1 37

Атырауда мамандар Приморский каналындағы жаппай балық өлімінің болжалды себебін атады

Жаңалықтар Экология

Аtr.kz/29 сәуір, 2020 жыл. Қазіргі таңда Приморский каналының Жайыққа қарай ағатын саласынан 3 тонна 500 келі көлеміндегі балық өлексесі жиналып отыр.


Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, бұл жерде балықтың жаппай улану дерегі жоқ. Өйткені, канал суынан алынған сынама су құрамындағы ластаушы заттардың мөлшері рұқсат етілген норманың шекті мәнінен аспағанын көрсетіп отыр.


«Приморский каналында балықтың қырылу фактісі 21 сәуір күні байқалды. Оқиға орнына барғанымызда, өлексемен бірге, каналдан шалажансар күйде жатқан балықтар да табылды.


Ең алдымен судың құрамын тексеру мақсатында сынамалар алынды. Кейін өлген балықтарды жинау басталды. Сынамамен бірге, балықтардың өлексесі де зертханаға жолданды. 21 сәуір күні алынған сынамалардың нәтижесі каналда улану фактісінің болмағанын көрсетті.


Су сынамалары екінші мәрте 27 сәуір күні де қайта алынды. Нәтижелер күтілуде. Нақты байлам сол кезде айтылады. Ал, жиналған 3 тонна 500 келіге жуық балық өлексесі санитарлық талаптарды сақтай отырып, көму жолымен жойылды» дейді жергілікті балық шаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлы.

2 2


Ихтиолог мамандардың, сала ардагерлерінің айтуынша, балықтың жаппай өлімі өкінішке орай, кездесіп тұратын табиғи құбылыс. Екіншіден, каналдағы судың деңгейінде мәселе бар.
Қазіргі жағдайда Приморский каналында судың деңгейі өте төмен. Осының салдарынан ағыс та жоқ. Ағыс болмағандықтан, су өлі ресурсқа айналады.


«Сәуір айында Каспий теңізі жағынан қатты соққан жел нәтижесінде каналға балық ойысып келуі мүмкін. Өлі суға тап болғандықтан, балықтар тұншығу салдарынан өлген. Яғни, бұл оттегі жетіспеушілігі салдарынан туындап жатқан жағдай болуы мүмкін деп жорамалдап отырмыз» дейді мамандар.


«Әлеуметтік желілерде «бастапқыда өлген балықтың жалпы көлемінің неге 27 келі екендігі айтылды» деген сұрақ туып жатыр. Мынаны түсінуіміз керек. Біз бастапқыда канал бетіне шығып қалған балықтың өлексесін жинадық. Каналдың түбінде қалған балықтың қаңқалары борсығаннан кейін су бетіне шығады. Жиналған балық өлексесінің жалпы салмағына байланысты көрсеткіштің ұлғаю себебі осында» дейді жергілікті балық шаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлы.


Еске сала кетсек, Атырау өткен жылы да осындай проблемамен кездескен болатын. Бір кездері Атыраудың бренді болған балық – үлкен табиғи ресурс. Енді мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін қайтпек керек? Мамандар бұл ретте өзендердің түбін тереңдету жұмыстарын күшейту ең негізгі шешім болатынын айтады.


Қазіргі таңда Атырауда Қиғаш, Шарон өзендерінде, Жайықта түп тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Сәйкесінше, каналдардағы су деңгейі де көтерілуі қажет.


«Бүгінде Құрманғазы ауданында 200 шақырым, Атырауда Приморский каналын қоса алғанда 33 шақырым, Қиғашта 200 шақырымға жуық ұзындықтағы канал бойында түп тереңдету жұмыстарын жүргізудің жобалық сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Түп тереңдету жұмыстары жалғаса береді. Балықтың жаны суда. Сондықтан, өзендерімізде судың мөлшері көп болуы керек. Біз осы бағытта жұмыстанудамыз» деп нақтылады бізбен сұхбатын Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы басшысы Артур Сәдібекұлы.


Бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет су ағыны кезінде байқалған шалажансар балықтардың басым бөлігі Жайыққа жеткенде тіріліп, өзен бойымен таралып кеткендігін хабарлаған еді.


Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған