Жарнама
Экология

Атырау экологиясы: Сөз емес, нақты іс керек

«Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда. Жасыл желектерді көбейту, ауаны және суды ластанудан қорғау – басты міндетке айналып отыр. Дегенмен бастамалардың табысты әрі тұрақты болуы үшін бұл іске тұрғындардың белсенді қатысуы қажет.

f7c763e0 15d4 49be a844 02aa2ae9c4f5 1

Табиғатты қорғау – ортақ міндет

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, іс-шаралар жоспары табиғатты қорғауға ғана бағытталған жоқ, сонымен қатар жұртшылықтың белсенді қатысуына, ашықтық пен бақылауға және экологиялық мәдениетті кеңінен насихаттауға негізделген.

– Облыста халыққа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында заманауи, жайлы жасыл аймақтар саны артуда. Атырау қаласында 26 гектар аумақты қамтитын дендрологиялық саябақ пен 4,04 га көлеміндегі демалыс саябағы жобалары іске асырылып жатыр. Олар осы жылдың қазан айында аяқталуы тиіс.

Тұрғындардан түскен өтініштердің басым бөлігі аулаларды тазалау, тұрмыстық қалдықтарды шығару, абаттандыру және жолдарды жөндеу сияқты мәселелерді қамтиды. Сонымен қатар «Атырау облысының әкімдігі» мен «Белсенді азаматтар блогы» телеграмм чаттары арқылы да өтініштер қабылданып, оң шешімдер қабылдануда.

Ағаш отырғызу экологияны қорғау мен тұрғындардың өмір сапасын арттырудағы басты шара ретінде қарастырылып, 2020 жылдан бастап орман алқабында 2 млрд., ал елді мекендерде 15 млн. түп ағаш отырғызу міндеті қойылған. Осы мақсатта 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар және 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспар бекітілді.

Кешенді жоспар аясында орман қорындағы 2803 гектар жерге 7 млн. түп ағаш көшеттерін отырғызу көзделген. Облыстың мемлекеттік орман қорының көлемі 56 мың гектарды құрайды, оның 18 мыңы орманмен көмкерілген. Орманды қорғау, күтіп-баптау жұмыстарын 4 орман шаруашылығы жүзеге асырады, — деді басқарма өкілдері. 

Сонымен қатар «Жасыл жер» жобасы аясында абаттандыру, санитарлық тазарту және көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін 6 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылған. Олар 845 адамды жұмыспен қамтымақ. Бұдан бөлек екі мекеме мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қызмет көрсетуге дайын. Олар – Атырау қаласындағы «Арнаулы автобаза» ЖШС мен Жылыой ауданындағы «Жылыой Тазалық» ЖШС. Облыстағы экологиялық бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын табатын болады.

Жас еріктінің сауапты ісі

Табиғатты қорғау ісінде мемлекеттік құрылымдармен қатар, еріктілердің рөлі ерекше. Солардың бірі – Әл-Фараби атындағы Binom School лицейінің 10-сынып оқушысы Алмат Тағыбергенов. Ол өңірдегі экологияны қорғау ісіне белсенді қатысып келе жатқан жас буынның өкілі. Соңғы үш жыл бойы ерікті ретінде түрлі экологиялық акцияларды ұйымдастырып, көпшілікті табиғатты қорғауға шақырып жүр.

178b3431 fb49 469c a829 a18757d1e9fc

Алматтың экологияға деген көзқарасы өмірлік ұстанымға айналған. Ол облыстық Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Jana Jastar» ерікті ұйымының үйлестірушісі әрі «Shyraq» мектеп президенттері қауымдастығының жетекшісі.

– «Таза Қазақстан» акциясы – менің ең маңызды жобаларымның бірі. Осы уақытқа дейін 40-қа жуық акция ұйымдастырып, тоннаға жуық қоқыс жиналды. Бұл шара арқылы біз қала көшелерін, өзен жағалауларын, саябақтар мен ашық алаңдарды қоқыстан тазартып, тұрғындарға табиғатты қорғаудың маңызын түсіндіреміз. Сонымен қатар «Теңіз жүрегі» корпоративтік еріктілік ұйымымен бірлесіп, өзен-көл экожүйесін сақтау үшін «Шабақтарды құтқару» акциясын ұйымдастырып келеміз. Бір шаршы метр шалшық судан мыңдаған шабақты табиғи ортаға қайта жіберу – болашақ экологиялық тепе-теңдікке қосқан үлес деп білемін. Жақында 9 тамыз күні 9 мыңға жуық шабақты құтқардық, — деді ол.

Алмат былтырғы көктемгі су тасқыны кезінде 90 күн бойы гуманитарлық штабта жұмыс істеп, зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен. Оның айтуынша, табиғатты қорғау мен адамдарға көмек көрсету бір-бірімен тығыз байланысты.

Кейіпкеріміздің еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мәрте республикалық, облыстық және қалалық марапаттарға ие болған. 2023 жылы облыстың еріктілік қозғалысына қосқан елеулі үлесі үшін «Birgemiz: Taza Alem» бағыты бойынша марапатталса, былтыр оған Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасы табысталыпты.

Табиғатты қорғау – мемлекеттік бағдарламалармен ғана шектелмей, әрбір тұрғынның жауапкершілігі мен белсенділігін талап етеді. Жасыл желектерді көбейту, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, экологиялық мәдениетті насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ерекше атап өтері, жастар мен еріктілердің үлесі өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуда айрықша маңызға ие. Сондықтан, таза әрі тұрақты табиғат үшін әркім өз үлесін қосып, ортақ тірлікті бірге жалғастыруы қажет. Осылайша ғана біз келер ұрпаққа сенімді әрі сау орта қалдыра аламыз.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button