atirau

Абаттанған Атыраудың көркі көз тартады

Жаңалықтар Шаһар шырайы Экология

Atr.kz/6 тамыз, 2019 жыл. Елорда төрінде өткен жиынның бірінде әріптесімнің: «Бұл – Астанаға алғаш келуім. Көлемі жағынан үлкендігі болмаса, Атыраудан айнымайды екен» дегені әлі есімде.

Аспанмен таласқан зәулім ғимараттары бірінен-бірі озып түсетін, жыл сайын жаңарып, жасара түскен мұнайлы өңірдің бет-бейнесі адам танымастай өзгергеніне ешкім шүбә келтіре қоймас. Жайық бойын жағалаған атыраулықтардың тұрмысы бақуатты. Тіпті, кезінде өзекті болып саналған қоқысқалдықтар мәселесі де шешімін тауып келеді. Бұл мәселені ұдайы басты назарда ұстайтын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев осы бағытта нақты тапсырмалар жүктеп, күні бүгінде жұртшылық оның игі жемісін көруде.

Аға буын жақсы біледі, ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңдерде де тонналап мұнай беріп, балық кәсіпшілігін өркендеткен өңірдің қалыптасу шағы оңай болмады. Әсіресе, егемендік алып, етек-жеңімізді жия бастаған тұста аймақ экономикасын дамытумен қатар, облыс орталығының инфрақұрылымын жақсарту мәселесі тұрды. Сол кездегі тапшылықтың әсері болар, көшелерді жарықтандыру, жолдарға асфальт төсеу, жалпы, қаланы абаттандыру шаралары кейінге қала берді.

Сөйтіп, ел арасында Атыраудың жазда – масасымен, қыста бауырмал балшығымен «атағы» шықты. Тозығы жеткен үйлер, ескі нысандар, тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтар шынымен де қаланың шырайлы келбетін бұзатын. Бірақ, бүгінде бұл жағдайлар тек өткен шақта ғана айтылатын болды.

Қазіргі таңда мұнайлы астана тәуелсіз мемлекеттің инвестициялық орталығына айналды. Алыстан көз тартатын әсем ғимараттарды айтпағанның өзінде, соңғы жылдары пайдалануға берілген жаңа нысандардың игілігін халық көруде.

Тіпті, «Атырауға гүл өспейді» деген пікір ескі стереотипке айналғалы қашан? Әнеки, сенбесеңіз, қараңыз, жайқалған жасыл желек самал желдің желпуімен қала қонақтарына иіліп сәлем беріп тұрғандай… Рас, зауыттар мен кәсіпорындар көптеп шоғырланған аймақта экология мәселесі мүлде жоқ деуге болмас. Табиғат сақшылары қолданыстағы заңдылықтарды бұзушылармен күресіп келеді. Ескертуді елемегендердің ісі сотқа жолданып, тиісті шаралары алынып отыр.

«Жыры» таусылмаған қоқысқалдықтардан тазарту проблемасы да шешімін тапқан. Еуростандартқа сай қоқыс жәшіктерінің орнатылуы, тұрмыстық қалдықтардың уақытылы жойылуы, көгалдандыру жұмыстарының ұйымдастырылуы облыс орталығына жаңаша реңк берді. Атырау қаласында коммуналдық қалдықтарды шығару «Арнаулы автобаза» ЖШС-не жүктелген.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын полигонға 90-100 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жеткізіледі екен.

Жақында іске қосылған қоқысқалдықтарды сұрыптау кешені тестілік режимде жұмыс істеуде. Мамандар оқыту курстарынан өткеннен кейін кешен толықтай іске қосылмақ. Облыстық экология департаменті мамандарының айтуынша, алғашқы жартыжылдықта 100 357 тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Оның ішінде 14,48 тоннасы картон, макулатура және басқа да қағаз қалдықтар шығарылған. 1977 жылы пайдалануға берілген полигонның аумағы 35 гектарды құрайды.

Қазір ескірген нысан экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейді. Оның үстіне, қалдықтардың бықсып, өртенуі атмосфералық ауаның бүлінуіне әкеп соқты. Полигонға жеткен «шикізаттың» сұрыпталмайтыны тағы бар. Тұрғындардың қаладағы жағымсыз иіске жиі шағымдануының да негізгі салдары осы еді. Сөйтіп, шаһарға жаңа полигонның қажеттілігі анық сезіле бастады. Маңызды мәселені жіті назарына алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев оның түбегейлі шешімін табуына баса көңіл бөлді.

Айтқандай-ақ, Атырау-Астрахан тас жолы бойында қаладан 18 шақырым қашықтықта орналасатын жаңа нысанның бүгінде
жобасы жасақталған. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлмінің мәліметінше, болашақ полигонның жобасын «Полигран» ЖШС ұсынған. Соған сәйкес, жаңа полигон 50 гектар аумақты қамтымақ. Қазір жоба оң қорытынды алу үшін мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Өткен жылы «Квадрат» және «Тухлая Балка» атанып кеткен булану алаңдарын рекультивациялау жайы қозғалды. Ол үшін кәріздік тазалау стансалары іске қосылмақшы. Жайықтың Самар бетінде күрделі реконструкция, Бұқар бетінде жаңа кешен құрылысы жүргізілмек.

Былайша айтқанда, айдындарға жиналған лай алынып, химиялық-биологиялық тазартудан соң таза су болып сол көлшіктерге қайта құйылмақ. Кәріздік судың бәрі осы процесстен өтеді деп күтілуде. Ал, келешекте оның айналасы шағын тоғайға айналуы тиіс деп жобаланып отыр. Жоба қазір сараптамадан өтуде.

Эколог мамандардың айтуынша, сең қозғалып, бұған дейін «жабық» тақырып болып келген күрделі проблема біртіндеп шешімін тапқандай. Өзіміз де жиі байқап жүргеніміздей, қазір атыраулықтар арасында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап шығару мәдениеті қалыптасып келеді. Әр ықшамаудандардағы қоқыс жинайтын контейнерлер қасына арнайы пластик бөтелкелерді жинайтын жәшіктер орнатыла бастады.

Аймақта бұрын-соңды болмаған жобаны жеке кәсіпкер Әзілхан Байбатыров ұсынды. Экологиялық жағынан тиімді әрі жаңа өнімге шикізат көзі бола алатын бастаманы ұсынған ол қалдықтарға «екінші өмір» «сыйлауға» жұмыстанды. Турасын айтқанда, өркениетті елдердегідей пластиктен табиғатқа төзімді құрылыс материалдарын шығаруды қолға алды. Жоба жүзеге асса, оның табысынан бұрын қоршаған ортаны қорғауға әсері мол болары сөзсіз.

– Тұрмыстық қалдықтардың ауаға да зияны шашетектен екенін жақсы білеміз. Бұл жоба ең алдымен, біздің табиғатқа деген қамқорлығымыз болса керек. Әрине, бұдан пайда табу қиынырақ.
Өйткені, алдымен пластик қалдықтарды жинақтау, кейін оны сұрыптап, қайта өңдеу қажет. Содан соң ғана жаңа өнім шығара аламыз. Ал, пластиктен жасалған құрылыс материалдарының сапасы өзгелерден артық болмаса кем түспейді, – деді «Эко пластик» ЖШС директоры Әзілхан Байбатыров.

Біле білсеңіз, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау мәселесі мемлекет деңгейінде көтеріліп отыр. Осыдан үш жыл бұрын Экологиялық кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, биылдан бастап полигондарға пластик, пластмасса, қағаз қалдықтары, макулатура қабылданбайды. Заңдылыққа сай, 2021 жылдан құрылыс материалдарының қалдықтарын жеткізуге де рұқсат етілмейді. Ал, аталмыш заңның 292-бабында атап көрсетілгендей, тұрмыстық қалдықтарды шығаруда экологиялық талаптардың сақталуымен жергілікті атқарушы органдар айналысуы тиіс.

– Құзырлы органдармен бірлесіп рейдтерге шығып тұрамыз. Нәтижесі жоқ емес. Қаламызды таза күйінде сақтау үшін тазалық мәдениетін қалыптастыру қажет. Бұл үшін мектеп партасында отырған оқушылар арасында бейнероликтер көрсетіп, қоқыс-қалдықтарды кез келген жерге лақтыруға болмайтынын тереңірек түсіндіруіміз керек. Мұндай жоба еліміздің кейбір қалаларында қолданысқа енді. Бізде де кейінгі ұрпақты үйрету жайы назардан тыс қалмауы тиіс, – дейді Атырау облыстық экология департаменті мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Әйгерім Тоғайбай.

Эколог мамандар түйінді мәселенің түйінін тарқату үшін қаладан 15 километр қашықтықтан жаңа полигон салуға, ескі полигонды рекультивациялауға, қалдық түрлеріне бөлек жәшіктер қондыруға, тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны маңында қайта өңдеу цехтарына жер учаскелерін бөлуге, бұл аумақтарды қоршауға алуға, сервистік қызметтерді тиімді бағамен көрсетуге ұсыныс жасады.

– Бұл ұсыныс кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жыл сайын полигонды «ұстауға» бюджеттен бөлінетін қаражатты үнемдеуге тиімді, – дейді А.Тоғайбай.

ТҮЙІН

Иә, аймақта қоршаған ортаның тазалығын сақтауға, тұрмыстық қалдықтардан дер кезінде тазартып отыру бағытында жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Әрине, барлық істі билікке жүктеу де дұрыс емес. Бастысы, тазалық өзімізден басталуы тиіс.

Айбөпе САБЫРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған