Жарнама
Экология

Атырауда жастардың экологиялық бастамаларын қолдауға бағытталған «Jer Eco Hub» жобасы таныстырылды

Атырау қаласында жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып, бастамаларын қолдауға арналған және экологиялық жауапты қауымдастық қалыптастыруға бағытталған жаңа «Jer Eco Hub» жобасының таныстырылымы өтті.

Жобаның мақсаты — жастарды экологиялық қозғалысқа тарту, қоршаған ортаны қорғау саласындағы бастамалар мен идеяларды біріктіретін, әлеуметтік жауапкершілікті арттыратын экологиялық бағыттағы хаб құру.

«Jer Eco Hub» жобасының негізгі бөлігінің бірі — екі мәрте өтетін ең үздік әлеуметтік эко-жоба байқауы болмақ. Қатысушылар өтінім беріп, командаларға бірігеді, одан кейін хакатон форматында өтетін шарада идеяларымен бөліседі. Кейін әр команда өңір экологиясын жақсартуға бағытталған өзекті бағытты таңдайды. Бір ай ішінде олар танымал өңірлік сарапшылардың интенсивті тренингтеріне қатысады. Бұл тренингтерде қатысушылар жобаны жоспарлау, көпшілік алдында таныстыру және жобаның тұрақтылығын қамтамасыз ету жолдарын үйренеді. Жобаның финалында ең үздік үш команда өз жобаларын жүзеге асыру үшін 1 миллион көлеміндегі гранттарға ие болады.

– «Jer Eco Hub» жастар арасында экологияға жанашырлық танытатын сана қалыптастырып, қоршаған ортаға қамқор болудың сән емес, өмірлік маңызға ие екенін көрсетуді мақсат етеді. Біз әр адамның айналасына оң өзгеріс әкелуге мүмкіндігі бар екеніне сенеміз — тек әрекет ету керек, — деп атап өтті «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының директоры Гүлбарам Саматқызы.

«Jer Eco Hub» жобасы «Жүректен жүрекке» қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Қор мен компания бірнеше жылдан бері серіктестікте жұмыс істеп келеді. Компанияның қолдауымен бұған дейін «Жалын» атты білім беру-ағартушылық жобасы табысты жүзеге асырылса, қазіргі уақытта «Теңіз жүрегі» атты корпоративтік волонтерлікті дамыту жобасы жалғасуда.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button