
Экологиялық сана кәсіби тәжірибеден басталады
Бүгін, 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің «Экология» мамандығында білім алып жатқан студенттерге арналған танымдық экскурсия өтті. Жиын барысында студенттер Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, кәсіпорынның өндірістік үдерістерімен және экологиялық қауіпсіздік шараларымен жақын танысты.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, экскурсия барысында студенттерге зауытта қоршаған ортаны қорғауға бағытталған іс-шаралар, заманауи экологиялық құрылғылар, тазарту жүйелері мен мониторинг әдістері көрсетілді. Сонымен қатар өндіріс мамандары студенттермен тәжірибе алмасып, тұрақты даму және экология саласындағы кәсіби бағыттар туралы кең көлемде ақпарат берді.
– Мұндай кездесулер жас мамандарға болашақ мамандығын тереңірек түсінуге, алған теориялық білімдерін нақты өндірістік жағдайда ұштастыруға мүмкіндік береді, – дейді аталған департаменттің баспасөз хатшысы Эльнара Оралова.
Айта кету керек, бұл іс-шараның басты мақсаты – экология саласындағы болашақ мамандардың тәжірибелік білімін арттыру, олардың экологиялық сана-сезімін қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау саласына деген қызығушылықты нығайту.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ