ТҮНДЕ ТҮТІНГЕ ТҰНШЫҚҚАНДАР КІМГЕ ШАҒЫНАРЫН ДА БІЛМЕЙДІ

tytingeБұдан біраз жыл бұрын академик Муфтах Диаровтан кезекті сұхбат алғанымызда қадірменді қарт «Мен бір күні атыраулықтар ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын» деген-ді. Расында да, қала ортасы ауасының ластығын, көкірек керіп тыныс алу қиындығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл – жай халықтың айтып жүргені ғана емес, маман экологтардың да нақты тұжырымы.

 

 

АЙЫППҰЛДАН АЙЫЛЫН ЖИМАЙДЫ
Атырауға іргелес елді мекендерден жаз күндері таң әлетінде кіретіндер назарына алдымен қала үстіндегі мұнартқан бозаң шалынады. Тіпті әуежай бетте бой көтерген «Болашақ» ықшамауданының тұрғындары да ертеңгілік қалаға көз салса, тұнып тұрған түтінді көреді. Бұл қайдан шығып жатыр? Ешкім әдейілеп от қоймаған шығар. Демек, бұл қалалықтардың кейбір кәсіпорын басшыларының түнгі мезгілде немесе таң алдында тазаланбаған өндіріс қалдығын ауаға лақтыратындығы жөніндегі күдігін қалыңдата түседі. Оның үстіне, жақында Атырауда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі басшыларының қатысуымен өткен алқалы басқосуда облыстық экология департаментінің басшысы Ербол Қуанов та мұндай деректердің барлығын жайып салды.
Мәселен, оның айтуынша, өткен жылғы үшінші желтоқсанда түнгі сағат үш шамасында «ПотенциалОйл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ілеспе газды жақпастан ауаға лақтыра салған. Демек, мұнай құрамындағы қосымша қалдық тазаланбай таратылған. Мұның заңға қайшы екендігін сол кәсіпорын басшысы білді ме? Әрине, білді. Қасақана солай жасады. Өйткені, бұған дейін де осылай істеп келген. Көзге түспеген, назарға шалынбаған.
Бірақ, аталмыш компанияның алдында да экологиялық талаптарды орындамай отырғандығы туралы айтылып жүрген жоқ па? Қоршаған ортаны қорғауға қатысты заңдылықтарды сақтамайтындар арасында осы кәсіпорын жиі аталатын. Әйтсе де, бұрын азды-көпті айыппұлын төлеп, құтылып кететін. Бұл жолы да солай болғандығы кәміл. Сөйтіп, келесі ретте заң бұзушылыққа жол берілгенше қызметін жалғастыра береді. Мұның бәрі – еліміздің қолданыстағы заңдылықтарының солқылдақтығының салдары. Табиғат қорғау тәртібін өрескел бұзушы кәсіпорындарға жұмысын тоқтатуға дейінгі қатаң жаза қолданылатындығы туралы айтылғанымен, сайып келгенде, соны жүзеге асырып жатқандар жоқтың қасы. Бәрібір мұнайшылар жеңіп шығады, жұмысын жалғастыра береді.
Ербол Қуанов түн жамылып ауаға лас қалдықтар шығаратын тек «ПотенциалОйл» компаниясы ғана емес, мұндай қылмысқа баратындар көп екендігін де жасырмайды. Демек, бір ғана кәсіпорынмен шектеліп қалуға да болмайды. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытының төңірегіндегі тұрғындарға тигізіп отырған кесапаты жөнінде бұрын да айтылатын, ал қазір тіпті жиі қозғалып жүр. Рас, кезінде бұл кәсіпорын қала сыртында салынғанымен, бүгінде оның аумағында қалған. Айналасында тұрғын үйлер де, әлеуметтік нысандар да баршылық. Солардың бәрі де зауыттан тарайтын жағымсыз иісті сезініп отыр.
Бұдан біраз жыл бұрын жұртшылықтың жиі шағымдануымен жергілікті экологтар зауыт маңын түнімен торуылдаған. Дегенмен, кәсіпорын басшылығы бұл шара туралы алдын ала біліп қойды ма, әлде табиғат сақшыларының құралдары түк сезбеді ме – әйтеуір зауыттықтар ұстатпай кеткен.
Енді осы шаруаны тиісті тапсырыспен арнайы құрылым қолға алыпты. Бірақ, біздің білуімізше, басталған жұмыс соңына дейін жеткізілмеген секілді. Мәселе қаржыға келіп тірелген тәрізді. Ақша бермесе, аяғымызды баспайтын әдетке тап болдық қой. Сөйтіп, бұл проблеманың да сағызша созылып кететін түрі бар.
Ал, тұрғындар зауыттан түнгі мезгілде ауаға лас қалдықтар лақтырылатындығы жөнінде әлі де шағым айтып жатыр. Оның үстіне, облыс орталығында Аджип ҚКО компаниясы орнатқан атмосфералық ауаны бақылайтын автоматты стансалар «нақты уақыт» режимінде күкіртті сутегінің нормадан тыс көптігін күнделікті көрсетіп отырғанда, мұнай өңдеу зауытының осындай жабдықтары «үнсіз» тұр. Бұл да күдікті ойларға жетелейді емес пе? Ақырында, қолымыздағы құжаттарға қарағанда, 2007-2011 жылдары қаладағы атмосфералық ауаның жерге жақын қабатында күкірт қоспаларының нормадан әлденеше мәрте асып кеткендігі анықталған. Соның ішінде, күкіртті сутегі бойынша көрсеткіш, әсіресе түнгі мезгілде, 140 есеге өскен. Бұдан әрі қайда бармақпыз?..

ЗАҢДАҒЫ СОЛҚЫЛДАҚТЫҚ
Жалпы, мұнай құрамындағы ілеспе газды кәдеге жарату жайы ондаған жылдан бері айтылып келеді. Мамандардың пікірінше, оның түйінін тарқату үшін кешенді шешім қабылдануы қажет. Қазір ілеспе газ тиімді пайдаланылмайды деуге толық негіз бар. Оның кәдеге жаратылуы жөнінде айтқанда тек Теңіз газын тұтынып отырғанымызды ғана тілге тиек ете аламыз. Әйтпесе, ілеспе газ алауларда жағылады және жер қыртысына қайта айдалады. Бүгінде «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы тәсілдердің екеуін де қолданып отыр.
Ал, Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңына сәйкес ілеспе және табиғи газды алауларда жағуға тыйым салынған. Әйтсе де, апатты жағдайларда, соның салдарынан адам өміріне қатер төнгенде рұқсат етіледі. Оның үстіне, ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 8 желтоқсанда қабылдаған қаулысына сәйкес технологиялық жабдықтарды пайдалану барысында ілеспе газды алауларда жағу мүмкіндігі қарастырылған.
Міне, қолданыстағы заңдылықтардың солқылдақтығы. Тыйым сала отырып, рұқсатын да береді. Ілеспе газды кәдеге асыруға асықпайтындар осы оралымсыздықты шебер пайдаланып, қоршаған ортаны бұрынғыша бүлдіріп жатыр.
Мәселен, Ербол Қуановтың айтуынша, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Прорва кен орнында ілеспе газды кәдеге асыру мәселесі әлі шешілмеген. Экологтар ұсынған мәлімет бойынша, сонау 2010 жылы «ҚазМұнайГаз» БӨ» акционерлік қоғамы Прорва газын тасымалдау үшін осындағы жинақтау орнында дайындау қондырғысын тұрғызуды жоспарлапты. Одан әрі тазаланған ілеспе газ «Орта Азия-Орталық» магистральды құбырына қосылмақшы екен. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі 2011 жылдың қыркүйегінде дайын болып, құрылыс биыл аяқталуы тиіс еді. Алайда, мұнайшылар оны алдымыздағы жылдың соңына дейін созып отыр. Оның үстіне, аталмыш жоба қоршаған ортаны қорғауға қатысты құзырлы орынға әлі тапсырылмаған. Демек, экологтардың осы жобаның мерзімінде жүзеге асуына үлкен күмәні бар. Қазір бұл мәселе ерекше бақылауға алынған.
Әрине, зиянды қалдықтарды ауаға тастаудан шетелдік компаниялар алдына жан салмай келеді. Жағымсыз иіске жергілікті тұрғындардың еті үйреніп кеткендігі соншалық, тіпті назар да аудармайтын болған. Ал, бұл – өте қауіпті құбылыс. Өйткені, олардың ағзалары еш нәрсені сезбейтіндей әбден уланған болуы мүмкін.
Өңірдегі шетелдік компаниялардың былтыр ауаға қаншалықты деңгейде залалды заттар шығарғандығы жөніндегі мәліметті келесі жолға қалдырдық. Ал, әзірге айтпағымыз – солардың бірінде ғана соңғы алты жылда 720 мәрте нормативтен тыс лақтырылымдар орын алған. Әр жылы облыстағы кәсіпорындар тарапынан қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтардың 85 пайызы мұнай өндіруші компаниялардың үлесінде.
Енді жергілікті халықты жақында қатарға қосылатын «Болашақ» зауыты да мазасыздандырып отыр. Облыстық экология департаменті мамандарының осы нысанға артып отырған кінәсі де жетерлік. Ол жөнінде жақында Атырауда ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі басшыларының қатысуымен өткен кеңейтілген мәжілісте де айтылды.
Жалпы, осы күрделі қондырғының қаладан небәрі отыз-ақ шақырым жерде орналасуы, өңірде жел бағытының негізінен шығыс беттен соғатындығы тұрғындарды шынымен қобалжытып отыр. Әрине, бетін әрмен етсін, бірақ тосын жай бола қалса, кәсіпорыннан шығарылар залалды қалдық қалаға лап қойғалы тұр. Оның үстіне, мамандардың есептеуінше, биыл ғана «Болашақ» зауытынан тарайтын зиянды заттар көлемі 78 мың тоннаны құрамақшы. Бұл ең көп деген залалды тасталымдар мөлшерінің өзінен бірнеше есе артық. Сонда қала ауасы қандай күйде болмақ?
Экологтар түнгі ауаны ластаушылар қатарында кейбір коммуналдық құрылымдардың да барлығын айтады. Бұл да – ойланарлық мәселе. Тұрмыстық қалдықтар полигонының жиі өртенуі де шешілмейтін проблемаға айналды. Ал, оны қазіргі заман талабына сай қайта жабдықтау сағызша созылып келеді. Бүгінде оған арналған қаржының қолды болғандығы да айтылуда.
Қала ауасына автокөліктер де айтарлықтай зиян келтіруде. Мамандардың айтуынша, 2009 жылмен салыстырғанда облыста көліктер саны 70 пайызға артыпты. Тек Атырауда ғана ол екі есе өскен. Бүгінде автокөлік байлықтың белгісі емес, күнделікті керекті нәрсеге айналды. Тек соны ретті пайдалану жайы назардан тыс қалуда.
…Қысқасы, түнгі ауа тынысымызды тарылтып, жағымсыз иіс қолқаны қауып жатыр. Тағы да ұйқысынан оянбай қалушылар саны артып келеді. Түрлі дертке ұшыраушылар қатары да өсуде. Ал, 2015 жылға қарай ауаға тасталым мөлшері екі есе артатындығы күтіліп отырғандығын ескерсек, онда қазірден-ақ дабыл қағуға негіз бар. Өйткені, ірі өндіріс ошақтары көптеп қатарға қосылмақшы. Солардың бәріне пайдалануға берілмес бұрын экологиялық қатаң талаптар қойған жөн. Біздің ойымызша, ең басты қылмыс – түн жамылып немесе таң қараңғысында ауаға залалды заттарды лақтырып жатқанда соны жүзеге асырушылардың жүзі бүлк етпейтіндігі. Оның өзіне де, бала-шағасына да зиянды екендігін ұғынбайтындығы. Бұдан асқан оспадарлық болар ма екен, сірә?..

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз