Жарнама
Экология

Балықтың жайы не болады?

Осы аптада Соколок каналында балық шабағының қырылғаны туралы жергілікті белсенді Аслан Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған еді. Оны белсендінің өзі Атырау–Доссор тасжолы бойындағы каналда балыққа ауа жетіспегендіктен деп түсіндіреді. Шындығында облыста дәл осындай көп мөлшерде балық өлексесінің табылуы алғаш рет емес.

«Мұның дереу алдын алмасақ болмайды. Өліп жатқан балықтың көпшілігі жайын балығы. Ол басқа балықтармен салыстырғанда 80-100 келіден артық салмақты құрайды. Былтыр жайынды аулауға бір жылға тыйым салынды, биыл мораторий аяқталды. Жайын – жойылып бара жатқан балықтардың қатарында. Ал мына жерде босқа қырылып жатыр, тіпті обал. Жоғарыдағы құзырлы мекемелер тарапынан техника жұмылдырылып, балық кооперативтері мен еріктілер қалған шабақты сақтап қалу үшін күш салу қажет. Әйтпесе өздігімізден құтқарып қалу қиынға соғады. Бұл жердегі жайын балығының 90 пайызы қырылып жатыр. Соколок – терең канал, бұлай жалғаса берсе каналдағы көп балық жаппай қырылып қалуы мүмкін» — деді А.Омаров.

Оның айтуынша, каналда жайыннан басқа шортан, сазан, мөңке, алабұға секілді балық түрлері де бар екен. Жағдайға байланысты Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Нұрболат Қаратекеевке шұғыл хабарласқанымызда, мекемеде өздеріне тиесілі аумақта дүйсенбі сайын жоспарлы жұмыс жасалатынын айтты.

– Апта басындағы кезекті жиналысымызда инспекция мамандарына тиесілі учаскелерге бақылау жүргізу жөнінде тапсырма берілді. Биыл өр суының шектен тыс көп келуіне байланысты қазір балық өлімі көп болып жатыр. Сол себепті мамандар ертемен учаскелерін аралап, зерделеуге шығады. Белсенді жариялаған Соколоктағы балықтың қырылғанын әуелі біздің мамандар анықтап, сол жерде акт жасақтап, хабарлама түсірді. Соған сәйкес комиссия мүшелерін шақыртып, жағдайдың анық-қанығын анықтауға барғанда тірі қалған балық шабақтарын құтқаруға келісілді. Мәселе егжей-тегжейлі анықталған соң толық нәтижесін хабарлаймыз, — дейді Нұрболат Наурызбайұлы.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button