
“Ақжайық” – қызғыштай қорғалуы тиіс
“Ақжайық” мемлекеттік табиғи резерваты — Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 ақпандағы №119 қаулысымен Жайық өзенінің сағасы мен Каспий теңізі жағалауында құрылған. 2009 жылдың 1 сәуірінде аталған аумақ халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлердің тізіміне енгізілді. Бұл – көлемі жағынан Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінен кейінгі, осы тізімге енген екінші қазақстандық аумақ. Ал 2014 жылы резерват ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттарының Дүниежүзілік жүйесіне қосылды.

Сондықтан «Ақжайық» резерваты орналасқан өңір ерекше қорғалуы тиіс. Солтүстік Каспий өңірін де көзден таса қылуға болмайды. Бұл аймақтың қауіпсіздігін сақтау үшін, оны ғылыми-зерттеу жұмыстарынан өзге мақсаттарда пайдаланбаған жөн. Қамысты дер кезінде шауып, жою — өрттің алдын алудың бірден-бір жолы.
Кеңес өкіметі кезінде бұл мәселеге айрықша мән берілетін. Облыс пен ауданнан келген шаруашылықтар мал азығына пішен дайындап, қамыстан тұрмысқа қажетті плиталар жасап, құрылыс материалдары ретінде пайдаланатын. Өрттің алдын алу мақсатында әр совхозға нақты аумақтар бөлініп, жаз бойы жауапты адамдар тарапынан тұрақты бақылау жүргізілетін. Мезгілі келгенде резерват аумағында бір тал қамыс қалмайтын.
Осы тәжірибені ескере отырып, қазіргі таңда заңнамаға өзгерістер енгізіп, ерекше аймақтарда арнайы жұмыстар жүргізуге мүмкіндік жасау қажет.
Бағдат САПАРОВ,
орман шаруашылығы саласының ардагері