«Жасыл ел» жобасымен 1756 атыраулық жұмыспен қамтылмақ

screenshot 20220518 192200 Экология

Бұл туралы Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды, Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазіргі таңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасы бойынша жеңімпаз атанған «Жеті жарғы» қоғамдық қорымен келісім шарт жасақталып, маусымдық жұмыстарын ұйымдастыру қызметі жүргізілуде.
-Осы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы жобасына 1756 жасты көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс бағыттары бойынша уақытша маусымдық жұмысқа тарту мақсатында жергілікті бюджеттен 138 700 000 тг. көлемінде қаражат бөлінді. Өңір бойынша 1756 жасқа 65 000 теңгеден еңбекақы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары логотипі бар арнайы киім (футболка, бейсболка, күртеше) жабдықтарымен қамтамасыз ету көзделуде, деді А.Ахметов.
Еңбек жасақтарына қатысушы жастардың өтінімдері ағымдағы жылдың 11 мамырынан бастап инстаграмм әлеуметтік желісіндегі @atyrau_jastary парақшасы арқылы онлайн қабылдануда. Бүгінгі күнге облыс бойынша 945 жас тіркелген. Атап айтқанда, Атырау қаласында 95, Қызылқоғада 305, Құрманғазыда 73, Жылыойда 38, Мақатта 116, Махамбетте 76, Индерде 40, Исатайда 232.
«Жасыл ел» жобасына Атырау облысының жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері, жұмыссыз және NEET санатындағы, қалалық және аудандық елді-мекендердегі жастар қамтылады.

– Бағдарлама жұмысы 1 маусым мен 31 тамыз аралығында өтеді. Квота толық қамтылғаннан кейін 16-29 жас аралығындағы 300 сарбазды құрылыс жұмыстарына, қалғанын көгалдандыру және тазалық жұмыстарына бөлетін боламыз. Әрбір жас тек 1 ай ғана жұмыс жасайтын болады. 18 жасқа дейінгі жастар 36 сағат, 18 жастан асқандар 40 сағат еңбек етеді. Біздің мақсатымыз – жастарды қоқыс жинауға емес, шашпауға үйрету, деді «Жеті жарғы» қоғамдық қорының директоры Абылай Құрметұлы.

Сонымен қатар, жоба аясында 1000 дана жеміс талын отырғызу, Жайық жағалауын қоқыстардан тазалау бойынша #TrashtagAtyrau және балалар ойын алаңдарын қалпына келтіру мақсатында #UpgradeAtyrau сынды акциялар мен сенбіліктер ұйымдастыру жоспарлануда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз