Жарнама
Экология

БҰҰ деңгейінде көтерілетін мәселе немесе Атырау экологиясы қашан сауығады?

Елдің экономикалық драйверіне айналған Атырау өңіріндегі басты  проблеманың бірі – экология екені мәлім. Алпауыт мұнай компаниялары орналасқан өлкедегі бұл МӘСЕЛЕНІң тым нәзік тақырыпқа айналғаны айтпасақ та ұғынықты. Мұнай өндіру және өңдеу компанияларынан шығатын зиянды заттардың шамадан тыс артуы, Жайық өзенінің тартылуы, «Ақжайық» резерваты аумағындағы дүркін-дүркін тұтанатын өрт, шаңды дауыл, басқа да КҮРДЕЛІ ТҮЙІНДЕР – өңір экологиясының сын көтермейтінінің айқын көрінісі.

Бұл туралы сейсенбіде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің төрағалығымен «Атырау облысындағы экологиялық ахуалдың жай-күйі» тақырыбында өткен көшпелі мәжілісте де айтылды. Республика Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошырбаев, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттары, өңірдегі мұнай компанияларының басшылары, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысқан жиында салаға қатысты бірқатар мәселе көтеріліп, оның шешілу жолдары ұсынылды.

Алқалы жиынның Атырау жерінде өтуі тегін емес. Соңғы жылдары депутаттар мен қоғам белсенділерінің назарына іліккен осы тақырыпқа қатысты мәселелер жиі көтеріліп жүр. Жасыратыны жоқ, қалада сасық иіс жиілеп, көк түтін де көз аштырмайтын болды. Басқосуға төрағалық еткен Еділ Терекбайұлы мұнай компанияларының қоршаған ортаға салғырт қарап, жауапкершіліктен жалтаруына ендігі әрі жол берілмейтінін қадап тұрып айтты.

– Атырау облысы – еліміздің ең ірі өнеркәсіпті өңірі. Аймақта мұнай және газ кеніштерінің негізінде қуатты индрустриялық кешен дамып келеді. Облыста бірінші санатты 121 кәсіпорын бар, — деп Комитет төрағасы Атырау мұнай өңдеу зауыты және «Теңізшевройл» компанияларына қатысты экологиялық заңнама талаптарын бұзу жағдайларының орын алып отырғанын атап көрсетті.

Оның айтуынша, өңірдегі көптеген табиғат пайдаланушылардың әлі күнге дейін стационарлық көздері тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған, ірі кәсіпорындар автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізбеген.

– Ірі өндіріс ошақтары кәріз суын технологиялық процестерге пайдаланудың орнына, өңірдегі ауыз судың бірден-бір көзі – Жайық өзенінен суды шамадан тыс көп тұтынып отыр. «Ақ Жайық» резерватында жиі тұтанатын өрт те өңірдің экологиялық ахуалын нашарлатуда. Оны дер кезінде сөндіруге арнайы техника жеткіліксіз. Бұл мысалдар – өңірдегі экологиялық жағдайдың аз ғана көрінісі. Мәселе өте көп. Бұл жағдай бізді қатты толғандырып отыр. Осыған орай Комитеттің биылғы жоспарына өңір экологиясын көшпелі отырыста талқылауға енгіздік. Атырау облысынан Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттар да осы тақырыпты жиі көтеріп жүр. Олар – Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаев, Серік Ерубаев, Нұрлыбек Ожаев және Әділ Жұбановтар. Депутаттар Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр секторына барып, оның тартылып кеткенін көріп қайтты. Каспий теңізінің суы осы қалпымен тартыла берсе, әлемде үлкен табиғи гумантарлық апат туындауы мүмкін деген қауіп бар. Ауыз су мәселесі де аса өзекті проблема. Осыған орай «Атырау су арнасы» кәсіпорнының қызметімен танысып, Доссор, Құлсары елді мекендерінің тұрғындарымен кездестік. «Тухлая балка» кәріз суының булану және «Квадрат» сарқынды суды буландырғыш-тоғанын тазарту алаңдарында болып, депутаттар жағдайды өз көзімен көрді. Қоршаған ортаны жақсартуға қатысты жасалып жатқан іс-шаралармен жіті танысты, — деді Еділ Терекбайұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев сөз кезегі келгенде экологиялық мәселелерді шешу бағытында облыс әкімдігі мен республика Экология және табиғи ресурстар министрлігі бірлескен Жол картасын қабылдап, жоспарлы жұмыс бастағанын, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына да кезек күттірмейтін экологиялық 22 іс-шара енгізілгенін айтты. Оның ішінде «Квадрат» және «Тухлая балка» алаңдарын, «АМӨЗ» ЖШС булану алаңының бөліктерін, қаланың оң жағындағы кәріздік тазарту имаратын жаңғырту жүріп жатыр.

– Облыс көлемінде Жайық өзенін оңалту бойынша оның түбін тереңдету және жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Алайда, өзеннің соңғы үш жылда арнасы тартылып, экологиялық зардап шегу алдында тұр. Қазір өзеннің орташа көпжылдық ағысының қалыпты көлемі 9,46 текше километрден 2022 жылы орташа жылдық ағысы 4,93 текше километрге, яғни екі есеге төмендеді. Осыған байланысты, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұлғайту қажет етіледі. Ол үшін Жайық өзенінің жоғары жағындағы су қоймаларынан төмен қарай су жіберу көлемін арттыру, оның ағысын үйлестіру (синхронизация) мәселелеріне және өзеннің ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйымдастыруға Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Су ресурстары және ирригация министрлігі ерекше назар аударуы қажет деп есептеймін. Соңғы жылдары Каспий теңізінің фондық деңгейі 2 метрге төмендеп, жағалаудан 25-30 шақырымға қашықтады, орны тұзды құмға айналу қаупі туындап отыр. Бұл ретте Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Ақ Жайық» резерватының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін тиісті деңгейде қаржы бөлгені жөн. Сонымен қатар, Каспий теңізінің тартылу себебін анықтау бағытында аталған министрліктер шұғыл ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуі және жағалаудағы тұзды шаңға тосқауыл қою үшін нақты бағдарламалар жасауы керек деп есептейміз, — деді Жасұлан Орақұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Құрманғазы ауданында өсетін «Қызыл кітапқа» енген лотос гүлін арнайы қорғау шараларын қабылдап, «Ақ Жайық» резерватына аталған гүлдің аумағын қосымша қорғау құзыретін беру қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар, облыста Қазақстанның Қызыл кітабына енген киік, үстірт арқары, дала бүркіті, үкі, паллас әбжыланы, Шренк қызғалдағы тәрізді сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктер кездесетін аймақта көмірсутегі шикізатын өндіретін жер қойнауын пайдаланушылардың проблема туындатып отырғанын айтып, өңірде «Солтүстік Үстірт» мемлекеттік табиғи қорық паркін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ал, республика Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошырбаев бүгінде республика бойынша I категориядағы 91 объект мониторингтің автоматтандырылған жүйесін (МАЖ) орнатуға міндетті екенін атап көрсетті. Оған облыстағы «Атырау жылу электр орталығы» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Теңізшевройл» ЖШС, «North Caspian Operating Company N.V.» компаниясы және «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» ЖШС кіреді. Вице-министрдің айтуынша, қазір Экология министрлігі пилоттық жоба шеңберінде кәсіпорындардың МАЖ деректерді министрліктің ақпараттық жүйесіне, яғни Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі туралы ұлттық деректер банкіне беру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Жиында баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстары комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов Жайық өзенінің жай-күйі туралы айтса, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Жаңабаев өңірге өрт сөндіруге жоғары өтімді арнайы техникалардың қажеттігін жеткізді.

Көшпелі мәжіліске қатысушылар Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Теңізшевройлдың» экологияны сауықтыруға қатысты атқарып жатқан жұмыстары туралы да хабардар болды. Алайда, көпшілік олардың бұл бағыттағы жұмысына қанағаттанбайтындығын ашық айтты. Шаһарды көгалдандыру мақсатында егілген тал-теректі ТШО секілді алып компанияның кәдімгі су таситын автокөлікпен суарып жүргені атына сын. Мұны толы жұрттың алдында компанияның бетіне басқан Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов вахталық әдіспен жұмыс жасайтындардың ауысымы қашан 28 күннен  14 күнге азайтылатыны туралы сауалына да мардымды жауап ала алған жоқ. Модератор бұл мәселе басты назарда тұрғандықтан, ТШО-ға жұмысшылардың ауысымын міндетті түрде 14 күнге азайту міндеттелетінін атап айтты.

Алқалы жиынға қатысқан «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Галина Чернованың қоршаған ортаға жанашырлық таныта сөйлеген сөзі де ешкімді бейжай қалдырмады. Мұнай компанияларының әлі күнге дейін шамадан тыс зиянды заттар шығарып жатқанын, соның салдарынан ауа сапасының нашарлағанын, Жайық өзеніне жанашырлықтың мүлде жоқ екенін жаны күйе жеткізген Галина Христофоровна Атырау жылу-электр орталығының дәл қазір алтыннан да бағалы Жайықтан тазартылып, халыққа беріліп отырған ауыз суды пайдаланып болған соң оны кәріз құбырына төге салатынына орынды наразылығын білдірді. Сондықтан, Жайықты құтқару бағытында арнайы бағдарламаның қажеттігін ұсынып, жиналғандар алдында Атырауды «экологиялық апатты аймақ» деп тануды талап етті.

Табиғат – тіршілік анасы. Сондықтан, табиғи байлықты қолдана отырып, оған опасыздық жасауға ешкімнің қақысы жоқ. Қоршаған ортаны да қорғайтын заң бар. Бірақ көбінесе аз-мұз айыппұлмен құтылатын алып компаниялар оны белден басып отырғандай көрінеді. Мұнай компанияларынан миллиондап жалақы алып, тегін жатқан батпанқұйрыққа кенелгеніне мәз өз құлқынын ғана күйттеп жүргендер оның сұрауы болатынын естен шығармағаны жөн. Мұнайын алып, Жер-Ананы босатып, жұтар ауаны ластап жатқандардың ойланатын кезі жеткендей. Мұндай ашкөздік пен қайырымсыздықтың талай жыл тырс етпеген табиғатқа тіл бітіруі де ғажап емес. Егер ол ашуға мінсе…

Сондықтан болар, көшпелі кеңеске келіп ой-пікір мен өкпе-назын айтқысы келген табиғат жанашырларының қатары көп болды. Жиынға қатысқан парламентарийлер де халық көкейінде жүрген сауалдарды батыл жеткізді. Барлығының мақсаты бір, ол – экологияны сауықтырып, қоршаған ортаны қалыпқа келтіру.

Басқосуды қорытындылаған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин саладағы проблеманы жіліктеп бөліп, оны шешудің жолдарын ұсынды. Атап айтқанда:

Бірінші мәселе – Каспий теңізі мен Жайық өзені деңгейінің түсіп кетуі. Проблема тек облыстың немесе республиканың, тіпті Каспий аймағының мәселесі де емес, планетарлық деңгейдегі проблема. Бұл бассейнде бірнеше миллиондаған халық тұрады. Каспий теңізінің, Еділ, Жайық, басқа да өзендер деңгейінің төмендеуі энергетика, ауыл шаруашылығы саласына, өзге де өндіріс ошақтарының жұмысына тікелей әсер етеді. Сондықтан, Каспий бассейніндегі экологиялық ахуал Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде көтерілуі қажет.

Екінші мәселе – өңірдегі ауаны қорғау. Көптеген кәсіпорындарда жаңғырту мен реконструкциялауды қажет ететін тозығы жеткен жабдықтар жұмыс жасап тұр. Ластаушы заттарды ұстап қалатын және зарарсыздандыратын заманауи жүйелер жоқтың қасы. Сондықтан, ірі кәсіпорындар өз жұмысында тазалаушы технологияны енгізіп, МАЖ орнатуы қажет. Ластаушы компаниялардың табиғатты қорғау бағдарламасы қатаң қадағалануы тиіс, әсіресе жергілікті мәслихаттар депутаттарының қырағылығы қажет. Табиғат пайдаланушы компаниялар үшін эмиссиялар лимиттерінің мөлшерін қайта қараған жөн. Өйткені, қомақты лимиттер жауапкершіліктен жалтаруға мүмкіндік беріп отыр.

Арнайы техниканың қажетті санының болмауы да мемлекеттік табиғи резерваттағы өртті дер кезінде ауыздықтауды қиындатады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел аумағында 2 миллиард ағаш отырғызылуы тиіс. Жергілікті атқарушы билік елді мекендерді көгалдандыруды белсенді жүргізуі қажет. Бұл жұмысқа жер қойнауын пайданушыларды кеңінен тарту керек.

Үшінші мәселе – ластанған жерлерді рекультивациялау. Мұнаймен, түрлі қалдықпен, заңсыз төгілген тұрмыстық қалдықтармен бүлінген аумақтарды тазалау. Сортаңдалып, тұзы шыққан жерлердің әсерін азайту. Жылыой, Мақат аудандарында мұндай учаскелер көп. Қала маңындағы лас су немесе булану алқаптарында жұмысты шапшаң әрі дер кезінде жүргізу керек. Бұл жұмыстар да Президенттің тікелей бақылауында.

Төртінші мәселе – суды үнемдеу және кәріз суын тазалау. Өндіріс орындарының суды қайталап пайдалануы мәселесін шешу жөнінде кезек күттірмейтін шаралар қабылдануы шарт. Трансшекаралық өзендердің су деңгейін арттыру бойынша көршілес елдермен бірлескен іс-әрекеттер жасау мәселесі де пысықталуы тиіс. Атырау және Маңғыстау облыстарын баламалы ішкі ауыз cy ресурстарымен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түспеуі керек.

Су мәселесі Қазақстанның барлық аумағында өте өзекті. Президент Жарлығына сәйкес Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуына да осы мәжбүрлік себеп болды.

Бесінші мәселе – облыс халқының денсаулығы. Қоршаған орта сапасының нашарлауына байланысты Атырау облысы тұрғындарының саулығына тыңғылықты медициналық-экологиялық зерттеу жүргізу қажет.

Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Дүйсенбай Тұрғановтың күрделі проблемаға ерекше назар аударуы бекер емес. Себебі, Жайық пен Каспийдің экологиялық ахуалы Атырау мен Маңғыстау облысына ортақ мәселе. Ұлы судың бойындағы маң даланы еркін жайлаған ел …Еділдің бойы ен тоғай — // Ел қондырсам деп едім. // Жағалай жатқан сол елге // Мал толтырсам деп едім (Махамбет), — деп көксемеп пе еді?!

Ал, бүгін ше?.. Мал толтырмақ түгілі, ұрттам суға зар болар күн қашық емес-ау, сірә!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button