегі бағалы балықтардың қорына жойылып кету қаупі төнді. Шындығына келсек, бүгінде осы бекіре тұқымдастардың аналық үйірі түгелдей ауланып біткен. Олардың түрін сақтау балықты жасанды тәсілмен көбейтудің нәтижесінде ғана мүмкін болып отыр. Сайып келгенде, осының бәрі тіршілік иесінен айырылуға айналған теңіздегі экологиялық жүйенің өзгеріп, табиғи тепе-теңдіктің өрескел бұзылып, теңіз суының сарқылып, тартылуына себепші жағдайлар екенінің дәлелі болып табылатыны даусыз, – деді Кирилл Владимирович. 

Оның айтуынша, Каспий теңізінің деңгейіндегі ауытқушылықтарды бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады екен. Мысалы, 1900-1929 және 1942-1969 жылдары салыстырмалы түрде тұрақты болғаны және бірқалыпты төмендегені байқалған. 1930-1941 және 1970-1977 жылдары теңіздің деңгейі күрт төмендеген. Ал, 1978-1995 жылдары күрт көтерілген. Бертінде, 1996-2001 жылдары бірқалыпты төмендеу, 2001-2006 жылдары бірқалыпты жоғарылау тіркелсе, 2006-дан қайтадан төмендеу басталған. Көпшіліктің назарын аударған жайттың бірі – жоғарыда келтірілгендей, ауытқушылықтар бола тұра, 1978-1995 жылдар аралығында Каспий теңізінің деңгейі 2,5 метрге жоғарылаған. Әйтсе де, мұндай көтерілудің салдары адамдардың өліміне әкеліп, көптеген отбасыларын қайғылы жағдайға душар еткені де шындық. Кеңес заманында теңіз суының көтерілуінің кесірінен 1 млн. гектар аумақта адамдардың өмір сүруі мен шаруашылығын жүргізуіне қалыпты жағдай бұзылған. Жалпы ауданы 280 мың гектар ауылшаруашылық жері су астында қалып, 320 мың гектар егістік алқабы пайдалануға жарамсыздыққа ұшыраған. Басқалай да төтенше жағдайлар тіркеліп, бұзылған инфрақұрылымдардан келген материалдық залалдың сомасы сол кездегі есеппен 1 млрд. АҚШ долларынан асқан.

Әрине, бертінде егемендігін еншілеп, тәуелсіз мемлекет танылған бұрынғы одақтас республикалардың осындай ғаламдық мәселелердің шешімін табуына өз беттерімен талаптанып келе жатқаны да анық. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы да бар. Алынып жатқан шаралар да жеткілікті. Атқарылған, алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар да ауқымды. Мәселе – солардың нәтижесінде болып тұрғаны да жасырын емес. Өкінішке қарай, тап осы тұста ауыз толтырып айтарлықтай, тілге тиек етерліктей іс тындырмағанымызды да ашып айтқанымыз абзал. Ілкіде келтірілгендей, түрлі табиғи факторлардың салдарынан, ең бастысы, қоршаған орта мен табиғатқа деген жанашырлықтың аздығынан, жауапкершіліктің жетіспеушілігінен осындай жағдайға тап болып отырғанымыз ащы да болса ақиқат. Өзекті мәселеге орай ойларымен ортақтасқан сарапшы Наталья Петровна, Қазақстан Халық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нияз Мұқырұлы, басқа да қоғам белсенділерінің пікірлері осыны аңғартты.

Сіз не дейсіз?

Жәукен КӨШЕНОВ, еңбек ардагері, табиғат жанашыры:

– Шұғыл шарасын алмаса болмайды. Теңіздің таяздануынан жергілікті халықтың зардап шегіп отырғаны шындық. Бұл жағдай балықшылардың да шымбайына батып тұр. Өйткені, олар кәсібінен айырылып қана қоймайды, денсаулығын да құртады. Тартылған теңіз табанынан ұшқан шаң-тозаңды жұтатын да солар.

Дидар ӘЛІПОВ, «Павлодар өзен порты» АҚ жоба жетекшісі:

–  Міне, биыл Каспий теңізіне құятын Жайық пен Қиғаш өзендерінің түбін тереңдетуді бастағанымызға – бесінші жыл. Жоспар бойынша бұл жоба алдағы жылы аяқталуы тиіс. Атқарылған жұмыстың ауқымдылығына қарамастан, әзірге көңіл көншітерліктей нәтиже көріп отырғанымыз жоқ. Себебі, қазу жұмыстары ілгері жылжыған сайын теңіздің суы тартылып, кейін кетіп барады.

Жасыратыны жоқ, жобаға сәйкес біздің ендігі теңізге шығатын кезіміз келген-ді. Әйтсе де, дарияның біртіндеп қашықтай беруіне байланысты мұның өзі мүмкін болмайтын түрі бар.

Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА, Қазақстан Халық партиясы АОФ төрағасы:

– Бүгінгі әңгіменің төркінінен түсініп отырғандарыңыздай, Каспий проблемаларын жан-жақты зерттеп-зерделеу мақсатында елімізде жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан ғылыми-зерттеу институтын құруға алғашқы қадамдар да жасалуда. Мекеме өз құрамына ғалымдарды, ихтиолог, биолог, гидрогеолог және өзге мамандарды біріктіреді. Соның ішінде ғалымдар Каспийдің флорасы мен фаунасын зерттеп, теңізде тіршілік ететін жануарлар (әсіресе итбалық) өлімінің себептерін анықтайды.

Жуырда Исатай ауданында іссапарда болдық. Онда да теңіздің тартылып бара жатқанын көзімізбен көрдік. Ол жақтағы жергілікті тұрғындардың алаңдаушылығы барын аңғардық. Табиғатты пайдаланушы компаниялар теңіз өресіндегі елді мекендерді құм көшкінінен қорғау үшін сексеуіл отырғызыпты. Бірақ, мұны да шарасыздықтан алынған шара деп ұғындық. Дәрігерлермен кездесіп, сөйлескенімізде олар жағдайдың мәз еместігін, ауру түрлерінің көбейіп, аурушылық деңгейінің өсіп тұрғанын алға тартты.

Тобықтай түйін

Каспий теңізі деңгейінің төмендеп, суының тартылатыны туралы болжам осыдан қырық жыл бұрын жасалған. Ғалымдар бұл құбылысты климаттың күрт өзгеруімен, ауа температурасының шамадан тыс жоғарылауымен, құрғақшылықтың салдарымен және теңізге келіп құятын өзендер суының азаюымен, кейбір  жағдайда тіпті сарқылуымен байланыстырады. Айтқанымыздай, теңіздің солтүстік бөлігі Атырау облысының аумағына кіреді. Мұнда да теңіз тартылуының салдары көрер көзге айқын аңғарылады. Мәселен, жылына 15 мың тоннаға дейін жүк қабылдау мүмкіндігі, аумағы атшаптырымдай айлағы  бар Атырау өзен  порты үшінші жыл қатарынан қозғалыссыз қалған. Осыған куә болған Жайық жағалауындағы елді мекендердің тұрғындары да теңіздің тағдырына алаңдаулы.

Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз