Жарнама
Экология

Атырауда жасыл желек көбейеді

Облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешуге бағытталған жол картасында бекітілген тапсырмаға және келісілген меморандумға сәйкес Атырау облысы бойынша экология департаменті облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып, NCOC компаниясының көгалдандыру алаңдарына баспасөз турын ұйымдастырды. Оған облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Атырау-Доссор тасжолының оң жағында, Соколок өзегі бойындағы көгалдандыру алқабы үшін 134 гектар бөлінген. Ал, компанияға бөлінген жалпы алқаптың көлемі – 1375,5 гектар.

Облыс көлеміндегі ірі табиғат пайдаланушыларға осындай басқа да алаңдар бөлінген. Арнайы құрылымдар арқылы жүргізілген топырақты зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жарамдысы 309 гектар екен. 2021-2025 жылдары NCOC компаниясы өңірде көгалдандыру мақсатында 308 га жерге жас өскін егіп, оны күтіп-баптап отыр. Атап айтқанда, «Береке» шағынауданында 73 гектар, Еркінқала ауылдық округінде 21 га, Мақат ауданы бойынша 20 және Соколок су арнасы маңында 134 гектар.

Егілген көшеттердің тұқымы әр жерден әкелінген. Мысалы, шегіршін (қарағаш), шаған, тұт ағашы, сары қараған және жиде тұқымдастары ыстық пен тұзды топыраққа төзімді. Экологтар мұндай өңірде қарағаштан бас тартуға кеңес беріп отыр және келешекте де ағаштың осы түрі егілмейді. Өйткені, Атырау қаласындағы экологиялық ахуалдың әсерінен қарағаштың басын құрт шалып, бұтақтары лезде жалаңаштанып қалады.

Көгалдандыру бағдарламасына сәйкес суарудың да ерекше әдісі қолданылады екен. Бір минутқа жетпейтін уақытта ағаш тез суарылып әрі топыраққа қоқыс жинамайды. Тартылған құбыр да икемді, су айналымы жақсы әрі бітелмес үшін 25 миллиметрлік құбыр таңдалған. Көшеттің еркін өсуі үшін міндетті түрде органикалық және минералды тыңайтқыштар қолданылып отыр. Былтыр көктемде өр суы тасығанда 27 гектар аумаққа егілген көшеттер су астында қалған.

– Жаңа егілген көшеттің орманға айналуы үшін бес жылдай мерзім керек. Оның үстіне ерекше табиғат жағдайын да ескерген жөн. Еккен соң үш жыл бойы ағашқа бап керек. Әсіресе жеміс ағаштарының ғұмыры қысқа екенін де ескерген жөн. «Береке» шағынауданының маңында көшеттер жақсы өсіп келе жатыр. Ал Соколок каналының бойында жасыл желек егілгеніне екі жыл болды. Атырау өңірінің топырағына қолайлы қараған деген ағаш бар. Біздің жерде сондай ағаш тұқымын көбейту керек. Өйткені, ботаникалық есептеулер бойынша бір ағаш үш адамға оттегі береді. Ал Атырау қаласының тұрғындары үшін бір мың түп ағаш болуы тиіс. Мұның бәрін дәл қазір зымырандық жүйемен қадағалап отырмыз. Егер бір ағашқа зиян келсе, ауыстырып отырамыз, — дейді көгалдандыруға жауапты мердігер «Жер-Ана» ЖШС директоры Жұмабек Шәменов.

Ал, баспасөз туры барысында экобелсенді Арман Хайруллиннің қисыны көкейге қонымды болды. Компанияның өз міндеттемесін 90 пайызға жуық орындағанына риза болған ол ірі компанияларға табиғатты сақтап-қорғау талаптарын қойғанда олардың қоршаған ортаға шығарған зиянды қалдықтарының көлемін ескеруді де қаперге берді.

– Мысалы, компания 70 миллион текше метр газ жақты дейік. Оны екіге көбейтсек, 140 миллион текше метр оттегі жанып кетті деген сөз. Онсыз да экологиясы нашар Атырау облысында санитарлық нормалар бойынша NCOC компаниясы тек 3 мың гектар емес, табиғи ережелерге сәйкес алқап аумағын бірнеше есеге көбейткен дұрыс болар. Табиғат пайдаланушылар жергілікті климатты да ескеруі шарт. Сондай-ақ меморандумда көрсетілгендей, көгалдандырылған алқапты үш жылдан соң мемлекеттің қарамағына өткізіп, құтыла салу дұрыс емес. Қоршаған ортаға зиян келтірген соң оны қалпына келтіру де сол компанияның жауапкершілігінде болғаны жөн, — деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Арман Хайруллин.

Қоғам белсенділері компания өкілдеріне көгалдандыру мәселесінде Атырау мен Алматы қалаларын салыстыруға болмайтынын да қаперге берді. Оның үстіне қазіргі ахуал мен бұрынғы жағдайды да сараптау артық етпейтіні түсінікті. Мысалы, бұрын Атырауда Черняхов, Сутягин бағы секілді жалпы аумағы 1400 гектардан асатын алты бақ, жиырма алаң болған. Ал қазір алпауыт компаниялар алақандай 300 гектар алқапты ауырсынып жүргені жасырын емес. Бір қолы жоқ қорықшы Семен Сутягин бақта түрлі жеміс ағаштарын егіп, көгалдандыру аумағын бір мың гектарға жеткізгенін көнекөз қариялар айтып отырады.

Тур барысында белсенділер жасыл желекті жол жиегіне егуді де ұсынды. Компания өкілдері барлық ұсыныс-пікірді тыңдап, қайтадан зерттеу жасауға уәде берді.

Нұрлыгүл ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button