Атырау мұнай өңдеу зауытына ультрадыбыстық датчиктер орнатылды
Атырау мұнай өңдеу зауытында техникалық құрылғылар мен жабдықтардың коррозиялық зақымдарын басқару және бақылау жүйесін дамыту мен жетілдіру бойынша іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Коррозия процесін бақылауды онлайн режимде жүзеге асыру үшін ЭЛОУ-АТ-2 және ЭЛОУ-АВТ-3 технологиялық қондырғыларының құбырларына ультрадыбыстық датчиктер орнатылды. Құбырлардың сыртына монтаждалған құрылғылар толқынжолды және электромагниттік-акустикалық әдістер арқылы әр 12 сағат сайын құбыр қабырғасының қалыңдығын анықтайды. Металдың жай-күйі туралы деректер серверде өңделеді. Алынған ақпарат негізінде жабдықтың механикалық тұтастығын қамтамасыз ету бөлімінің мамандары құбырдың қолданылу және шектік қалыңдыққа жету мерзімдерін анықтайды.
Ультрадыбыстық датчиктерді орнату АМӨЗ-ге құбырларға қызмет көрсету мен ауыстыру жұмыстарын жоспарлы түрде емес, ағымдағы жағдайына сәйкес жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ үздіксіз бақылау мен болжамдаудың нәтижесінде жабдықтардың жөндеуаралық кезеңін ұзартуға да болады. Аталған жоба кәсіпорындағы өндірістік қауіпсіздік стандарттарын көтеріп қана қоймай, басқа мұнай өңдеу зауыттары үшін жаңа эталон орнатты.