«АМӨЗ-ге аудит жүргізу керек»

351475743 221702607318435 4388603571341444898 n Экология

Соңғы бес жылда Атырау қаласының атмосфералық бассейнінің жоғары ластану деңгейі 2 мыңнан асса, экстремалды жоғары ластанудың 300-ден астам дерегі тіркелген.

Техногенді әсермен қатар, қамыс өрті, қайраңы кеуіп кеткен Каспий теңізінен көтерілген шаң-тозаң қала тұрғындарын әбден әбігерге түсірді. Тіпті, халықтың төзімі таусылып, тарихта тұңғыш рет ұйымдасқан митингке де шықты. Ірі кәсіпорындардан қайран болмаған соң, үкіметтен бастап құзырлы құрылымдарға арыз-талап жолданды. Халықтың орынды наразылығы Президентке тікелей жетіп, тиісті органдарға проблеманы шешуге білек сыбана кірісуді тапсырды. Оны өзі қатаң бақылауға алатынын да айтқан еді.

Қоршаған ортаны қорғау күніне орай ұйымдастырылған «Экология және өнеркәсіп. қоғам игілігі жолындағы серіктестік» конференциясы соның нәтижелерінің бірі десе де болатындай. Мәселе бар және ол өте көп. Басқосуға қатысушылар жиында орынды ұсыныстар айтып, олардың жүзеге асқанын қалайтынын ашық жеткізді.

Экологиялық мәселелер – басты назарда

Өңір экологиясына қатысты күн тәртібіндегі басты мәселелер туралы ашық, бейтарап әрі сындарлы пікір алмасу, оны шешу мақсатында ұйымдастырылған шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев және «ҚазМұнайГаз» ҰК Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, жергілікті өндірістік компаниялардың өкілдері мен табиғат жанашырлары қатысты.

– Атырау өңірі өндірістік өлке болғандықтан, қоршаған ортаны қорғау және оған зиян келтірмеу мәселесі өте өзекті. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бастап Атыраудың өндірісі де қарқынды дамып келе жатыр. Басты мәселе – іске қосылып жатқан компаниялардың табиғатқа, жалпы экологияға әсері. Әрине, өндіріс орындарымен бірге жаңа технология да дамып келеді. Оны компаниялар өз қызметіне пайдалануы тиіс. Кездесуде осы және өзге де экологиялық мәселелер ортаға салынып, тиімді шешімдер қабылданады деген сенімдемін, – деп облыс әкімі Серік Шәпкенов конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Ал, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев кейбір азаматтарды, кәсіпорындар мен қоғам белсенділерін экологиялық мәселеге асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды.

– Ауа мен судың сапасы, тұрмыстық және қауіпті қалдықтардың ластануы секілді мәселелер жекелеген сипатта емес, кешенді түрде шешілуі қажет. Ол үшін саладағы цифрландыру жүйесіне көңіл бөлгім келеді. Қазір бізде бағалап, зерделеп, пәрменді шаралар жасай алатын құрал-жабдықтар бар. Мұның бәрі деректерді талдап, экологиялық жағдайды анықтайды да, шешім шығаруға көмектеседі. Менің ойымша, бірлескен жұмыстың нәтижесінде қоршаған ортаның жай-күйін жақсарта аламыз, – деп, Нұрлан Сайынұлы осы секілді форумдарды өткізудің маңызына тоқталды және оларды министрліктің қолдайтынын айтты.

Бұрынғы экология министрі ретінде саладағы, әсіресе Атырау өңіріндегі өзекті мәселелерді жақсы білетінін айтқан «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев жиынның өтуі – табиғатты пайдалану саласында мемлекет, азаматтық қоғам мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам екеніне тоқталды.

– Конференция қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті мәселелерді жергілікті деңгейде шешудің тиімді жолдарын әзірлеу алаңына айналатынына сенімдімін. Біз мәселені жоққа шығарып, жасыруға немесе «жабулы қазан» күйінде үнсіз қалдыруға тырыспаймыз. Мәселенің барын ашық мойындаймыз және бұқарамен бірге талқылауға дайынбыз. Ең бастысы, оларды шешу жолдарын тауып, жүзеге асыру. Бұған біздің бүгінгі ашық диалог алаңымыз дәлел болады, – деді компания төрағасы.

«АМӨЗ-ге аудит жүргізу керек»

Облыста мұнай-газ саласының қарқынды дамуы, өндіріс ошақтары мен олардың қуаты артқан сайын қоршаған ортаға түсетін салмақ та, өзекті экологиялық күрделі мәселелер де көбейе түскен. Өңірдің экожүйесін жақсарту бойынша кешенді жоспарлар қабылданып, бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын айтқан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов кешенді жоспар аясында негізгі экологиялық проблемалар сарапталып, нақтыланғанын айтады.

– Олардың қатарында ауа сапасы, өзен-көлдің тайыздауы және деңгейінің түсуі, сарқынды суды тазалау, қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс жүргізу, көгалдандыру қажет. Осыған байланысты, жұмыстың тиісті деңгейде атқарылуы үшін кәсіпорын басшыларымен меморандум міндеттемелері әкімдікте қайта қаралады. Облыстағы қоршаған ортаны жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар ауқымды, әлі де жасалатын жұмыстар жеткілікті. Осы бағытта, облыстағы өнеркәсіп ошақтарынан қоршаған ортаны қорғау саласына баса көңіл бөліп, экологиялық кодекс талаптары мен нормативтерін қатаң сақтауын талап етеміз, – деді Нұрлан Қойланұлы.

Басқарма басшысы «ҚазМұнайГаз» компаниясының басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке қала аумағындағы Атырау мұнай өңдеу зауытының қызметіне кешенді технологиялық аудит жүргізіп, тексеру нәтижесі негізінде зауытқа ерекше статус беру арқылы европалық стандарттарға сай келетін, ең озық қолжетімді жабдықтармен ауыстыруға тапсырма беруін сұрады. Конференция барысында «ҚазМұнайГаз» компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Серікқали Брекешев Атырау облысы бойынша көміртексіздендіру (декарбонизация) шаралары туралы айтты.

– «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2031 жылға дейін Атырау облысындағы еншілес кәсіпорындарының қызметінде көмірқышқыл газы (СО2) шығарындысын 400 мың тоннадан астам мөлшерде қысқартады. Бұл – компанияның барлық еншілес мекемелері бойынша төмендетуге болатын көміртек оксидінің үштен бірі (37%). Сонымен қатар, мұнай өңдеу зауытында отын-энергетикалық ресурстарды тұтынуды қысқарту жоспарын ұсынып отырмыз. Осылайша, кәсіпорын шығарындылары шаралар кешенінің, соның ішінде пештерді техникалық қайта жарақтандыру мен қондырғылардағы техникалық ескірген оттықтарды ауыстырудың арқасында 2023- 2027 жылдары СО2 327,8 мың тоннаға азаяды, – деді Серікқали Аманғалиұлы.

Сондай-ақ, жиында Атырау мұнай өңдеу зауыты мен «Kazakhstan Petrochemical Industries.Inc» (KPI.Inc) ЖШС-нің жаңа экологиялық жобалары туралы кеңірек сөз қозғалып, экология саласында тәжірибесі мол мамандардың ғылыми-сараптамалық ұсыныстары айтылды. Екі сессияның сұрақ-жауап кезеңінде қоғам өкілдері, эко-белсенділер мен еріктілер, эколог ғалымдар саланың жауапты өкілдеріне өздерін толғандыратын өткір сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Алқалы жиын соңында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «ҚазМұнайГаз» компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау қаласын абаттандыру бойынша ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес, Ұлттық компания Атырау аумағында үш жыл ішінде 10 мыңға жуық көшет отырғызады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз