АЭС: қауіпсіздік пен кепілдік
6 қазан күні елімізде атом электр стансасын салуға қатысты жалпыхалықтық референдум өтетіні белгілі. Жалпы, АЭС құрылысы Қазақстанға қаншалықты қажет? Оның қоршаған ортаға, климатқа әсері қандай? Елімізде энергия көзі қаншалықты тапшы? Қазір аталған сауалдар төңірегінде зиялы қауым өкілдері мен сала мамандары, қоғам белсенділері өздерінің зерделеп, зерттеп, топшылаған пікірлерін де қызу білдіруде.
Ақпараттандыру деңгейін арттыру қажет
Жаһандық энергия тапшылығының өсуі атом энергетикасын дамытуды талап етіп отырғаны сөзсіз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында бұл туралы былай деген еді: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын».
Университет ғалымдары «АЭС-тың экологияға әсері», «Қазақстанға АЭС қажет пе?», «Қазақстанның энергетикалық секторының болашағы: АЭС құрылысы – елдің тұрақты экономикалық дамуы мен экологиялық қауіпсіздігінің кепілі» және «Қазақстанда АЭС салудың баламасы жоқ» туралы баяндамалар да оқылуда. Сонымен қатар сарапшылар атом энергетикасының тиімділігі мен экологиялық аспектілерін теңдестіре отырып дамыту маңызды екенін атап айтуда. Сондай-ақ, экологиялық талаптарды қатаң сақтау мен халық арасында ақпараттандыру деңгейін арттыру қажеттігі де қалыс қалып жатқан жоқ.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Ринат Ысқақовтың айтуынша, тәулігіне 1 г уранның немесе плутонийдің ыдырауы шамамен 1 МВТ бөледі. Бұл 3 тонна көмірдің энергетикалық баламасына тең. Сондықтан уран арқылы қызмет атқаратын АЭС-тің артықшылығын қарапайым адамның өзі бірден ұғынар еді.
–Елімізде АЭС салынған жағдайда энергия қоры көбейіп қана қоймайды, оның айналасында бизнес мүмкіндіктері кеңейеді. Әсіресе, медициналық көмек көрсету деңгейін арттыратын, жаңа емханалар мен ауруханалар салып, балалар білім беру мекемелері мен орталықтар ашуға жағдай туады. Жоғары технология, жоғары инженерлік білім, жаңа тексеру қызметтері мен іскер саяхатшыларға арналған қонақ үй бизнесі мен жол көлігі қызметтері және жол құрылысын дамытуға мол мүмкіндік туады, — деді Р.Ысқақов.
Энергия тапшылығы өткір мәселе
Қазақстанда электр қуатының тапшылығы мәселесі күннен-күнге өткір болып бара жатқаны рас. Мәселен, 2022 жылы электр энергиясының тапшылығы 8 айда тіркелді. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, электр энергиясын өндіру 112,86 млрд кВт⋅сағ құраса, 2021 жылмен салыстырғанда 1,4% аздығын көрсетті. Сонымен қатар республика тапшылықты біршама жоғары бағамен Ресейден алуға мәжбүр. Тапшылық тәулігіне 1200 МВт-қа жетеді. Сарапшылар мұны тұтынудың артуы, тозуы және энергетикалық инфрақұрылымның апаттылығының жоғары болуымен байланыстырады. Ал, бүгінгі күні жылдан-жылға халық санының артуы, жаңа тұрғын үйлердің қатарласа бой көтеруі мен өнеркәсіптің дамуы электр энергиясын тұтынушылардың қатарын өсіріп отыр. Бүгінде елдегі энергия тапшылығы – 1,3 ГВт. Бұл аталған елдік мәселеден жастар да хабардар. Аталған білім ордасының IV курс студенті Даниал Нариманұлы елдегі электр энергиясының тапшылығы жөнінде егжей-тегжей әңгімелеп берді.
–Жалпы электр стансаларының өзі жылу электр орталығы (ЖЭО), атом электр стансасы (АЭС), су эектр стансасы (СЭС), күн электр стансасы (КЭС) және жел электр стансасы (ЖЭС) болып бөлінеді. Осылардың ішінде елімізде АЭС салу елдегі электр энергиясының тапшылығынан туындап отырған күрделі мәселе. Қазірдің өзінде Қазақстанның 5 қаласында энергетикалық жабдықтар 80 пайызға тозған. Оның ішінде, ЖЭО негізгі жабдықтарының орташа тозуы – 66 пайызды құрайды. Орал, Тараз, Кентау, Қызылорда және Степногорск қалаларында ЖЭО энергия жабдықтарының тіпті 80 пайыздан астамының тозығы жеткен. Генерациядағы ағымдағы тозу деңгейі ЖЭС және ГЭС (жоқЖЭК есебінде) шамамен 57,5 пайызды, ал ЖЭО жабдығының орташа тозуы 66 пайызды құрайды. Сондай-ақ, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда технологиялық желілердегі бұзушылықтар көрсеткіші де өскен. Сондықтан Қазақстанда атом электр стансасын салу ауадай қажет. Мұның ең алдымен экономиканы оңтайландыруға әсері мол. Энергетикалық қауіпсіздік орнап, экологиялық байланыс та арта түседі, — деді болашақ инженер-эколог.
Оның айтуынша, аталған станса салу қауіпсіздігі алдын ала жан-жақты ойластырмаған жағдайда экологиялық мәселе оның ішінде, қалдықтарды жою проблемасы туындауы әбден мүмкін. Сонымен қатар, Балқаш көлінің тартылуына әкелуі де ғажап емес.
«Атом» десе ат-тонын ала қашады
Иә, шындығында халық әлі де екіұдай пікірде. Өйткені қазақ халқы ғана емес бүкіл әлем «атом» сөзінен әбден үрейленіп қалғалы қашан. Оған екінші дүниежүзілік соғыста атом қаруынан қырылған жапон, одан қала берсе келмеске кеткен кеңес өкіметі кезіндегі талай жанның жанын жалмаған Чернобыльдағы жарылыс себеп. Сондай-ақ Семей полигоны жұртшылықты сескендіріп тастады. Осылай біз атом сөзінің көбіне қауіпті жағын ғана білеміз. Ал, екінші жағы – энергия көзі тұрғысынан қарағанда, оның әлдеқайда қауіпсіз екенін, үш ұйықтасаңыз да түсіңізге кірмейтін өнімді энергия қайнары екенін біле бермейтініміз рас. Сондықтан оның ең алдымен аражігін ажырата білген абзал. АЭС не үшін қажет болғанын ғылыми түрде зерттеп көргеніміз де дұрыс.
Бүгінде ғалымдар да оған екі жақты қарап, сапа мен қауіпсіздік қатаң ескерілу қажеттігін түсіндіріп, АЭС салудың ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды. Мәселен, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің геоэкология зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Дәурен Құлбатыров АЭС салудың оң және теріс аспектілері туралы былай дейді:
–АЭС әсіресе климаттың өзгеруіне қарсы күрес, тұрақты және сенімді энергиямен қамтамасыз ету қажеттілігі тұрғысынан Қазақстанның энергетикалық стратегиясының маңызды бөлігі саналады. Дегенмен, мұндай жобалардың экологиялық және экономикалық пайдасын барынша арттыру үшін ықтимал тәуекелдерді ескеру және мұқият басқару маңызды, — деді ол.
Спикердің айтуынша, АЭС пайдалы жағына біріншіден, көміртегі шығарындыларын азайту яғни, аза энергия: АЭС CO₂ және басқа парниктік газдардың айтарлықтай шығарындыларынсыз электр энергиясын өндіреді. Бұл атмосфераның жалпы ластану деңгейін төмендетуге және климаттың өзгеруімен күресуге көмектеседі.
Екіншіден, қазба отындарына тәуелділіктің төмендейді. Аз ластаушы көздер: атом энергиясын пайдалану көмірге, мұнайға және газға деген қажеттілікті азайтады, бұл қазба отындарының жануынан болатын ауаның ластануын азайтады. Үшіншіден, энергетикалық қауіпсіздік және тәуелсіздік. Қазақстанда атом энергетикасында қолданылатын уранның едәуір қоры бар. Бұл жергілікті ресурстарды тиімдірек пайдалануға ықпал етеді және энергия импортына тәуелділікті азайтады.
Төртіншіден, беріктік пен сенімділік. Тұрақты энергия өндірісі, АЭС тұрақты және сенімді электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете отырып, ұзақ жылдар бойы жұмыс істей алады. Бұл перспективада экологияға айтарлықтай зиян келтірместен өмір сүру сапасын жақсартуға және экономикалық дамуға ықпал етеді.
Бесіншіден, технологиялық инновациялар. Заманауи технологиялар, заманауи АЭС қоршаған ортаға ықтимал теріс әсерді барынша азайтатын озық қауіпсіздік және экологиялық бақылау жүйелерімен жабдықталады. Мысалы, реакторлардың жаңа түрлері жақсартылған қауіпсіздік стандарттары мен аз қалдықтарды ескере отырып жасалады.
Осы және өзге де АЭС салудың артықшылықтары мен радиациялық ластану қаупі, радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату, су ресурстарына әсері, қоршаған ортаға қауіптер, инфрақұрылым мәселелері теріс аспектілері жуырда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде өткен «дөңгелек үстелде» де айтылған болатын. Іс-шараға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, ғалымдар мен студенттер қатысып, әсіресе АЭС құрылысы кезіндегі экологиялық қауіпсіздік мәселесіне маңыз берді. Атом энергетикасының болашағы мен халықаралық тәжірибеге сүйенген мысалдары да қамтылды.
Қазір қоғамда АЭС құрылысы мен оның экологиялық аспектілерін ескере отырып, еліміз үшін қауіпсіз әрі экологиялық тұрақты шешімдерді іздестіруді жалғастыру туралы ұсыныстар да әзірленуде. Ең бастысы қауіпсіз АЭС құрылысын салуда көпшіліктің алға қойған ұсыныстары ескерілгені ләзім.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Сурет: smartnews.kz