Атырауда «Бақсай» өзегінен құтқарылған 20 тонна балық Жайыққа жіберілді

852 mln shabaq qutqaryldy e1607592914952 Жаңалықтар

Биылғы жауын-шашынның жылдағыдан көп түсуі Жайық өзені суының деңгейінің көтерілуіне септігін тигізді.

Соңғы екі-үш жылда оның деңгейінің төмендеп кетуінен «Бақсай» өзегінің де суы сарқылып, құрғап қалған болатын.

Ал осы жылы айдын суға да, балыққа да толды. Соған байланысты, балықтарды құтқару жұмыстары мамыр айынан басталған-ды. Бұл жұмыстарға қатысқан «Амангелді», «Восток» және «СевКаспийФиш» өндірістік кооперативтерінің балықшылары барлығы 20 тоннаға жуық «су маржанын» құтқарып, өздерінің табиғи ортасы – Жайық өзеніне жіберді.

Мамандардың мәліметінше, балықтардың уылдырық шашатын бірден-бір мекені саналатын ашық су айдындары Жайықтың суы қайтқаннан кейін таязданып, оларды қамыс, шөп басады. Мұндай жағдай балықтардың өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Ауа температурасының күрт жоғарылауы, судың гидрологиялық режимінің өзгеруі балықтардың, қалаберді шабақтардың қырылуына әкеліп соғады.

  • Көктемгі өр суымен бірге қаракөз, табан балықтары көлдерге кіріп, тұншығып қалатын жағдайлары да кездеседі. Соның алдын алу бағытында Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы және Махамбет аудандық балық қорғау испекциясының қадағалауымен жергілікті ерікті азаматтармен бірлесіп, құтқару жұмыстары жүзеге асырылып отырады. Осылайша, өткен мамыр айында «Бақсай» өзегінде ұйымдастырылған шарада «Абылайхан», «Тілекші» ЖШС-нің балықшылары белсенділік көрсетті,-дейді жергілікті балық қорғау испекциясы бөлімінің бас маманы Бектұрған Сұпығалиев.

Аудандық гидрометерологиялық бекетінің ақпаратынша, көктемгі өр суының деңгейі мамыр айының ортасында 565-см ге дейін көтерілген. Қазіргі уақытта су деңгейі төмендеді. Көктемгі өр суы көтерілуі салдарынан бөлімнің бақылауындағы «Қоржын», «Қызылжар», «15-ауыл», «8-ауыл», «Алмағамбет», «Бақсай» және аз

мөлшерде «Петрушкин» су айдындарына су құйылып, сол себепті қарабалық тұқымдас «су маржандары» уылдырық шашуға көптеп кірген. Басқа оннан астам қалған су айдыны құрғақ күйінде қалған.

Осындай мәліметтерімен бөліскен табиғат қорғаушылардың сөзінше, қазіргі уақытта жағдай бірқалыпты, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Нақтылай айтқанда, өр суының көптеп келуі салдарынан айдындардың аумағы ұлғайғанымен, балықтардың тұншығып, қырылуына жол берілмеген.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз