Жарнама
Экология

Әшкере болған ақпар депутаттық сауалға негіз болды

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты сәрсенбі, яғни 20 қыркүйек күні республика Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады. Роман Васильевичке жолданған сауалдың тақырыбы – балық шаруашылығындағы күрделі ахуалды жақсарту жөнінде.

Бір кезде дастарханның сәнін келтірген жеңсік тағам – «судың құрты» еді. Енді бекіре тұқымдасын айтпағанда, қара балықтың өзіне зар болған Атырау жұрты өткенді аңсайтын болды. Құрамында фосфор, кальций, калий, натрий, магний тәрізді көптеген адам ағзасына пайдалы минералды элемент бар балықтың шынында жеңсік тағамға айналғалы қашан?! Әрине, біз мұхиттың ортасында отырған ел емеспіз. Дегенмен іргедегі алақандай ғана жері бар Өзбекстанның өзі бізден 20 шақты есе көп «су маржанын» өсіріп отырғанда, Арал, Балқаш, Алакөл мен Каспийі бар Қазақстанның ауызды қу шөппен сүртіп отыруы расында намысыңды келтіреді емес пе?!

Су астындағы балықты ауладағы сиырдай санап шығу мүмкін болмас. Әйтсе де, қазір балық қорының азаюы жыл өткен сайын салада дабыл қағарлықтай проблемалар туындатып отыр. Соған байланысты, мәжіліс депутаттары – «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Сергей Пономарев, Дүйсенбай Тұрғанов, Әділ Жұбанов, Дәулет Мұқаев, Айна Мүсірәлимова, Жалпыұлттық демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Ажар Сағандықова қол қойған хатта былай деп көрсетілген:

«…Соңғы  атышулы бастамалардың бірі 2020 жылы жасалды. Сол кездегі экология министрі Мағзұм Мырзағалиевтың балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын жасақтау жөніндегі ұсынысы салаға батыл әрі тың серпін бергендей болды. Министрліктің бағалауынша, елдегі су айдындарында бағдарламаға сәйкес жылына 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болатыны айтылды. Дәл осы көрсеткішке отандық балық саласы 2040 жылға қарай қол жеткізуі тиіс. Ал 2030 жылға қарай жылына 270 мың тонна балық өсіріп, ішкі өнім тұтыну көлемін 67 мыңнан 134 мың тоннаға дейін, экспортты 30 мыңнан 180 мың тоннаға дейін көбейту көзделді. Осылайша, тиісті межеге жету үшін шабақ күйіндегі тұтыну көлемі 2 миллиард 400 мың дананы құрайды.

Соңғы тоғыз жылда өсірілген балық көлемі 36 есе көбейіп, 410 тоннадан 20 мыңға жетті. Бірақ мұның барлығы – қағаз жүзінде ғана. Саланы дамыту бағдарламасы бойынша игерілген қаржы 1 миллиард 160 миллион теңге. Шындығында, көптеген балық өсірушілердің айтуынша, бөлінген қаржы оларға жетпеген.  Жалған есеп жасалып, мемлекет қаржысының талан-таражға түскенін Ұлттық статистика Бюросының мәліметтерінен де аңғарылады: балық және теңіз тағамдарын тұтыну халықтың жан басына шаққанда 2020 жылы әр адамға 3,9 килограмм, 2021 жылы 4 кг болса, 2022 жылы жылына 3,7 килограмға дейін төмендеген. Енді көрсеткіштің бұдан да құлдырайтыны қисынды болжам. Қазір елде сазан, тұқы (карп) балықтарының базардағы бағасы – 1500 теңге. Бұл құс пен еттің құнына пара-пар…»

Депутаттар айтса айтқандай, балық шаруашылығы саласындағы ахуал өте күрделі. Қазір республикада ірілі-ұсақты балық өсіру питомнигі бар екен. Оның 4-еуі ғана мемлекет меншігінде. Сөйте тұра, жыл сайын 70 миллион данаға жуық олар өсіретін шабақ – тағы да сол қағаз жүзіндегі көрсеткіш. Дұрысында, уылдырық шашып, балық өсіретін осы шаруашылықтар әбден тозығы жетіп тұралаған. Мықтағанда бұлардың үштен бірі ғана жұмыс істейді, онда да өлмешінің күйін кешіп тұр. Кенеуі кеткен бұл проблемалардың түп-төркіні тозған материалдық-техникалық база, инкубациялық цехтардың технологиялық жарақтандырылуының нашарлығы, тоғандардың балдырланып, батпаққа толуынан жарамсыздығына душар еткен.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына жолданған сауалда депутаттар тағы бір күрделі жайтты көлденең тартты:

«…Тоған қорының тең жартысынан астамы шын мәнінде пайдаланылмайды. Оған себеп – судың тапшылығынан каналдар мен гидротехникалық қондырғылардың бұзылуы. Республикадағы ірі шаруашылықтар шығынға батқандықтан, ірі мемлекеттік тендерлерге қатыса алмай отыр. Қазір олар қатысып жүрген тендерлердегі ең ірі сома мөлшері 28 миллион теңгеден аспайды. Соның кесірінен балық қоры көпе-көрінеу құрып барады…»

Депутаттар бұған нақты мысал келтіріпті. Мысалы, Балқаш пен Алакөлге мүлдем балық жіберілмейді екен. Ал Қапшағай су қоймасына биыл небәрі 110 мың шабақ жіберілген. Ғылыми болжам бойынша мұнда 4,5 миллион шабақ жіберуге болады. Енді шабақ өсірушілер мемлекет тарапынан көмектің жоғына, балық жемінің жұмсалатын шығынның 30 пайызы бүркуге де жетпейтініне шағымданып жүр. Қазір республикада суға жіберілген шабақтың санын есептейтін бірде-бір машина жоқ. Демек депутаттар жыл сайынғы шабақтың санын ешкім есептемейтініне толық сенімді. Өйткені, шенеуніктер де, кәсіпкерлер де ондай техника алып, көрсеткішті нақтылауға мүдделі емес. Соның кесірінен жалған ақпар беру орын алған. Қынжыларлығы, былтырғы ақпар бойынша судың әр тамшысына зәру болып отырған Түркістан облысы 100 миллион теңге жұмсап, «шабақ өсіріпті».

Қаржыны осыншама талан-таражға салу дәл қазір мүлдем ұят жағдай. Есесіне ауыл шаруашылығы саласы мамандарының, әсіресе балық өсірушілердің көзге тамызғандай жарытусыз жалақысын өсірсе неғұрлым пайдалы іс болар еді.

Құрғақшылық пен судың есепсіз жұмсалуы Қазақстандағы су айдындарының жыл өткен сайын тартыла түсуіне әкеліп душар етті. Ал, біздің шенеуніктер ішерге су табу мұң бола бастағанда, балық санын көбейтеміз деп, уәдені үйіп-төгіп беріп жатыр. Тіпті, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті сұраныс болмағандықтан ихтиология кафедрасын жабуға мәжбүр болғанын да қаперге алмайды.

Депутаттық сауалда көрсетілгендей, биыл екінші жартыжылдықта мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындары қызметкерлерінің үштен бірінің ғана жалақысы көтерілген. Бұл небәрі 162 адам ғана.

Қалған қызметкерлердің жалақысын өсіру 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасында көзделген. Онда да ерекше еңбек жағдайы үшін жалақысына үстемеақы түрінде қарастырылыпты. Демек қызметкердің өмірі мен денсаулығына зиян келтіретін қауіп-қатер жағдайлары болуы шарт екен.

Міне, балық шаруашылығындағы осындай таңданыс туғызар дәлел-дәйектерді келтірген мәжіліс депутаттары Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға өз ұсыныстарын да білдірген:

«…AMANAT партиясының мүшесі, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі мемлекеттік балық өсіруші кәсіпорындар қызметкерлері жалақысын көтеруге жауапты тұлға ретінде, төмендегі ұсыныстарды қарастыруды сұраймыз:

1. Саланың барлық қызметкерлерінің жалақысын көтеру мүмкіндігі;

2. Балық өсіру саласын дамыту бағдарламасына өзгерістер енгізу және субсидиялауды өсіру;

3. Өзендер мен су каналдарының түбін тереңдету және тазалау жөніндегі республикалық кәсіпорын құру;

4. Көлік, соның ішінде браконьерлікпен күресу үшін жылдам қозғалатын қайықтар және суға жіберілген шабақтардың санын есептеу үшін заманға сай машиналар сатып алу;

5. Аймақтардағы балық инспекцияларының штатын көбейту және материалдық-техникалық базасын нығайту».

Әлбетте, Мәжіліс депутаттары көтерген проблемалардың әрқайсысы маңызды. Бірақ Үкімет тарапынан бұған терең мән берілсе, жеңсік асты бұрынғыдай өзіміз жеп үлгермесек те, кейінгі буынға біраз игілік қалдырарымызға үміттіміз. Мемлекет басшысының осы саланың проблемаларын қозғағандағы негізгі түйін де осыған тоқтам жасайды.

Назарбек ҚОСШИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button