Атырау қаласындағы жағымсыз иіс: Облыс әкімінің орынбасары пікір білдірді (видео+)
Соңғы күндері қалада күлімсі иіс таралып жатыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев telegram каналында пікір қалдырды.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, иістің жайылу себебін анықтау мақсатында қоршаған ортаны қорғауға жауапты мемлекеттік органға шұғыл әрекет ету тапсырылды. Мамандардың пайымдауынша, солтүстік бағыттан жел соққанда «Квадрат» булану алаңының иісі қалаға келеді. Ал, «Квадратта» иістің жайылу себебі оны тазалау жұмыстарымен байланысты.
“Қазіргі уақытта әкімдіктің тапсырысымен «Квадратты» тазалау, жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде. Бұл үрдістің жағымсыз иістің жайылуына алып келетіні түсінікті. Қала тұрғындарын түсіністікпен қарауды сұраймын. Уақытша ыңғайсыздықтар болғанымен, тазарту жұмыстары кәріз сулары мәселесінің шешілуіне алып келеді деген сенімдеміз”,- деп жазды Жасұлан Бисембиев.
Нұргүл Насыр