30-астам белсенді Жайық өзенінің жағалауын тазалады

20210925 100741 scaled Экология

Жыл сайын облыста көктемгі және күзгі тазалық, көркейту және көгалдандыру екі айлығы ұйымдастырылатыны белгілі. Оның аясында Атырау қаласында да жоспарлы шаралар жүзеге асырылып, сенбіліктер өткізілуде. Бұл шараларға жекелеген еңбек ұжымдары да белсенді атсалысуда.

Осылайша, кешегі сенбіде «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л. – Офшор» компаниясының Атырау қаласындағы филиалының ұйытқы болуымен «Таза жағалау» акциясы жалғасын тапты. Қайыршақты ауылдық округіне қарасты Талғайраң елді мекенінің тұсындағы Жайық өзенінің жағалауын жинақталып қалған қалдықтар мен қалдықтардан тазарту жұмыстарына 30-дан  астам адам (еріктілер) қатысты. 

Басты мақсаты – жергілікті тұрғындардың экологиялық тәрбиесі мен мәдениетін көтеру, өңіріміздегі бірден-бір табиғи су айдыны болып табылатын Жайық өзені жағалауында тазалықты сақтауға үндеу болып табылатын осындай шараны жыл сайын өткізіп келеміз. Жалпы алғанда, қоршаған ортаны қорғау, оған қамқоршы болу, әрдайым табиғатпен уйлесімділікте болу – біздің әрқайсымыздың міндетіміз, азаматтық борышымызға айналуы тиіс. Сол себепті, жылына бірнеше мәрте осындай акциялар өткізуді қалыпты үрдіске, игі дәстүрге айналдырдық, – дейді аталмыш компанияның өкілі Орақ Бисембиев.

Оның айтуынша, тазалық жұмыстарына қатысушылардың арасында осында еңбек ететін шетелдіктер – өзге этнос өкілдері де көптеп саналады. Тұтастай алғанда, бұл күні тазалықпен қамтылған аумақтан 4 тонна қоқыс шығарылған. Адамдардан бөлек, акцияға компанияның, қалаберді, «Арнаулы көлік базасы» ЖШС-нің көлік техникалары жұмылдырылған. Болашақта мұндай шараларды қалаға қарасты өзге де ауылдық округтердің аумағында өткізу жоспарланған.

Шапхат ҚАЛИЕВ, Қайыршақты ауылдық округінің әкімі:

–Атырау қаласына қарайтын ауылдық елді мекендердің арасында біздің округтің аумағы үлкен, тұрғындарының саны да көп. Халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардан бөлек, өндіріс орындары да аз емес. Өкінішке қарай, олардың бәрінің бірдей өздері ауасын жұтып, суын ішіп, топырағын басып отырған жердің тазалығы мен табиғатына, айнала қоршаған ортаға жанашырлық таныта бермейтіні ащы да болса шындық. Сондықтан да, «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг & Прокьюрмент С.А.Л. – Офшор» компаниясының бастамасын басқаларына тәлім алар сабақ, үлгі етерліктей өнеге ретінде бағаласақ артық болмас еді.

img 4093

Д.Аруев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз