snimok

Алмұрт, жүзім, өрік: индерлік Мұрат Өстеміровтің бау-бақшасы баршаны таңдандырып отыр

Жаңалықтар Экология

Әлемде антропоцентризм және экоцентризм деген екі үлкен ағым бар. Антропоцентрологтар «Бүкіл әлемнің тұтқасы – адам» десе, екінші ағым өкілдері «әлемнің тұтқасы – табиғат» дейді. Әлемдегі жалғыз мемлекетте табиғат құқығы Конституция арқылы қорғалады. Ол – Эквадор мемлекеті.

Эквадордың Ата Заңына өзгеріс енгізген экоцентрологтар «Адам табиғатқа бағынуы керек» деп пікір айтады. Табиғаттың экожүйесімен байланысып, сонымен бірге үйлесімде, соған бағына тіршілік кешуі керек деген шешімге келеді. Антропоцентрологтар болса, адам табиғатты бағындырып, оны сақтау мен қорғау шараларын өзі ұйымдастыруы керек деп санайды. Ал, қоршаған ортаны қорғаушы, «Табиғат – құқық иесі» кітабының авторы Альберто Акостаның айтуынша, табиғатқа құқық беру – заң мен гуманизм саласындағы прогресс.

«Мәселен, әйел адамға құқық берілген кезде, оған жеке мүлік ретінде қарау жойылып, оған тұлға ретінде қарау ойы келді, сол сынды табиғатқа да құқық берілгені адами санаға жол бастауы мүмкін» дейді кітап авторы. Иә, әбден мүмкін. Шындығында, адам табиғат-анамен үйлесімсіз өмір сүре алмайтыны ғылыми тұрғыда дәлелденсе, аталған тақырып көркем әдебиетте де үлкен орын алып келеді. Көкті жұлма… Көктемнің келуін асыға күткен көшпенді халық бір-бірімен қуана көрісіп, Ұлыстың Ұлы күнін айрықша мерекеге айналдырғаны баршаға белгілі. «Көктемнің әр күні – жылға азық» деген қағида күні бүгінге дейін өз күшін жойған емес. Міне, осындай бар табиғат түлеп, жер ана бусанған шақта қариялар немерелерін жанына ертіп бұлақ көзін ашатын, тал егетін, бір сөзбен айтқанда, ізгілікке баулитын.

Сол бір тәрбие, сол бір ұлағат бүгінде қайда қалды екен? «Көкті жұлма, көктей соларсың» деп, Жерананың қойнынан бүр жарған өмірге қылдай қиянат жасауға болмайтынын ұғындырған көк түркінің жазылмаған заңдары-ай, шіркін! Желмен егесіп, дауылмен кеңесіп, жаңбырмен сырласып, жұлдызбен тілдесіп күн кешкен далалықтар үшін бір тал жусанның қымбаттығын сұрамаңыз… «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық өсер» деген тәмсілдің философиялық астарына сүңгіп кетсеңіз, шыға алмай қаларыңыз айдан анық. «Бір тал сындырсаң, он тал ек» дейтін де қазақ даналығы емес пе еді?

Айналадағы тылсым табиғаттың тілін түйсініп, тіршілік иелерінің бір-біріне ұқсас һәм ұқсамайтын тірліктеріне мейіріммен қарауға баулитын халқымыздың ырым-тиымдары бүгінде ұмытылып та бара жатырау! Мемлекет басшысының халыққа Жолдауындағы «…Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Bizge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн.

Бекет атаның тағылымы

 Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұланғайыр қазақ даласының қойны қазынаға толы екені ақиқат. Соның ішінде, Үстірт жотасында орналасқан Маңғыстаудың орны бір бөлек. Әулиелі Маңғыстаудың әр тасы сан мыңдаған, миллиондаған жылдардан сыр шертіп, аспан асты, жер бетінің тірлігі жайлы ғазал оқып тұрғандай. Маңғыстаудағы Бекет атаның үңгірден қашап жасаған жерасты мешітіне бармаған қазақ кемде-кем шығар. Сол бір сапарларда абыз қариялардан естіген аңызды жаңғыртар болсақ, былай деп көсілер еді… Бекет ата жас күнінде Хиуаға сапар шегіп, Бақыржан пірдің шәкірті болған. Бір күні шәкірттерін сынамақ болған Бақыржан ұстаз: «Жаз өтті, міне, күз де келіп қалды. Ендігі жерде күн суытады. Сондықтан, орманға барып, отындық ағаш жинап қайтыңдар» деп жұмсайды. Пірдің тапсырмасын орындамақ болған шәкірттер орындарынан дүр көтеріліп, орманға барып, ағаш кесіп, отын жинайды. Кешке қарай тапсырманың қалай орындалғанын көруге келген ұстаз басқа шәкірттерінің ағаштарды сұлатып тастағандарын, тек шәкіртБекеттің ғана бір қолтық құрғақ ағаш жинағанын көріп: «Сен неге өзгелерден аз жинадың? Әлде жалқауландың ба? Немесе менің тапсырмамды орындағың келмеді ме?» деп сұрайды. Сонда бала Бекет: «Кешіріңіз, ұстазым! Мен қолыма балтамды

алып ағашқа беттесем болды олар: «Бізді кесе көрме, аяй көр! Біздің де өмір сүргіміз келеді» деп жалбарынып, жылап қоя береді. Сондықтан, жерден құрғақ отын жинаймын деп жүріп, уақытымның бәрі зая кетті» депті қапаланып. Сонда әулие атанған Бақыржан Пір: «Міне, көрдіңдер ме? Ағаш біткеннің де жаны бар екен. Соны іштеріңдегі жалғыз қазақ бала ғана түсініпті» деп, шәкірттерінің кескен көкпеңбек ағаштарының бәрін бұлақ басына отырғызып, су құйып, саялы бақ жасаған екен.

Мұраттың жайқалған тал-терегі

Индер ауданындағы Индербор п о с е л ке с і н д е т ұ р ат ы н М ұ р ат Өстеміровтың бау-бақшасы кімді де болса таңырқатары даусыз.

Мұрат Есқожаұлы мен жұбайы Зәрипа Қайырқұлқызының айтуынша, талтерек пен бау-бақша өсіруге құштарлық анасы Жамал апайдан бастау алған көрінеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Қ. Қазиев көшесіндегі Л.Панов дегеннің үйін сатып алған отбасы бұрын ауланы басып кеткен қарлыған, орысша крыжовник деп аталатын тікенді жемісті алып тастап, орнына шие, қара өрік, жүзім, алма, алмұрт ағаштарын еккен көрінеді. Жыл сайын аталған ағаштардың өнімін жинап, тосап пен қайнатпа бастырады. Жеміс ағаштарынан өнім алу үшін баптаған дұрыс. Сондықтан, әсіресе алмұрт ағашын он бес күн с айын құрт-құмырсқаға қарсы «Алатар» дәрісімен өңдейді. Қыс бойы көршілерінен ірі қараның қиын алып, бақшаның бір түкпіріне жинай береді. Оны аулада шөптің арасында жасырып қойып, апта бойы шірітеді.

Сосын суға езіп, әрбір ағаштың түбіне минералды тыңайтқыш құяды. Индер ауданының табиғатына келмейді делінетін ағаштар мен гүлдердің өсуіне үй иелері жанкешті еңбегінің арқасында қол жеткізген.

Өстеміровтердің ауласында қауын-қарбыз, қызанақ, сәбіз, қияр және басқа дақылдар да жетерлік. Аулаға кірген адамның көз жауын алып құлпырған гүлдердің ішінде раушанның төрт түрі, ирис, георгиня, октябрина, қырмызыгүл, түймедақ, флоксиния, эхинацея, гортензия сияқты хош иісімен ерекше есте қалатын түрлері бар. Осының өзі, көпке үлгі боларлықтай емес пе?! Майра апайдың жаңғақ ағашы Құрманғазы ауданындағы Көптоғай ауылы – Қазақстанның батыстағы ең шеткі нүктесі.

Кезінде атағы бүкіл кеңестер одағына кең жайылған көкөніссүт кеңшарының орнында қалған алақандай ауыл Еділ өзенінің бір саласы Қиғаштың жағасынан орын тепкен. Қиғаш өзенінің жағасында болғанымен, бұл жерге егін салып, жеміс ағаштарын өсіру оңай жұмыс емес. Әрине, қай нәрсе де маңдай тер, табан ақымен келетіні белгілі.

Осы орайда ерлізайыпты Қазыбек пен Майра Битекеновтердің отбасы – көпке үлгі боларлықтай шаңырақ. Олардың ауласында жеміс ағашының неше алуаны өседі. Алма, алмұрт, қара өрік, айуа, жүзім ағаштары жыл сайын өнім беріп, иелерін қуантып-ақ тұр. Бұл аулада біздің батыс өңірінің климатына келмейді деп айтылатын грек жаңғағына дейін өседі. Көктем түсе айналаға хош иіс тарататын бозқарағаннан бастап, алғашқы қар түскенше гүлімен айналаны тамсандырып тұратын өсімдіктерге көршілер де, ауыл қонақтары да тамсана қарайды.

P.S. «Мал – баққанға бітеді» деген қазақ мәтелінің мәні осында болса керек. Иә, бағбанның жұмысы оңай емес. Жыл он екі ай бойы тыным көрмей, бел шешпей еңбек еткенде ғана сол еңбектің жемісін көруге болады. Айналаны жасыл желекке бөлеп, бір сәт сан алуан гүлдердің хош иісіне елтіп, тіршіліктің алуан түрлі тынысын сезудің өзі бақыт емес пе?!

Қолға кетпен мен күрек алып, өсуге талпынған жас шыбыққа өмір сыйлаудың өзі неге тұрады?! «Тамаша тамаша емес, бірақ, достар, Бір мезгіл кетпен-күрек ұстамаса» деген жыр жолдарының астарында да үлкен мән барау. Табиғатпен үндестікте ғұмыр кешкенге не жетсін?! Президент Жолдауындағы көгалдандыру ауқымын кеңейту туралы жолдар да осыны көздейтіні ақиқат.

 Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған