![Атырау облысында 2,5 тонна қоқыс жиналды 1 img 8126](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/img_8126-780x470.jpeg)
Атырау облысында 2,5 тонна қоқыс жиналды
«AMANAT» партиясының бастамасымен елдің барлық өңірінде экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау мақсатында дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциялары белсенді түрде ұйымдастырылуда. Бұл іс-шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүзеге асырылып келеді.
Абай облысы Ақсуат ауданында өткен тазалық жұмыстары барысында партия белсенділері мен мәслихат депутаттары көше бойындағы тротуарлар мен саябақтарды қардан тазартып, бірнеше техниканы жұмылдырды. Акцияға барлығы 50-ге жуық адам қатысты.
«Біз Президенттің бастамасын тұрақты түрде қолдаймыз. Саябақтар мен скверлерді, ескерткіштерді тазалап, тиімді жұмыстар атқарудамыз. Жалпы, бұл бір адамның, бір партияның немесе бір ұйымның жасайтын жұмысы емес. Барша қазақ халқы атсалысатын жоба. Белсенділер тарапынан жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар тұрғындар мен ардагерлердің аулаларын тазалап, көмек көрсетудеміз», — деді Ақсуат аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Тілеуқабыл Сәкенұлы.
Aл Атырау облысының Мақат ауданында Доссор поселкесі және Шығыс Мақат кен орнында өткізілген акцияға депутаттар мен мекеме қызметкерлері қатысып, 2,5 тонна қоқыс жиналды.
Ал Батыс Қазақстан облысының Казталов ауданында «Казталов» бастауыш партия ұйымы мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері жалғызбасты қарияның үй шаруасына көмек көрсетті.
Алматы қаласының Алатау ауданында өткен «Таза бейсенбі» акциясында тарихи-мәдени ескерткіштер маңы тазартылды. Бұл іс-шара алдағы Жеңістің 80 жылдығына дайындық жұмыстарының бірі ретінде ұйымдастырылды.
«Тарихи орындарды тазарту арқылы қатысушылар ардагерлерге деген құрметін білдіріп, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетті», — деді акцияға қатысқан волонтер Айдана Серік.
Дәл осындай тазалық жұмысы Шымкент қаласындағы Абай ауданы «Шымсити» мөлтек ауданында ұйымдастырылды. Қатысушылар көпқабатты тұрғын үйлердің маңында шашылған қоқыстарды жинап, айналаны қураған ағаштардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында теңіз жағалауында ұйымдастырылған акцияға студенттер мен партия белсенділері қатысып, 500 келі қоқыс жиналды.
«Ақтау – туристік қала, сондықтан халық көп жүретін, тұрғындардың демалыс алаңына айналған теңіз жағалауына жиі келіп, тазалап тұрамыз. Бұл қаламыздың таза, көрікті болуына қосқан үлесіміз деп есептеймін. Қала тұрғындарын экологиялық мәдениетті сақтауға, табиғатын аялауға шақырамын», — деді экобелсенді Аида Тілекбаева.
«Таза бейсенбі» партиялық жобасы аясында Қызылорда облысы Арал қаласының «Балықшылар аллеясы» аумағында аудандық мәслихаттағы фракция мүшелері, партияның аудандық филиалының қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының белсенді мүшелері және жастардың қатысуымен кезекті тазалық жұмыстары жүргізілді.
Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Явленка ауылында «AMANAT» партиясының белсенділері жергілікті тұрғындармен бірлесіп, аудан орталығының көшелерін қардан тазалады. Тазалық жұмыстарына 4 арнайы техника тартылып, 20 адам қатысты. Ұйымдастырушылар іс-шара барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың аулаларын тазалады. Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған зейнеткердің үйінің ауласын қардан аршып берді.
Бұл акциялар Қазақстанның өзге де өңірлерінде ұйымдастырылды. Айта кетейік, «Таза бейсенбі» аясында еліміз бойынша 50 мың тонна қоқыс шығарылып, игі бастамаға 90 мың адам қатысты. «AMANAT» партиясы елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолындағы жұмысын одан әрі жалғастыра береді.